АймақТеміртау

Теміртауда тұғыртас тұрғызылды

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату мәселесін теміртаулықтар көптен бері көтеріп жүрген. Оны Теміртау қаласының әкімдігі қолдап, 31 мамырда «Теміртау жастары» гүлзарының алаңында болашақ ескерткіштің орнына тұғыртас тұрғызылды.

Тұғыртастың ашылу рәсіміне Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков пен оның орынбасары Самат Зияшев, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов және қала жұртшылығы қатысты.

Тарихи сәтте сөз алған қала әкімі Ораз Тәуірбеков:

– ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Ол теміртау­лықтарды да айналып өтпеген. Мұрағат мәліметтері бойынша 1931-1953 жылдар аралығында 186 жерлесіміз 58 баппен сотталып, соның 42-сі өлім жазасына кесілген екен. Қазір қалада «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылған 586 адам тұрып жатыр. Сондықтан біз өткеннің қасіретін ұмытпай, оның енді қайталанбауын тілейміз. Соны жас ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз. Бүгін тұрғызылған тұғыртастың орнына келер жылы дәл осы уақытта ескерткіш орнатылатын болады, – деді.

Бұдан кейін сөйлеген Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин, «Халық бірлігі, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы үшін» қалалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Шынуар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Деспина Панасиди, қалалық жастар орталығының директоры Аңсар Манатаев сол кезеңдегі ауыртпалық пен қайғылы сәттердің халық жадынан өшпейтінін және бұл ескерткіш соны еске салып тұратынын айтты.

Жиын соңында тұғыртасқа гүл шоқтары қойылып, Әлихан Бөкейханов атындағы қалалық мешітте аруақтарға арнап ас беріліп, дұға бағышталды.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button