Рухани жаңғыру

Тегіңді таны

     

Бұл кітап орыс тілінде жарық көргенімен, өлкетану шежіресін отандық тарихқа жалғаған құнды еңбектер қатарынан табылар деп бағамдадық біз. Жеке бастың гөй-гөйі емес, Алаш арыстары – Әлихан БӨКЕЙХАН, Әлімхан ЕРМЕКОВ, Жақып АҚБАЕВТЫҢ мемлекеттік мұратынан сыр шертеді екен. «Знай твои корни» депті атауын авторы – Төлеуғазы СМАЙЫЛОВ. Тегіңді танымасаң, еліңді қайдан танисың деп тұрғандай ғой. Түптеп келгенде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруы да» соны төркіндеп тұрған жоқ па?
Кітап авторы Төлеуғазы Хасенұлы – Алаш арысы Әлімханның ұрпағы саналады. Аталары Әлекеңнің әкесі Әбеумен бір туысса керек. «Зерттеу еңбегінде Алаш арыстарымен қатар, жалпақ жұртқа аты шыққан Арқаның би-болыстары хақында жақсы жүйеленген» дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Қасымова. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің конференция залында өткен кітаптың тұсаукесер рәсімін аталған оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Назым Алпысбаева ашып, автордың өмірбаяны мен ғылыми еңбектеріне тоқталды. Рухани шараны Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Әсем Сағатова жүргізіп отырды. Бұған дейін осы қатарлы бес кітап жазған, 100-ге жуық мақалалардың авторы Төлеуғазы Смайылов аға кітаптың мазмұнын қысқаша баяндап өтті. Сондай-ақ, тұсаукесерге облысымыз­дағы тарих ғылымының майталмандары қатысып, соқталы пікірлерімен бөлісті. Тарих ғылымдарының кандидаттары – Машақар Сүлейменова мен Қанат Өскембаев зерттеу еңбегін зерде тұрғысынан пайымдап, тақырыптың өзектілігіне мән берді. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаева зерттеу еңбегінің кітапхана қорына және аталған шаңырақтың сайтына жүктелу керектігін алға тартты.
Алаш арысы Әлімхан Ермековтің өмірі мен қайраткерлік қызметін зерттеп, еңбек жазушы тарихшы ғалым Қанат Өскембаев:
– Кітаптың ішінде шежірелік деректермен қатар, дала аристократтары деген бөлім бар екен. Арқадан шыққан қоғам қайраткерлері туралы. Архив материалдары да жоқ емес. Соның арасында, әсіресе, Нығмет Нұрмақовқа байланысты кең көлемде, тартымды жазылыпты. Әлімхан Ермеков жайында да біраз айтылған.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button