АймақТеміртау

Теміртау құбырларын тұтастай жаңартуға 10 миллиард теңгеден астам қаражат қажет

Өткен аптада Теміртауды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған негізгі желінің құбыры жарылып, бүтін бір шаһар тіршілік нәрінсіз қалған еді. Жауаптылардың түсініктемесіне сүйенсек, Қарағандыдан тартылған каналдың 90%-ы тозған. Қазір шіріген бөліктері алмастырылуда. Жұмыс барысын біз де көріп қайттық.

Теміртау

Бұл канал 1981 жылы іске қосылған. Содан бері жөндеу көрмепті. Жергілікті билік өкілдерінің өзі осылай деп отыр. Талап бойынша, желі әр 10 жылда жаңартылуы керек екен. Бірақ, пайдалануға берілгеннен бері ешқандай жөндеу көрмеген. Шіріп, әбден тозып тұр. Бір жылда 500-ден астам апат болыпты. Сала мамандары «Желі толығымен жаңартылмаса, апат жыл сайын, бірінен соң бірі қайталануы мүмкін» дейді. Ал, тұтастай жаңартуға шамамен 10 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Биыл 5 шақырымы алмастырылуда. Соның өзіне 555 миллион теңге бөлініпті. Биылғы жылдың басты мақсаты – күзге дейін үлгеру.

Апаттан кейін Теміртауға ауызсу кес­темен берілуде. Таңертең және кешке. «Берілгеннің өзінде сыздықтап ағады. Таң атпай бөшкелер мен құтыларға су толтырып әлекпіз. Ал, шомылу үшін мүмкіндік туған бетте маңайдағы жағажайға жөнелеміз» дейді шаһар тұрғыны Дарья Винокурова. Өйткені, қосалқы резервуарда қажетті деңгейде су жиналмайды екен. Мысалы, бір резервуардағы тіршілік нәрінің деңгейі қалыпты жағдайда 4 метрге жетуі керек. Төтенше жағдайдан кейін 2 метрге көтерудің өзі бейнетке айналған.

Сәтбаев каналынан бөлек, теміртаулықтарға тіршілік нәрі іргедегі су қоймасынан беріледі. Бірақ, қордың басым бөлігі металлургиялық комбинатқа жұмсалады екен. Тапшылықты жоюға қауқары жоқ.

Теміртау

Өмірлік маңызы бар су құбыры 2015 жылға дейін «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының иелігінде болыпты. Ал, өңірдегі ірі өндіріс компаниясы 35 жыл ішінде желіні жаңартуға құлық танытпаған. 2015 жылдан кейін ғана тіршілік нәрінің арнасы қала әкімдігінің еншісіне өткен. Әкімдік те әрекеттенбеген.

– Неге осы уақытқа дейін шаруа жасалмады?, – деген сұраққа былтыр ғана тағайындалған әкім Ораз Тәуірбеков жауап бере алмады.

– Биыл, ең апатты деген құбырларды алмастырамыз. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қажетті техникаларды, мамандарды жұмылдырдық. Шағымдар өте көп. Қала тұрғындарына жағдайдың себептері туралы хабарладық, – деді қала басшысы.

Әкімнің сөзінше 27 шақырымдық желіні биыл толықтай жаңартуға уақыт жетпейді. Оның үстіне, жобалық-сметалық құжаттар әзір емес. Бірақ, келесі жылы кешенді жоспарлар жаңарту жұмыстарын бастамақ.

Ақауды жою үшін темірбетон, болат және шойыннан жасалған әртүрлі диаметрдегі құрылыс материалдары төселуде.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button