Текті топырақтың тумасы
Халқымызда «текті жердің баласы, тегіне тартқан» деген әдемі сөз бар. Мұның мағынасы да зор. Өйткені, осындай жанның өзгелерден айрықша ерекшелігі аңғарылып тұрады. Ол жан-жағына адамдарды топтастырумен қатар, маңайына жиналғандарды табиғат анадан дарыған өзгеше қасиеттерімен баурапп алады. Дәл осындай жанның бірі – Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов екендігін атап айтсам артық емес.
Жастайынан-ақ, ата-анасының аялы алақанында ержетіп, олардың өнегелі үрдістерін бойына дарытып өсті. Әсіресе, бәрімізге де қамқоршы, тілекші болған аяулы ана – Күләй апамыз Дүйсеннің өнерге деген жақындығын жазбай танып өзі жетектеп, сол кездегі тамаша педагог Базылхан Жолымбетов басқаратын балалар музыка мектебіне береді. Одан соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын және П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын үздік оқып бітіреді. Өнерге өзі де жақын Күләй анамыз баласының сиқырлы музыка иіріміне терең бойлауына ұдайы көңіл бөліп, үнемі қолдап жүретіндігін жақсы білетінмін. Ана мен бала арасында көзге көрінбейтін, соншалықты нәзік сезімге толы байланыс болғандығын айтар едім. Дүйсен студент кезінде-ақ өзінің биязы, зиялы мінезімен, сөйлеу мәнерімен, еңбексүйгіштігімен қатарластарынан дараланды. Осындай қасиеттерінің арқасында Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Бибігүл Төлегенова, тағы басқа да әлем таныған қазақ өнері жұлдыздарының ақ батасын иеленді. Мұның өзі оның тағдырының айшықты болуына, алдағы күндерде тек биіктен көрінуіне даңғыл жол ашқандай. Бүгінде Дүйсен Қорабайұлы анасы мен аға-апаларының өзіне деген үмітін ақтап, сенімдеріне селкеу түсірмеді. Ол өнерде де мемлекеттік жауапты қызметтерінде де ұдайы кәсіби деңгейден көрініп, білікті басшы бола білді. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның ректоры болғанда жастар шығармашылығына ерекше қамқорлық көрсетіп, олардың өнер өріне көтерілуіне зор ықпал етті. Оның өмірлік ұстанымы – қазақстандық өнер мен мәдениетті халықаралық деңгейге көтеру болды десем, осы үдесінен көрінді. Сондай-ақ, республикамыздың Мәдениет министрлігін басқарғанда да, сонымен қоса Елбасымыздың өзі аса зор сенім білдіріп бүгінгі күні ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысына тағайындағанда да ерекше іскерлігімен танылып, барша түркі мәдениеті мен өнерінің өркен жаюына айырықша қамқорлық танытып келеді. Дүйсен Қорабайұлы басқарғаннан бері аталған ұйымның беделі өсіп, шын мәнінде халықаралық деңгейге көтерілгендігін зор мақтанышпен айтар едім.
Ал, туып-өскен Арқа өңірінің өнері мен мәдениетінің өркендеуіне деген қамқорлығына баршамыз алғысымызды білдіреміз. Мәселен, Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен Музыкалық комедия театрының Академиялық атақтарын алуына тікелей ықпал етті. Сондай-ақ, Анкарада күй тәңірі Тәттімбет бабамызға арнап саябақ ашқызды. Сонымен бірге, Сарыарқа өңірінің айтулы тұлғаларына арнап халықаралық деңгейде конференциялар ұйымдастырды, соның бірі дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналды. Ал, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының Түркиядағы халықаралық фестивальдерге қатысуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» хореографиялық ансамблінің және басқа да өнер ұжымдарының халықаралық деңгейде көрінулеріне ұдайы қолдау көрсетеді. Міне, мұның бәрі Дүйсен Қорабайұлының үлкен жүректі, ұлтжанды азамат екендігін танытып, жастарға үлгі болуда. Сонымен бірге, Наурыз мерекесінің қайта жаңғырып, жыл сайын Стамбул мен Анкарада, Америка, Франция, тағы басқа шет елдерде кеңінен аталып өтуінің өзі, Дүйсен бауырымыздың айшықты еңбегі.
Рымбала ОМАРБЕКОВА.