Жаңалықтар

“Баланың өмірінде телефоннан өзге де қызық болуы керек”

Бүгінгі бүлдіршін – бұрынғы балдырғаннан бөлек кейіпте. Кеше ғана асық атып, арқан тартып, аулада асыр-салып ойнаған буынның бүгінгі ермегі – ұялы телефон. Неге бала далаға шығып, ойнамайды? Саусағына смартфон іліксе болды, маңайындағы тіршілік өшкендей, меңіреу күйге түседі. Құрдасы – YouTube, құрбысы – TikTok. Осы көрініс қазір көпшілікті алаңдатып отыр. «Жілік майы толмай жатып жүйкесі жұқарған, кәмелетке жетпей жанары суалған, тілі кеш шығып, тұрқы еңкіш тартқан ұрпақ қалыптасып жатыр» деп дабыл қағатындар аз емес…

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Цифрлық тәуелділік

Осы алаң көңілдің бекер еместігін деректер де қуаттайды. Таяу жылдары жүргізілген сауалнамалар балалар мен жасөспірімдердің ғаламтордағы белсенділігі тым ерте басталып, тым кеш аяқталатынын көрсетіп отыр. Мәселен, зерттеулерге сү­йенсек, балалардың жартысына жуығы түнгі 22:00-ден кейін де интернеттен қол үзбейді. Тағы бір алаңдатарлық жайт, балалардың шамамен үштен бірі интернет пен әлеуметтік желілерге психологиялық тұрғыда тәуелді болып үлгерген. Мұндай жағдайда баланың сыртқы ортаға, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа қызығушылығы бәсеңдей бастайды.

Ал, ең алаңдатарлығы да сол, ата-аналардың едәуір бөлігі, нақтырақ айтқанда, шамамен 40 пайызы баласының интернетте немен айналысып жүргенін толық бақыламайтынын мойындайды. Яғни, бала виртуалды әлемде көбіне жалғыз қалады.

Уақытша тыныштық ұшпаққа шығармайды

Осы тұста психолог-маман Думан Нұрланұлының пікірі көңілге қонымды. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні телефонның өзінде емес, отбасында жетіспей тұрған қарым-қатынаста жатыр. Психолог баланың телефонға тәуелділігі бір күнде пайда болмайтынын айтады.

– Бала жылулыққа зәру. Ата-­анамен сөйлесудің, бірге уақыт өткізудің орнына телефонға үңілгенде, бала сол бос кеңістікті экрандағы қызылды-жасылды дүние арқылы толтырады. Ал, уақыт өте келе бұл әдет дағдыға айналып, психологиялық тәуелділікке ұласуы да мүмкін. Телефонды тартып алып, шектеу қою баланың жүйкесіне шаншу болып тиюі мүмкін. Ең тиімді жол – баламен бірге уақыт өткізу. Бала өзін тыңдайтын, түсінетін орта барын сезінгенде ғана телефон оның өмірінде екінші орынға ысырылмақ, – дейді Думан Нұрланұлы.

Психолог бұл мәселеде ата-­ананың өзі де жіті ойлануы керектігін алға тартады. «Бүгінгі ата-ананың өзі гаджеттен алыс емес. Таңертең жаңалықты телефоннан оқимыз, күндіз әлеуметтік желіге үңілеміз, кешке Instagram мен TikTok-та уақыт өткіземіз. Осындай жағдайда баладан телефонды шетке қоюды талап ету екіұшты пікір ретінде көрінеді. Өйткені бала айтқанды емес, көргенін қайталайды», – дейді маман.

Тіршіліктің қамын күйттеп, үйіне шаршаңқы оралған ата-­аналар уақытша тыныштық үшін баласының қолына телефон ұстатып қоятыны жасырын емес. Көбісі бала тыныш отырса болды деп ойлайды. Ас әзірлеп, үй шаруасын бітіру кезінде бұл бір қарағанда ыңғайлы көрінері анық. Әйтсе де, осы уақытша амалдың түптің-түбінде үлкен кеселге айналатынын көбісі біле бермейді. Тіл мәселесі де қашан да өткірлігін жоймай келеді. Қарапайым мысал ретінде, бүгінде бір шаңырақта бәрі қазақша сөйлеп отырса да, баланың орысша немесе өзге тілде шүлдірлеп кетуін әредікте кездестіреміз. Баланың тілдік қоры ең алдымен тыңдаған сөзіне байланысты қалыптасады. Ал, смартфондағы контенттің басым бөлігі өзге тілде.

Сондықтан, мамандардың пікірінше баланы бірден телефоннан ажыратып тастау мүмкін емес. Десе де, оның орнын толтыратын балама құрал қажет. «Баланың өмірінде телефоннан өзге де қызық болуы керек. Спорт, шығармашылық үйірмелер, кітап, ең бастысы – қарым-қатынас. Өзін қажет сезінген бала тәуелділікке бой алдырмайды», – дейді Думан Нұрланұлы.

Маман пікірімен ұштастырсақ, ақпараттық технологияны түгелдей жау көру де қателік. Қазіргі замандағы мәдениет пен тілді насихаттайтын да ұялы телефон екенін ұмытпасақ керек. Мәселе – оны қалай пайдаланып отырғанымызда. Сапалы, ұлттық құндылықтарға негізделген контент көбейсе, смартфон тәрбиенің де бір тетігіне айналуы әбден мүмкін. Ақпараттың сапасы – ұлттың сапасына тікелей әсер етеді.

Өмірлік тәжірибе

Осы тақырып төңірегінде көпбалалы әке, Төкіш Тілеубергенмен де пікір алмасып көрдік. Оның айтуынша, баланың телефонға тәуелді болып кетпеуі үшін ең тиімді жол – онымен бірге уақыт өткізу.

– Балаға «телефон ұстама» деп тыйым салғаннан гөрі, оның уақытын пайдалы іске бағыттау маңызды. Біз балаларымызбен бірге кітап оқуға дағдыландық. Кітап оқуды тек міндеттеп қана қоймай, оны ынталандыру арқылы жүзеге асырамыз. Баланың да еңбегін бағалау керек. Кітап оқығаны үшін ақша беремін. Бұл – бір жағынан еңбекке, бір жағынан уақытты тиімді пайдалануға үйрету. Ақша оңай келмейтінін, оны біліммен, еңбектену арқылы табуға болатынын ерте түсінсін дейміз, – дейді Төкіш Қуандықұлы.

Сонымен қатар, ол бокспен шұғылданатын ұлына спорт саласына қатысты арнайы шығарма таңдағанын айтады. Әдебиеттің негізгі миссиясы – адамды эстетикалық таным тұрғысында тәрбиелейтінін ескерсек, Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесін оқыған бүлдіршін де өзін кейіпкердің орнына қойып, терең тағылым алары анық. Көпбалалы әкенің сөзінше, кітап оқыған баланың таным-көкжиегі кеңейіп, ойы ерте қалыптасады. «Кітап оқыған бала уақытын бағалауға үйренеді. Не істеп жүргенін, не үшін істеп жүргенін түсіне бастайды. Босқа телефон шұқылап отырғысы келмейді», – дейді ата-ана.

Баланы бойкүйездікке бой алдырмаудың тағы бір жолы, кешкісін ерте жатуға дағдыландыру. «Ұйқы – баланың денсаулығы мен мінезіне тікелей әсер етеді. Кеш жатып, телефон қараған бала ертеңіне ашушаң, ынжық болып тұрады. Сондықтан, кешкі уақытты кітапқа, әңгімеге арнап, ерте ұйықтауға үйреткен абзал. Шынында, бала – ата-­ананың айнасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Баладан бірдеңе талап етпес бұрын, өзіміз соған үлгі болуымыз керек. Бала айтқанды емес, істегенді қайталайды», – деп түйіндейді Төкіш Тілеуберген өз ойын.

Түйін

Қорыта айтқанда, бүгінде заман басқа, талап та өзге. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген ұғымды ұғынуымыз керек. Телефонды тыйып емес, тәрбиелеп қолдануды үйрететін уақыт келді. Ұлағатты ұрпақтың ертеңі – біздің бүгінгі әрекетімізге тікелей байланысты. Экранға телмірген баладан гөрі, ата-анасының жанарынан жылулық тапқан бала ғана ертеңгі күнге нық қадам басары сөзсіз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button