Бас тақырып

Тегіс жол тұрмысты түзейді

Атқарушы билік Ақтоғай мен Ақсу-Аюлы арасындағы жолдың 16 шақырымын оңдауды ойлаған-ды. Тек, бұл міндетті мойнына алған мердігер шаруаның шырқын бұзды. Ақсу-Аюлының іргесінен Ақтоғайға қарай жүк артқан ауыр көліктер жүз шақырымды тоз-тоз қылды.

Шырғалаңға түскен жұрт шу көтерді, шағым айтты. «Ortalyq Qazaqstan» газеті де сан мәрте мәселенің астарына үңіліп көрді. Қазір билік істің қиюын келтіру қамымен жүр. Келесі жылы 50 шақырымды жөндеу жоспарда тұр.

Іздесеңіз, ұқсас оқиғаны өзге өңірлерден де оңай табасыз. Әрине, бұл статистикадан ел билігі хабардар. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында жолдың сапасына ерекше маңыз берді. Жұрттың жанына батқан мәселенің назардан тыс қалуы – қиянат-ты.

«Әділетті өңірлік саясат – адамдардың үлкен қалада да, шағын ауылда да жайлы өмір сүруі деген сөз. Әрбір отбасы таза ауыз суға, сапалы жолдарға, жылдам интернет пен тұрақты ұялы байланысқа қол жеткізетін болады», – деді Мемлекет басшысы. Баспана құрылысы, интернет және инфрақұрылым тартумен қатар, жол сапасына да айрықша тоқталды. Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым және облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожол салынып, жөнделетінін мәлімдеді.

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов 2025 жылға дейін республикалық жолдар толық нормативтік қалыпқа келтірілетінін айтты.

«Автожол саласында барлық халықаралық транзиттік дәліздерді толық жаңғырту жоспарлануда. 2025 жылға дейін республикалық жолдардың – 100, ал, жергілікті жолдардың 95 пайызын нормативтік қалыпқа келтіру жоспарланған. Сонымен бірге, 52 автокөлік өткізу пунктін модернизациялау жүргізілуде», – деді Үкімет басшысы

Мұхиттан шалғай Қазақстан үшін құрлық жолдарының стратегиялық салмағы батпан. Бағзы заманнан қазына артқан керуендер Ұлы дала арқылы Азия мен Еуропаны жалғап келеді. Ал, Қарағанды облысы – қазақ даласының қақ ортасында. Қай бағытта жол тартамын десеңіз, кедергі жоқ. Сондықтан, облыстағы жолдың сайрап жатуына Үкімет те мүдделі. Өйткені, жолы тегіс жұрттың тұрмысы түзу.

Мысал – Астана-Алматы дәлізі. Келешек экономикалық тиімділігін айтпасақ, кейінгі уақытта бұл жолдағы қайғылы оқиғалар қарасы көбейіп тұр. Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, көптің көңілін күпті қылған Қарағанды-Балқаш аралығындағы күрежол құрылысы келесі жылы тәмамдалады. Бүгінде 366 шақырымның 251 шақырымы төселіп, 11 көпірдің жартысы тұрғызылды.

Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 9332 шақырымды құрайды. Биыл 1200 шақырымы жөндеуден өтті. Бұл есепте 661 шақырым – республикалық маңыздағы, 356 шақырым облыстық маңыздағы жол тұр. Сондай-ақ, қалалар мен аудандарда 190 шақырым жол жөнделді.

Ауылдағы ағайын «Ауыл – Ел бесігі» жобасының да шарапатын көрді дей аламыз. 41 шақырым жол осы жоба шеңберіне енді. Ал, көктем сайын қар суымен бірге ағып кетіп жататын Қарағанды көшелеріндегі жолдардың 47 шақырымына асфальт қайта төселд

Жоғарыда аталған басқарманың автомобиль жолдары және жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Ержан Кокушев жолдармен қатар, көпірлерді де қадағалаудан шығармайтындарын айтады.

– Қарағанды облысындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 68 көпір бар. Биыл тозған тоғыз көпір жөнделді. Алдағы жылға жолдарға қатысты ауқымды жоспар түзілді, – дейді басқарма өкілі.

Нақты айтқанда, келесі жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 179 шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарлануда.

Талай жылдан Қарқаралы жұртын сарсаңға салған жолдың жайы келесі жылы түзелуі тиіс. Президент Қарағандыға келген сапарында бұл мәселені шешуді мықтап тапсырған еді. «Қарағанды-Қарқаралы тасжолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жергілікті билік созбаққа салмай, бірден іске кіріскен сыңайлы. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Қар[1]қаралыға барған сапарында аудан басшылығы 74 шақырым жөнделетінін хабарлады.

– Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі 197-207 шақырымдар аралығындағы жол учаскесі жөнделді. Алдағы жылы Матақ ауылына дейінгі 74 шақырымды және Бүркітті-Бақты бағытында 16 шақырымды орташа жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қарқаралы-Ақжол бағыты бойынша 29 шақырымды жөндеу, Айрық пен Егіндібұлақ арасын асфальттау жұмыстары басталды, – деді аудан әкімі Ерлан Құсайын.

Мердігер «Қостанай жолдары» серіктестігі сиқын кетірген Ақсу-Аюлы мен Ақтоғай ауылдары аралығындағы жолдың да 50 шақырымына асфальт төселмек.

– Былтыр қос ауданның орталықтары байлаған автожолдың 210-226 шақырымдар аралығы жөнделді. Келесі жылға 50 шақырымы жоспарланып отыр. Халыққа түсінікті болсын, шамамен, Сәуле ауылының тұсынан «Саяхат» қыстағы деген жерге дейін барады. Қалған бөліктері тағы да кейін жөнделеді деп ойлаймын, – дейді Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ардагер Қапашев.

Бұдан бөлек, «Қарағанды-Саран-Шахтинск», «Қарағанды-Шахтинск­­-Есенгелді-Қайнар-Нұра», «Ақой-Сейфуллин-Ақсу-Аюлы-Ақто[1]ғай-Балқаш», «Осакаровка-Есіл-Тельманское-Молодежное», «Ақсу-Аюлы-Қайрақты-Ақадыр-Мойынты», «Сейфуллин-Өспен-Ақадыр» және «Қарағанды-Аягөз-Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті» жолдары тізімге еніп отыр. Яғни, күн жылына аталған бағыттардағы сапасы сын көтермейтін учаскелерде жұмыс қызады

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button