Бас тақырыпТеміртау

Теміртаулықтар ағаш отырғызды

Сенбі күні Теміртау қаласында ағаш отырғызу акциясы өтті. Металлургтер мекеніндегі қос саябаққа 250 түп көшет отырғызылды. Шараға халық қалаулылары, әкім­дік қыз­меткерлері, ұстаздар және белсенді жастар қатысты.

Теміртаулықтарға жасыл желектерді облыстық маслихат депутаты Иван Георгиади сыйлаған. Ол бұл игі бастаманы 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді екен. Бүгінге дейін аймағымызда халық қалаулысының қолдауымен отырғызылған жасыл желектер жайқалып тұр.

– Біз жылына екі мәрте облыстың және қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандарына, яғни балабақша, аурухана, мектеп аулаларына және саябақтарға ағаш отырғызамыз. Мақсатымыз өскелең ұрпақты табиғатты аялауға шақыру және экологиялық мәдениетті насихаттау. Қазіргі таңда Теміртау қаласындағы екі өзекті мәселенің бірі – экология. Сондықтан да, біз осы мәселенің түйінін тарқатуға өз үлесімізді қосып келеміз. Акция қаланың тұрғындары белсене қатысуда. Кішкентай балаларды ертіп келіп, отбасымен бірге ағаш отырғызатын да жандар бар. Көшеттердің барлығы Иван Георгиади мырзаның жеке бақшасынан алынған. Бұл акцияны өткізуге қалалық бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ, – дейді Теміртау қалалық мәслихатының депутаты, бастамашыл топтың мүшесі Михаил Коновалов.

Акция барысында Ескі қаладағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалпына келтірілген саябаққа 120 көшет, ал қаланың шығыс бөлігіндегі саябаққа 130 түп отырғызылды. Оларды күтіп-баптау қабылдап алған мекеменің құзырында. Алдағы үш жылдың ішінде су құю, әктеу жұмыстарының барлығын саябақ қызметкерлері өз мойындарына алады. Бастамашыл топтың өкілдері болса, қажетті ақыл-кеңестерін айтып, барынша қолдау көрсетпек.

– Ескі қаладағы саябақты қалпына келтіру барысында қураған ағаштардың бір бөлігін кесіп тастаған болатынбыз. Акция барысында олардың орнын толықтырдық. Келесі жылы да осы игі дәстүр жалғасады, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Цай Владислав.

Көшет отырғызуға жиналған жұрттың жүзінде ерекше шаттық бар. Жастар жағы зыр жүгіріп, әзілдесе жүріп әп-сәтте бірнеше ағашты отырғызып үлгерді. Ал, орта жастан асқан азаматтар олардың ісіне мейірлене қарап, қолғабыс көрсетуде. Үлкендермен бірге балалар да келген екен. Игі шараға білек сыбана келіп, қызу жұмысқа ден қойған жандарды сөзге тартып көрген едік.

Фарида БОЛБАЕВА, №9 мектеплицей директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары:

– Жазда немеремді әкеліп, осы ағаштардың саясында ойнатсам деймін. Бүгінгі қызу жұмысқа қарап тұрып, осыны армандадым. Бұйыртса орындалар. Қаламыздың ауасы таза болып, жасыл желекке көмкеріліп тұрғаны өзімізге жақсы ғой. «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөз бар ғой. Ағаш отырғызу – ұрпақ алдындағы борыш. Бізден қалған бір белгі болмақ. Әрі, осы арқылы табиғатымызды қорғаймыз.

Ауғанбек ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ, жас маман:

– «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейді ғой. Ел азаматтары осындай бастама көтерген екен. Үлесімізді қосып, қолғабыс көрсету мақсатында келдік. Қаламыздың өсіп-өркендегені ең алдымен өзімізге керек. Осы қаланың тұрғыны, жас маман ретінде мұндай игі бастамадан қалыс қалып қоя алмадым. Әрі, ұстаз ретінде өз шәкірттеріме игі істермен үлгі болуым керек қой.

Басқа материалдар

Back to top button