“Тепсіне келгенде, тең атаның ұлымын”
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Әуелде дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деген аңсар, арманның бүгінде көкжиегі көрініп қалғанын өзіміз түгілі өзге жұрт та аңғарса керек. «Тепсінісіп келгенде, тең атаның ұлымын» деген бабалар сөзі тегін айтылмаған. Қазіргі таңда ең маңыздысы – жас ұрпақты үрейленуден сақтандыру, рухани тұрғыда ұлттық намысты ояту.
Осы орайда, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміз үшін үлкен рухани серпіліс әкелгенін айта кетуіміз керек. Жалпы, адамзат өркениетінің өрісі Қазақияның Ұлы Даласынан бастау алғандығын меңзейді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» деп атап өтеді.
Ендігі жерде «мақала мәнді» екен деп тамсанып отыра бермей, осында айтылған көкейкесті мәселелерді қолға алып, рухани қажеттіліктің өтеуіне айналдыру қажет. Бір ғана мысал, осы мақала жарыққа шыққаннан кейін Астанада өткен айтыста ақындар бір-бір сәйгүлікке мініп келді. Қолдарында қыран бүркіт, соңдарында құмай тазы. Мұны көрген елдің рухы дүр сілкінді. «Жүйрік ат, құмай тазы, берен мылтық…» деп Ұлы Даланың сақи болмысын суреттеген бабалар аманаты бір сәтте көз алдымызда көлбеңдеп өткендей! Жетісудың алмасы мен қырдың қызғалдағын Елбасы сөзге тегін тиек етіп отырған жоқ. «Біреудің қаңсығына таңсық» бола берме елім, сенің бабаң алтыннан сауыт, құндыздан бөрік, жібектен шапан киген, еңсеңді көтер, есеңді жіберме!» деген берен ойлар жатыр мұнда. Мәселен «… Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды…» деген Елбасы ойлары осыны аңғартады.
Патшалық Ресей мен кеңестік империяның екі ғасырлық отарлауында болып, бұратана, жабайы халық ретінде көзге түрткі болған көшпелі жұрттың көшелі ұлттар санатынан ойып тұрып өз орнын алатын уақыты жетті. Қойнауында қазына, құты, тасында тарихы тұнып тұрған ежелгі Жібек жолы бойындағы Ұлы Даланың жеті қыры жеті жұртқа жететін қасиетке толы. Тек, сол қасиетіміздің қадірін әлемге әйгілейтін кез келді.
Нұртілеу СИЯЗБАЕВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.