Теміржол: оқыс оқиға алаңдатады
Адам бүгін қаннен-қаперсіз. Әсіресе, жол бойындағы немкеттілік сырттай бақылаушыға үрей ұялатады. Жадырап жаз шығысымен, төтенше жағдайға өкілетті мекемелер «Оттан, судан аман бол!» деген рәуішті ескертпелерін айта да, жаза да бастайды. Дәл осы қатарға теміржол бойындағы қауіпсіздік шараларын да жатқызуға болады. Пенде біткеннің әр тарапқа жүріс-тұрысы көбейген шақта, қауіпсіздікке зейін салған пайдалы. Анығында денсаулық тек өзіңізге ғана қажет нығмет екенін естен шығармаған абзал. Кейінгі кезде шойынжол бойындағы бала өлімі азаймай тұр…
Қарағанөзек қара жамылдырмас үшін
Қарағанды қаласының үлкен Михайлов атанған бөлігіндегі бұл теміржол бекеті талайдың есінде. Бұрынырақта бұл маңайда небәрі 1000-ға жетер-жетпес жан болған болса, бүгінде тұрғын саны 3 мыңнан асып жығылған. Бұл арадағы халық санының артуына тұрғын үй бағасының төмендігі мен теміржол бойындағы жұмыс әсер етсе керек. Сәйкесінше, теміржол бойындағы жүріс-тұрыс та молайған. Соңғы жылдар мұғдарында бұл арада жазатайым оқиғалар саны күрт өскен. «Бұл шойынжол бойындағы көпірдің жоқтығынан» деп келтесінен қайырады жергілікті жұрт. Рельстер арқылы өтетін жаяу жүргіншілер төсемі қауіпсіздікке кепіл емес. Оның өзі пойыздар жақындағанда қоршаулы тұрады. Шаруасымен шыққан жүргіншілер еріксіз байыз тапқан вагондардың астымен өтуге мәжбүр. Арғы жағы айтпаса да түсінікті… Аталған станция кешегі кеңес дәуірінде жасақталғанын ескерсек, бүгінгі күні бекетті заманауи қалыпқа келтіру қажеттігі қылаңытады. Алайда, бөлінер қаражаттың кемшіндігі мұндағы тұрмыс сапасын бірден оңалтпайды.
– Сайып келгенде бұл теміржол бекеті о баста небәрі 57 вагонды локомотивке шақталған. Сыйымдылығы 4 500 тонна еді. Бүгінде пойыз жаңарып, вагон саны да көбейді. Оның сыйымдылығы 6000 тоннаға жетеғабыл. Вагон саны 80-ге жуықтады. Әлбетте, осының бәрі қарапайым қауіпсіздік қағидаларына қайшы келіп жатады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жер үсті көпірінің салынуына мүдделі болдық. Енді, міне, жобалау құжаттары даярланып, көпірдің қазығы қағылды. Жыл соңына дейін аспалы көпір қолданысқа беріліп қалады деген жорамалымыз бар. Көпір заманауи лифтілермен жабдықталады, – дейді Қарағанөзек станциясы бастығының орынбасары Талғат Иқсанов.
Рельс баспалдақ емес
Жол қатаң тәртіпті талап ететіндігін бәрі біледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабына сәйкес, рұқсат етілмеген жерде теміржолдан өткен жүргіншіге алдымен жол ережесін бұзбау қажеттігі турасында ескертіледі. Екінші мәртесінде тәртіп бұзушы үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бірақ, бүгінгі жолаушы мұндай айыппұлдан «қорқа» қоймайды. Өйткені, талап етпес бұрын, оған жолдың өзі сай болмақ ләзім. Жолаушылар жүруге тиісті жерден бөлек теміржол көлігі аумағындағы нысандарда жүріп-тұруға тыйым салынады. Вагондарға көтерілуге тыйым салынады.
Өкінішке орай, ресми статистика мәліметі өңірде жыл сайын теміржол бойында адамды тоқ ұрған екі-үш жайттың үнемі қайталанатынын айғақтауда. Мәселен, 2019 жылы бір жасөспірім пойыз вагонына өрмелеп, жоғарғы кернеулі тоқтан жан тапсырған оқыс оқиға бәрінің есінде. 2021 жылы 13 жастағы бала вагонға шығып, электр тоғынан зардап шекті. Салдарынан денесінің 50%-ынан астамын күйік шалған. Биыл 7 мамырда 15 жастағы жеткіншек рельстің бойындағы тоқ кернеуіне ұрынды.
Теміржолдың бала біткенді магнитше тартатын сиқыры бар. Әлбетте, ойын баласы «жол жүріп келмек» болып, вагонға жармасатыны көзге қалыпты үрдіс болып көрінгенімен, қатерлі екендігін қаперден шығармағанымыз дұрыс.
Жалпылай алғанда, Қарағанды аумағы электрлендірілген. Яғни, шойынжолдың барлығы дерлік электр байланыс сымымен жабдықталған. Әр байланыс сымында 27 мың вольт қуат бар. Үйдегі тоқ көлемі 220 вольттің өзі адам өлтірерлік қуаты бар болса, 27 мың вольттың дәреметін шамалай беріңіз. Оның бағытталған кернеуі кемінде екі метр алшақтықтан соғады.
Бір селфидің құны
15 шілде кешке таман Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің кезекшілік қосынына Қарағанды-Жолаушылар бекетіндегі пойыз диспетчерінен дабыл хабарламасы қабылданды. Бұл үшінші жолда жүк пойызының жабық вагонының төбесінде белгісіз адамның өртенгені туралы суыт хабар еді.
Оқыс оқиға орнына жедел-тергеу тобы келгеннен кейін 2006 жылы туған маңғыстаулық жасөспірімнің қаза тапқаны белгілі болды. Тергеу амалдарының нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның достары суретке түсу үшін теміржол бойындағы вагондардың біріне кірмек болғаны анықталды. Өкінішке орай, рұқсатсыз әрекет кезінде жеткіншек электр тогының кернеуіне ұшырап, көз жұмды. Ал, бастапқыда барлығы да риясыз «бір селфи-суретке түселік те» деген ниеттен бастау алды.
Осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Қарағанды-Сұрыптау» станциясында теміржол ұйымдарының басшыларымен жүйелі негізде кеңестер өткізіліп тұрады. Жұмыс отырысы барысында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қоршаулардағы осал жерлерді уақытылы анықтау, жөндеу мәселелері талқыланады. Алайда, қабылданған кешенді шараларға қарамастан, теміржол қозғалысының барлық қатысушылары сапаржай аумағында сақ болуы қажет. Әркім өзін және басқаларды қауіптен қорғау үшін жол ережелері мен шектеулерді қатаң сақтауы керек. Құқықтық кеңістікті цифрландыру дәуірінде полиция қызметіне сервистік моделін енгізу арқылы «Тоқтаңыз! Басып кету қаупі бар!» деген сынды шаралар өткізгенде халықпен, сондай-ақ, мектеп оқушыларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл бойынша оңтайландыру жүргізілуде, мектептердің әкімшіліктері (директор, оқу ісінің және тәрбие ісі бойынша меңгерушілері) WhatsApp чаттарында тіркелген. Тиісінше бұл әрекеттер жұмыстың сапалы орындалуына, жедел әрекет етуіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуына тиімді болары анық, – дейді «Қарағанды-Сұрыптау» станциясындағы желілік полиция бөлімі ішкі және сыртқы коммуникация тобының жетекші маманы Елеужан Серімов.
Құлаққаптан «құлап қап» жүрмеңіз…
Бүгінде құлаққапты үлкен де, кіші де киеді. Бұл, әрине, музыка тыңдағанда, шет ел тілін үйренгенде өте ыңғайлы. Алайда, оның қауіпті әрі зиянды жағы барын да ұмытпаған жөн.
Құлағын гаджетпен «бітеп» алған жаяу жүргінші жол бойында жақындап қалған көлік құралдарының дыбысын естімей, жазым болатын жайттар өте көп. Ал, пойыздың монотонды дыбысын жайшылықта ажырату, тіптен, қиынға соғады. Бір қарағанда, бұл парадокстың осындай жасырынған қаупі бар. Сондықтан жол бойындағы жан құлаққапты мүлде пайдаланбағаны абзал. Шойынжол бойындағы жүргінші оң жақтан да, сол жақтан да келуі кәдік пойызды көзімен шолып, бажайлап алмақ керек. Кейде назары оң жаққа түскен адам, сол жақтан жақындап қалған пойызды аңғармай қалуы ықтимал. Және қаңтарылып тұрған пойыздың кез келген сәтте қозғалып кететінін де ұмытпау қажет.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz