Жаңалықтар

ТЕХНОЛОГИЯ ПӘНІ неге теперіш көрді?

Ұлттық қолөнердің құны төмендеп, оны жоқтаушылар азайып барады. Бұл салаға бет бұрғандардың да саны некен-саяқ. Расымен де, айналамызға көз тастап көрелік. Тас лақтырсаңыз, заңгер, қаржыгерге тиеді. Бұған негізгі орта білімді алған жастардың басым бөлігі осы аталған мамандықты таңдайтыны дәлел. Мәселен, жаңа оқу бағдарламасы бойынша мектеп қабырғасында оқытылатын «Технология» пәнінің сағаты қысқартылды. Одан қалаберді, ұлы мен қызы бөлек оқитын пәнді, енді қосып бір сыныпта өткізбек. Бұл – ұстаз бір қолымен шеге, балға ұстап, екінші қолымен тігін тігеді деген сөз. Түптеп келгенде, ұлттық қолөнердің келешегіне басқа емес, өзіміз балта шабудамыз.

Мектеп қабырғасында жүргенімізде технология пәні аптасына 2 сағат болатын. Ағаштан күнделікті қолданысқа керек құралдарды ұлдар ұстазымызбен бірігіп жасайтынбыз. Ал, қыздар болса кесте тігіп, түрлі тағам түрлерін әзірлейтін. Қолөнерге деген қызығушылық содан басталатын. Биылғы оқу жылындағы өзгерістерді айта қалсаңыз, бүйірі бұлтиып осы мәселе алдыңнан көлденеңдеп шыға келеді. Оқу жылының басынан бері технология пәнінің сағаты қысқарды. 5, 6 сыныптарда аптасына 2 сағаттан, 7-9 сыныпта 1 сағат өткізіледі. Жаңа бағдарламаның стандартына сәйкес жоғары сыныптарда 24 баладан аспаса, ұл, қызы қатар отырып білім алады. Егер ол көрсеткіштен асып кетсе, сынып дәстүрлі түрде бөлінеді. Ал, сабақты 1 сағаттан өтетін жоғарғы сынып оқушылары үшін теория мен іс-тәжірибені 45 минутта бірдей қамту мүмкін емес. Бұдан қалаберді жаңа оқу бағдарламасы да әлі әзірленбеген. Қазір пән мұғалімдері өздері бағдарлама жасап, сол арқылы қос тарапқа білім беруде. – Ата-аналар тарапынан жаңа бағдарламаға наразылық танытып, шағым айтып жатқандар аз емес. Осы мәселе бойынша мектеп ата-аналармен жұмыс жасауда. Жұмыс та қиындап кетті. Екі тарапқа біріктірілген сабақ жоспарын жасап, өзімізше өткізудеміз. Қазір онлайн режимде оқып жатқандықтан, оқушыларға тапсырма мен бейнесабақ жіберіп отырмыз. Дәстүрлі форматқа көшсек, қолымызда дайын тұрған бағдарлама жоқ, – дейді №87 негізгі орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Индира Ерзина. Ал, №65 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ерболат Аринов:

– Пән сағаты қысқартылған соң ұстаздардың жағдайы қиындап қалды. Жаңа жүйенің бағдарламасы болмағандығы және бар. Тіпті, басқа мектептерден сағат сұрап жүргендер де кездеседі. Жоқ екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Балаға бағыт көрсететін – ұстаз. Одан әрі алып кететін өзі. Бағдарлама жоқ болса да шәкірттеріме өзіндік, іс-тәжірибелік жұмыстарды өткізіп келемін, – дейді.

Мәліметтерге сүйенсек, аймақ бойынша барлық мектептің технология кабинеті толыққанды техникалық құралдармен жабдықталған. Бәрі стандартқа сай. Егер, мекемелер қажетті құралдармен жабдықталмаса, онда басқа әңгіме еді. Еңбек тәрбиесі – барлық тәрбиенің қайнар көзі дейді. Қолда бардың қадірін кеш ұқпасақ болғаны.

Бұл мәселенің екінші жағы да бар. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, әл-Фараби бабамыз айтпақшы, әңбек пәнінің қысқартылуы еңбекке икемділіктен бөлек, оқушылардың тәрбиесіне де кері әсер етуі мүмкін. Өйткені, тек теориялық білім алған баламен мектеп қабырғасынан еңбекке икемделіп өскен баланы салыстыруға келмейді. Сондықтан да, еңбек пәнінің қысқартылуы ақылға сыймайды. Бұл ақпарат дәуірінде онсыз да компьютербасты болып бара жатқан өскелең ұрпақты одан сайын ебедейсіз, епсіз етуі ықтимал.

Осы себепті де, ұстаздар қауымы мен оқушылар һәм ата-аналар еңбек пәнінің баяғы жүйеде қалғанын қалайды. Ұлдар мен қыздардың бір сыныпта еңбек пәнін оқуы, олардың назарын бұрып, онсыз да сағаты аз сабақты түкке тұрғысыз етуі әбден мүмкін.

Осы жайттардың бәрін ескере келе аталмыш мәселеге жауапты органдар осы сала мамандарының пікірін ескерер деген үмітіміз бар. Себебі, біліммен қатар тәрбиені, еңбекке бейімділікті бойына сіңіріп өскен баладан еліне, жеріне пайдасы тиетін тұлға шығады десек, артық айтқандығымыз емес. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген бабалар даналығы осыны меңзейді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button