Теміртаулықтар топ жарды
Қостанай қаласында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының «Жазғы президенттік көпсайысы» өтті. Байрақты бәсекеде бақ сынаған Теміртау қаласының әскери бөлімнің қызметшілері командалық есепте жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Жарысқа Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облысынан келген әскери бөлімдердің құрама командалары бақ сынады. Жарысқа қатысушылар әуелі «Макаров» тапаншасымен нысана көздеп, жарылғыш затты қашықтыққа лақтырды. Сонымен қатар, 50 және 100 метр қашықтықты еркін стильде жүзіп, 50-100 және 1000-3000 метрді жүгіріп өтті.
Турнир қорытындысы бойынша 30 жасқа дейін аралықта жекелей сында өнер көрсеткен лейтенант Сәбит Иргибаев – І орын иеленді. 35 жасқа дейінгі аралықта кіші сержант Ержан Мунбаев пен 45 жасқа дейінгілер арасында сынға түскен 3 сынып сержант Алмас Альжанов – ІІІ орынға табан тіреді.
Ал, үш шақырымға жүгіруден бақ сынаған кіші сержант Ержан Мунбаев – I орын иеленді. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен кубокті өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков табыстады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz