«Терең еді теңіздің түбін кешкен…»
Ақын, журналист Сәбит Бексейіттің туғанына – 75 жыл

Сынаптай сырғып жатқан ұшқыр уақытқа не дауа бар екен?
Қарымды қаламгер, арқалы ақын Сәбит Бексейіт ағамыздың өмірден өткеніне де бақандай 5 жыл болыпты.
Арамызда аман жүргенде Сәбең биылғы жылдың осы ақпан айында 75 жасқа келіп, думандатып жүрер еді.
Амал нешік, оған жазбады. Сәбең 70 жасына жетуіне 20 күн қалғанда, өмірдегі серуен сапарын аяқтап, Жер-бесіктегі мәңгілік мекеніне жатты.
Ол біздің алдымыздағы аға буынның өкілі еді. Ардақты Нұрмахан Оразбеков ағамыз бас редактор болған кезеңде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қатар қызмет атқардық.
Қаламы жүрдек журналист болды Сәбең. Елдегі маңызды оқиғаларды ақындық сезімтал жүрегімен сергек қабылдап, іле үн қатып жүретін.
…Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы еді. Оған да енді бірталай жылдар өтіп кетті.
Бірде Александр Солженицын деген орыстың бір оңбаған жазушысы Ресейдің орталық басылымдарының бірінде «Ресейді қалай орналастырамыз?» деген аты-шулы сандырақ мақаласын жариялады. Сонда ол сақалы сапсиып, Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейдің қарамағына беру керек деген шовинистік пиғылын ашықтан ашық жазды. Оны Ресей газеті сол қалпында жариялап жіберді. Бұл барып тұрған арандатушылық еді!
Қазақ елінің ішінде бұған орынды наразылықтар айтыла бастады. Сонда Қарағанды өңірінде бұған алғашқы болып ашық қарсылық білдірген Сәбит Бексейіт ағамыз еді. Сол мақала шыққан күннің ертеңінде «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде Сәбеңнің «Солженицын, жер иесі сен бе едің?» деген отты өлеңі жарқ ете қалды.
Жүзеге аспас деп білемін ой харам,
Ата жаудың шабуылын тойтарам.
Қызыл сөзге дес бермеген қазағым,
Уды умен, оқты оқпен қайтарам.
Басқыншылық қара күш пе сенгенің,
Ен байлыққа толмады ма шеңгелің?
Қазақ жерін тастайтындай бөлшектеп,
Ей, қаскүнем! Жер иесі сен бе едің?-деп ақ алмастай жарқылдады Сәбит ақын.
Сәбең нағыз еңбектің торысы болатын. Тапсырылған іске тиянақты, жұмысына тыңғылықты азамат еді.
Баладай елпілдеген ақкөңіл адам болды. Отырған ортасын ду-думанға бөлеп, әзіл-қалжыңы аралас әңгімелерге қарық қылып жүретін.
Қу тірлікте қысқа жіптің күрмеуін келтіре алмай, көп адамдар банк кредитінің қара қамытын мойындарына артып алғаны рас қой. Тіпті, кей адамдарда 3-4 кредиттен бар.
Бұл жағдай Сәбеңді де айналып өтпеді. Кезекті кітабын шығаруға, немерелерін оқытуға амалсыздан кредит алуға мәжбүр болғанын көзім көрді. Сонда күйініп отырып:
– Кредит! Кредитке кіреді ит!-деп налығанын көріп едім.
Сәбең жалындаған 20 жасында қазақ әдебиетіне от-өрім қалпымен екпіндей кірген алымды азамат еді. Сол кезеңде республикалық «Жалын» альманахында суретімен бірге топтама өлеңдері жарқ ете қалды. Ал ол заманда жас қаламгерлер үшін «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына шығу деген аспандағы Айға қол жеткізумен пара-пар болатын.
Сол жалындаған жас шағында Сәбеңнің белгілі ақын Шөмішбай Сариевке айтқан:
– Біздің қазақ поэзиясына сен сияқты шөміш емес, қуатты ковш керек!-деген қанатты сөзі қаламгерлер арасына кеңінен тарап кеткен көрінеді. Ал Шөкең осыдан кейін Сәбеңді көре қалса, айналып өтетін болыпты…
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев өмірден өткен күні өз еркімен арыз жазып, жұмыстан шығып кеткен де осы Сәбит Бексейіт ағамыз. Бұл – ақындық мінез!
Сәбең әдеби ортадан шетқақпайлау қалып, ұзақ жылдар бойы томаға-тұйық ғұмыр кешті. Жасыратын несі бар, кейбір күйкі адамдардың ұсақ пенделігінің салдарынан өзі жүретін ортадан көбінесе сырт қалып қойды.
Ол өзінің атына айтылатын жылы сөзге зәру болды. Көзі тірісінде мемлекеттік тапсырыспен бірер кітабы ғана жарық көрді. Өзінің тесік қалтасынан төлеп, отбасының аузынан жырып жүріп, өз қаражатына бірнеше кітаптар шығарды. Сол кітаптары жарық көргенде, баладай қуанатын еді. Ағалық адал көңілімен кітабына қолтаңбасын жазып беріп отырып:
– Кейін мен туралы естелік жазарсың. Сонда саған керек болады. Ағаңнан ескерткіш белгі болсын!-деп отырушы еді. Айтқаны айнадай келді…
Сәбеңмен «Қарағанды облысы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінде бірнеше жыл бірге қызмет атқардық. Мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік тілдің босағадағы басын төрге шығаруға үлкен үлес қосқан ардагер азамат еді. Осы мылтықсыз майдан барысында жалаң қолымен оқ пен отқа қарсы шапқан жанкештілігіне бірнеше мәрте куә болдым. Қандай алапат айтыс-тартыс болса да, ақыр соңында Сәбеңдікі дұрыс болып шығатын еді.
Сәбең зейнет демалысына шыққан соң да біздің байланысымыз үзілмеді. Телефон мен электронды пошта арқылы хал-жағдай сұрасып, хат-хабар алмасып отырдық. Оның барлығы менің жеке мұрағатымда сары майдай сақтаулы келе жатыр.
Сәбеңнің өзі жете алмай кеткен 70 жылдық мерейтойының құрметіне Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің қара-шаңырағы «Орталық Қазақстан» газеті бір бет материал берілетін болды.
Тірлігінде өзі туралы жылы пейіл мен лебізге жарымай өткен марқұм Сәбит Бексейіттің тым болмаса аруағы риза болсын деген ниетпен осы материалдар топтамасын даярлауды қолға алдым. Соған байланысты марқұм Сәбит досына арнау өлең жазу туралы Алаштың айтулы ақыны, Сәбеңнің студент кезінен сырлас серігі болған Абзал Бөкен ағаға қолқа салдым.
– Жақсы. Айтқаныңдай болады, бауырым! -деп бірден жайылып түсті ардақты Абзал ағам.
Ертеңінде электронды поштама ақын Абзал Бөкеннің Сәбит досына арнау өлеңі келіп түсті. Бұл өлеңді Абзал ақын қара сиямен емес, жүректің ыстық қанымен жазған екен!
Бары-жоғы өтсе де білінбестен,
Жігіт осы кетпейтін түбінде естен.
Берен еді биіктің басын шалған,
Терең еді теңіздің түбін кешкен.
Көкке өрлеген көңілі қарағай, – деп,
Қадіріне жетті ме жағалай көп.
Баладай, – деп жүруші ең.
«Балаңыздың»
орнын қара ойылған даладай боп.
Дертін айтып ешкімге
шағынбады,
Өртін айтып өзегі қабынбады.
Төзім еді.
Төгілген сезім еді.
Бозым еді бәйгедей
бабындағы.
Жары қалды түн бұлап, таң
жылаған,
Бәрі қалды… қағаз бен қалды
қалам.
Кете барды.
Кетерін, тым болмаса,
Көпке «бұлдай» алмаған
жалғыз адам.
Тұрғанында жақсысын ұғар
халқым,
Ажал жыға алмайды жығамды
алтын.
«Сәбит кетті» дегенге
сенбейді жұрт,
Жұрт білгір ғой.
Кетпеген шығар, бәлкім?-деп ақтарылыпты Абзал ақын.
Сәбеңнің өзі өмірден өтсе де, соңында сөзі қалды. Сөреде ондаған кітаптары қалды. Демек, ақын Сәбит Бексейіт арамыздан кеткен жоқ!
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
ҚАРАҒАНДЫ