АймақТеміртау

Теміртау түрленер күн жақын

Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар алаңында бұл жолы Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Ол қаланың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы I тоқсандағы қорытындыларын баяндап, жетістіктері мен кемшіліктерін де жасырып қалмады.

Қала әкімінің сөзіне қарағанда, өткен жылы 4 көрсеткіш бойынша өсім байқалған. Атап айтқанда,негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,7 есе артып, 120 миллиард 220,8 миллион теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 20,1 пайызға немесе 8 миллиард 483,3 миллион теңгеге, бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 19,1 пайызға немесе 118 миллиард 605,1 миллион теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3 есе немесе 62 миллиард теңге 44,8 миллион теңгеге өскен. Керісінше өнеркәсіп өнімін шығару көрсеткіші мен тұрғын үйді іске қосу көлемі кеміген. Бұған логистика мен құрылыс материалдарының қымбаттауына мердігер ұйымдардың белгіленген кестеден кешігуі әсер еткен.

Бұдан әрі Ораз Қайсаұлы барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 2022 жылғы деңгейге өсіммен жоспарланғанын жеткізіп, өткен ­I тоқ­санның қорытындыларына да тоқталды. Ол бұл тұрғыда өсім де, құлдырау да барын, оның себептерін де ашып айтты.

Келесі кезекте аумақта шағын және орта бизнес субъектілері санының уақыт өткен сайын өсіп келе жатқаны сөз етілді. Мәселен, өткен жылы ол 10 396 болса, 2023 жылдың үш айында 12 660-қа жетіпті. Соның қазір 10 971-і жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Қалалық бюджеттен тыс қаржы көздерінен бөлінген трансферттер 2022 жылы 4 миллиард 457,1 миллион теңге болса, 2023 жылға – 5 миллиард 226,7 миллион теңге.

Халқы 200 мыңға таяу қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселесі де әңгімеден тыс қалмады. Теміртаудың тозығы жеткен инженерлік желілерін жөндеуге бюджеттен 9,8 миллиард теңге, сумен жабдықтау және су бөлу тораптарын жөндеуге 3 миллиард 159,6 миллион теңге бөлінген.

Жылыту маусымы 29 сәуірде аяқталғаннан, алдағы қыста қаланы жылумен қамтамасыз етуге жауапты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бұл мақсатқа 4 миллиард 950 миллион теңге бөліп, 2023 жылдың 31 қазанына дейін жылыту станциясындағы 5 қазандықтың жөндеу жұмыстарын аяқтап, жылыту маусымына дайындауға міндеттелген.

Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегін азайту мақсатында 2022 жылы 4 А орамында 90 пәтерлі 2 үйге тұрғындар қоныстандырылып, 339,7 миллион теңгеге 30 көпбалалы отбасы пәтерлер сатып әперілген. Жалпы қала бойынша барлығы 251 отбасы пәтермен қамтамасыз етіліпті.

Енді 2023 жылы көпбалалы отбасыларға 240 миллион теңгеге 20 пәтер сатып алу жоспарланып, конкурс жарияланған. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер сатып алуға жергілікті бюджет пен Ұлттық қордан 480 миллион теңге нысаналы трансферттер бөлінді.

Сондай-ақ, қаланың 20 жас маманын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Отбасы банкі» АҚ-мен тұрғын үй несиесін беру туралы шарт жасалды (бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді). Жалпы, жыл соңына дейін тұрғындарға берілетін пәтерлер санын 300-ге жеткізу жоспарланған. Ал, жеке тұрғын үй салу үшін 495 жер телімінде инженерлік инфрақұрылым салу да аяқталған.

Қалада «Жастар үйінің» ғимараты жаңғыртылып, олар үшін жаңа мәдениет нысаны ашылмақ. Сол сияқты, қала әкімі жолдардың ағымдағы және күрделі жөнделуі, жолаушылар тасымалын жетілдіру жайынан да сөз қозғап, Теміртау қаласы мен Ақтау кентін абаттандыру бойынша алда тұрған міндеттерді де ортаға салды.

Брифингтің соңында Ораз Тәуірбеков өз аймағы тұрғындарымен үнемі кездесіп, олардың толғақты мәселелерін тыңдап, оң шешіп беруге тырысатынын мәлім етті. Бұдан аңғарғанымыз, халық үніне құлақ асатын әкімі барда Теміртауда тіршіліктің тоқтамай, жалғаса беретіні.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button