Теміртауда Қазақстандағы ірі бизнес айналасындағы алғашқы өнеркәсіптік кластер ашылады
Теміртауда Qarmet креативті технологиялар орталығы алаңында «Өнеркәсіптік кластерді және елішілік құндылықты дамыту» тақырыбында бизнес-форум өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР бизнес-қоғамдастығының өкілдері, ұлттық қор мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығы қатысты. Іс-шараны Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашты.

Бұл Қазақстан Республикасының іскер қоғамдастығы үшін маңызды оқиға. Шара ірі бизнес пен ШОБ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, өнеркәсіп секторының дамуын ынталандыру және ел ішінде экономикалық тұрғыда өсуге жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
– Осында облыс пен ел экономикасын қозғайтын адамдармен кездесудің жақсы мүмкіндігі туып отыр. Қарағанды облысы-еліміздің индустриалды жүрегі, біз өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы орынды иеленіп отырмыз. Өткен жылы облыс 3 трлн теңгеден астам өнім өндірді. Біздің өңір – бұл үлкен мүмкіндіктер аумағы, біз бизнестің өсуіне және инвестиция тартуға жағдай жасаймыз, – деді аймақ басшысы.
Қазір облыстың 36-дан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары Qarmet-пен өзара іс-қимыл жасайды. Форум қатысушыларға ішкі нарықты нығайтуға, өндірісті дамыту арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетуге байланысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Qarmet- компаниясының Бас директоры Вадим Басин тұрақты өндірістік тізбектерді дамыту, ірі бизнес пен шағын кәсіпкерлікті интеграциялау, цифрлық шешімдерді енгізу және өңірдің экономикасын нығайтуға ықпал ететін өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
– Металлургия мен оған іргелес салаларды дамыту, Қазақстандық өндірушілердің әлемдік нарықтардағы позициясын нығайту, Қазақстандық құндылық жасау — еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының негізгі факторы. 2024 жылы, күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, Қармет 15%-ға, яғни 3,5 млн тонна көлемінде болат өндірісін арттырды. Бұл өсім Қазақстанға болат өндірісі бойынша әлемде 8-орын алуға мүмкіндік берді. Біз 2028 жылға дейін жылына 5 млн тонна болат өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсат өндірісті ауқымды жаңғырту, шығындарды оңтайландыру, процестерді цифрландыру және кәсіпорын айналасында өнеркәсіптік кластер құру арқылы жүзеге аспақ, – деді Басин.
Форумда маңызды мәселелердің бірі — шағын және орта кәсіпорындардың тап болатын қиындықтарға назар аудару және оларды ірі бизнес құрылымдарына интеграциялау мүмкіндігі. Сарапшылар өндірістік процестерді оңтайландыру және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің шешімдерін ұсынды.
– Баршаға мәлім, Qarmet — вертикалды интеграцияланған кәсіпорын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша біз осы салада 9,7%- тұрақты өсімді байқап отырмыз. Бұл форум Qarmet сияқты ірі кәсіпорын айналасында ШОБ-ты ынталандыру мен дамыту үшін маңызды. Министрлік ірі компаниялардың жергілікті жеткізушілермен өзара әрекеттесу мәселесінде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, біз бұл өнеркәсіптің тұрақты өсуінің кепілі екеніне сенімдіміз, – деді Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.
Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Арман Қалыков Qarmet компаниясының қазіргі бағытты жүзеге асыруы көп жыл бұрын басталуы тиіс екенін атап өтті. Алайда бұрын, өкінішке орай, басқа құндылықтар болған деді депутат.
Qarmet Қазақстанның 17 үздік жобасына кірді. Мен өте қуаныштымын, бұл біздің кәсіпорынның ел өнеркәсібіндегі үлкен маңыздылығын көрсетеді. Парламентте өнеркәсіппен байланысы бар депутаттар бар екені баршаңызға мәлім. Біз өзекті мәселелерді білеміз және жұмысшылар мен кәсіпорындардың мүддесін қорғауды жалғастырамыз. Біз заңнамалық бастамалардың Қазақстан өнеркәсіп әлеуетінің өсуіне ықпал етуіне жұмыс істейміз, – деді Қалыков.
Форумның маңызды сәті Қарағанды облысының әкімдігі мен «Qarmet» АҚ арасында Қазақстандық құндылықты дамыту туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА