Жаңалықтар

Тергеу-криминалистік оқу орталығына Нұрлан Рахымберлиннің есімі берілді

Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу-криминалистік оқу орталығына полиция генерал-майоры Нұрлан Рахымберлиннің есімін беру құрметіне арналған салтанатты шарасы өтті.

 

Генерал Рахымберлин білімі мен еңбекқорлығының арқасында Қарағанды облысының ғана емес, еліміз бойынша тергеу саласына үлкен із қалдырған тұлға.

Шараға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, жас қызметкерлер және Нұрлан Армияұлының қызы және немересі қатысты. Алдымен оқу-жаттығу полигонының алдындағы қызыл лентаны кесу рәсімін облыстың полиция департамент бастығы Санжар Әділов пен Нұрлан Рахымберлиннің қызы – Әсел Рахымберлина кесті.

Полиция генерал-майоры Нұрлан Армияұлының атына берілген оқу орталығында марқұмның құрметіне арналған естелік бұрышы ашылып, оның өмір жолы мен ішкі істер органдарына қызметке тұрып, Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы болғанға дейінгі қызмет жолынан сыр шертетін естеліктер жазылған стендтер ілінді.

 

Шараға генерал-майор Нұрлан Армияұлының тәлімгері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құрметті ардагері Амангелді Бекжанов қатысты.

Жиын соңында марқұм Нұрлан Рахымберлиннің қызы Әсел Рахымберлина департамент басшылығы мен жеке құрамына әкесін еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарына алғысын білдірді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button