Теміртауда еркін күрестен турнир өтті

Теміртауда алғашқы қазақстандық болаттың қорытылғанына 75 жыл толуына орай еркін күрес түрінен турнир өтті. Оған еліміздің әр аймақтарынан келген спортшылармен қатар, Ресей Федерациясының және Өзбекстан Республикасының балуандары да қатысты.

1944 жылдың 31 желтоқсаны – Теміртау тарихына алтын әріппен жазылған күн. Осыдан 75 жыл бұрын, дәл осы күнде алғашқы қазақстандық болат қорытылып, майдан даласына жөнелтілген еді. Ал, 1945 жылы Теміртау қала мәртебесін иеленіп, тарихтың жаңа парағын бастады. Құрыш қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастап, домна пешінің көрікшісінен әлемдік тұлғаға айналды.

Елбасымыз студент кезінде еркін күреспен шұғылданған екен. Сондықтан да, алғашқы қазақстандық болаттың 75 жылдық мерейтойы аясында дәл осы спорт түрінен турнир өткізуді ұйғардық. Оған көрші республикалардың спортшылары да қатысты. Осыған қарап, турнир халықаралық деңгейде өтті деуге болады, – деді Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Әбдірахманова.

Жарысқа 18 бен 29 жас аралығындағы 71 балуан қатысып, 5 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Боз кілемге білек сыбанып шыққан азаматтардың осалы жоқ. Барлығы дерлік спорт шебері, спорт шеберіне үміткер атағын иеленгендер. Араларында Қазақстан Республикасының чемпиондары мен әлемдік додалардың жеңімпаздары да бар.

Салтанатты шарада турнир қатысушыларын Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакин құттықтап, ақ жарма тілегін жеткізді.

Дәл осындай шағын турнирлер спортшылардың жігерін жанып, олардың үлкен белестерді бағындыруына жол ашады. Қазір елімізде спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Балуандарымызға артылған үміт көп. Алғашқы қазақстандық болаттың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған турнирде өнер көрсеткен азаматтар алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарынан жүлделі орындарды иеленеді деген сенімдемін. Келесі жылы Токио олимпиадасы күтіп тұр. Спортшылардың күндіз-түні жаттығу алаңдарында өткізген уақыты мен еңбегі ақталып, алтыннан алқа тағынса деп тілеймін,деді Алексей Ломакин.

Сонымен, турнир қорытындысы бойынша, 57 келі салмақ дәрежесі бойынша, І орынды нұрсұлтандық Абзал Окенов, ІІ орынды – теміртаулық Ерасыл Дәулетбек иеленді. Ал, жүлделі ІІ орын теміртаулық Қазыбек Абатов пен елордалық балуан Талап Қуанышбаевқа табысталды.

65 келі салмақ дәрежесі бойынша финалдық кезеңде қостанайлық Тимур Айтқұлов пен Қарағанды облысы Урожайный кентінің балуаны Борис Федорчук белдесті. Бұл кездесуде қостанайлық балуан қарсыласын қапы қалдырып, жүлделі І орыннан көрінді. Ал, жерлесіміз ІІ орынды қанағат тұтты. ІІІ орынды нұрсұлтандық Берік Қазиев пен қарағандылық Азат Оганнисян қанжығасына байлады.

74 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар арасында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Нұрбек Талбудин айқын басымдылықпен «Алтын медаль» иегері атанды. Ал, ІІ орын Ақмола облысынан келген спортшы Артур Баймановқа бұйырды. ІІІ орынды жезқазғандық Жарқынбек Тамабаев пен нұрсұлтандық Әділхан Әмірханұлы иеленді.

86 келі салмақ дәрежесінде қарағандылық спортшылардың бағы жанды. І орын Дәулетхан Темирбаевқа, ІІ орын Владислав Маколайчукқа, ІІІ орын Жандос Қуанышбековке бұйырды. Сондай-ақ, дәл осы салмақтағы екінші ІІІ орынды ресейлік балуан Тамерлан Нинаев еншіледі.

Аса ауыр салмақ 100+ келіде өнер көрсеткен балуандар арасында нұрсұлтандық Бекзат Үркімбайдың бағы жанып, І орын иегері атанды. Ал, ІІ орын тағы бір металлургтер қаласы атанған Балқаштан келген спортшы Әділет Медеуовке бұйырды. Ал, ІІІ орынды теміртаулық Асылбек Әбдіқалық пен ақмолалық Нұрсұлтан Азов еншіледі.

Жарыс жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған екен. Қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Бұл – қатардағы көп жарыстың бірі емес. Өндірісті өлкенің тарихындағы айтулы күннің құрметіне ұйымдастырылған. Сондықтан да тыңғылықты дайындықпен келдім. Қарсыластарымнан басым түсіп, жеңіске жеттім. Мұндай байқаулар бізді шыңдап, жігерлендіре түседі, – дейді «Алтын медаль» иегері Бекзат Үркімбаев.

Турнир жеңімпаздары медалдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»