Темірдің тілін түсінген
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» – еңбек адамына, қарапайым, бірақ, қоғам үшін аса маңызды кәсіп иелеріне көрсетілген зор құрметтің айғағы. Еңбектің ешқашан еш еместігін еске салады. Еңбек адамдарын дер кезінде бағалау – міндет. Еңбекпен тапқан нанның қашанда тәттілігі жойылмайтынын жадыларда жаңғырту қажет-ақ. Биылғы жыл – осындай ұлы ұстанымды дәріптейтін жыл. Бұл күнде еңбек адамының еңсесі биік болуы тиіс. Темірдің тілін түсінген ұста да осындай құрметке лайық. Қарағандылық Аслан Серікұлы Қарағайлы кен-байыту фабрикасында жұмыс істейді. Ол – он алты жылдан бері темір ұстасы.

Өз ісінің шебері ретінде ол көптеген күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы орындап, әріптестері мен басшылықтың құрметіне ие. Тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында Аслан Серікұлы темір жөндеу әрі жонуда һас шеберге айналған. Жұмысына зор жауапкершілікпен қарайтын ол әр тапсырманы тиянақтылықпен орындап, сапаға мән береді. Кәсіби еңбегімен қатар, шыдамдылығы, табандылығы және ұқыптылығы әріптестері, басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Аслан Серікұлы үшін слесарьлық – жай ғана кәсіп емес, халыққа көрсетілетін адал қызмет. Ол өз жұмысын қоғамға пайда әкелу деп біледі. «Менің жұмысым – халыққа қызмет ету» дейді.
Асланның өмірінде жұмысының орны ерекше. Себебі, өмірлік серігін де осы жерден тапқан. Болашақ жары екеуі алғаш рет жұмыс орнында танысқан.
Асланның айтуынша, темір ұстасы болу – жауапкершілігі жоғары әрі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Жұмыс барысында түрлі құрал-жабдықтар мен ауыр техникалар қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл салада қауіпсіздік ережелерін сақтау – бірінші орында. Аслан Серікұлы үшін жұмыстағы ең маңыздысы – істі дұрыс әрі сапалы жасау. Ол әр құралдың, әр бөлшектің дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отырады. Себебі, кішкентай ғана ақау орны толмас орасан қиындыққа себеп болуы мүмкін екенін жақсы біледі. Сол үшін жұмысына әрдайым ұқыпты қарап, бар жауапкершілігімен орындайды.
– Жұмыс маған тек тәжірибе мен шеберлік емес, өмірлік бақ берді. Осы жерде өмірлік серігімді жолықтырып, бақытты отбасы құрдым. Сондықтан, мен үшін бұл тек еңбек орны емес, тағдырым тоғысқан қасиетті мекен, – дейді Аслан.
Арайлым ШОҚПАРОВА,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті