Басты тақырып

Таза өнім – адам өмірінің кепілі

Ветеринария саласындағы барлық құзыретті органдардың, олардың арасында, Қарағанды облысының ветеринария басқармасының негізгі мақсаты – облыстағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақтылықты қалыпқа келтіру және сақтау, халық денсаулығын, өмірін қорғау болып табылады.

Бүгінгі таңдағы еліміздегі эпизоотиялық ахуал баршамызға мәлім. Облыстың Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында пастереллез ауруының тіркелуі, Шет ауданының Еркіндік ауылы мен Ақтоғай ауданының Жидебай селолық округіне қарасты Үшарал қыстағынан күйдіргі (сибирская язва) дертінің шығуы тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырған жайы бар. Аурулар ошағы анықталған елді мекендерде шектеу және карантин шаралары белгіленіп, қауіпті індеттерді жою мақсатында ветеринарлық-санитарлық сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте, қоғамдағы әрбір азаматтың атқаратын рөлі маңызды. Себебі, ветеринария саласындағы заңмен белгіленген жоспар бойынша жүргізілетін диагностикалық (қан алу), профилактикалық (вакцинация, егу) іс-шаралардың орындалуына жеке және заңды тұлғалар ықпал ете алатынын көпшілік біле бермейді. 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөнiндегi мiндеттерi көрсетілген.

Сіздің иелігіңіздегі ауыл шаруашылығы жануарларынан (малдардан) күз және көктем айларында қан алынып, мемлекет есебінен тегін бөлінген вакциналар аса қауіпті ауруларға қарсы егіліп, тексерілмеген жағдайда, жеке және заңды тұлғалар уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе жергілікті атқарушы органдарға жүгініп, іс-әрекет жасаса, оң нәтиже беретіні анық. Әрбір мал иесі мал дәрігерінің келуін күтіп, қан алып немесе профилактикалық егу жұмыстарын жүргізіп, малды сырғалап, паспорт беруін қол қусырып тосып отырудың дұрыс еместігін қаперінде ұстағаны жөн. «Ветеринария туралы» Заң жеке және заңды тұлғалар ветеринариялық-санитарлық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi (сырғалау) қамтамасыз етуге міндеттейді. Сондай-ақ, мал иесі жаңа туылған төл немесе басқа жақтан әкелінген мал туралы хабарламаса, ветеринар дәрігер бірдейлендіру, егу, қан алу жұмыстарын жүргізе алмайды.

Малдың ауру немесе сау екендігіне көз жеткізу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын (малдарын) союға дейін және сойылғаннан кейін қарауы (предубойный, послеубойыный осмотр) тиіс. Алайда, ветеринарды шақырмай малды сою, олардан алынған өнімді заңмен белгіленген ветеринариялық-ілеспе құжатсыз (ветеринариялық анықтама) ішкі сауда объектілеріне өткізу деректері халық арасында жиі орын алуда. Мал ауырған жағдайда ветеринариялық органдарға хабарламай, жасырын сойып немесе сатып жіберуге болмайды. Себебі, ол мал аса қауіпті аурумен ауырған болуы әбден мүмкін. Бұл сөзіме мысал ретінде биылғы жылы Шет ауданының Еркіндік ауылында және Ақтоғай ауданының Жидебай ауылында анықталған күйдіргі дертін (сибирская язва) айтуға болады. Қос оқиғаның бірінде адам өмірі қиылса, екіншісінде адам өміріне қауіп төнді. «Малым – жанымның садақасы» дегендей, облыста қауіпті індеттен адам шығыны болып жатқанда, мал иелері өз басына және қоршаған ортаға зиян тимеуі үшін немқұрайдылық танытпауы тиіс.

Мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері облыс көлемінде (адамдар мен жануарларға ортақ аурулар бойынша) 11 адам күйдіргіге (сибирская язва), 499 адам туберкулезге, 9 адам бруцеллезге, 30 адам эхинококкоз ауруына шалдыққан.

Айта кететін аса маңызды жайт, ветеринариялық құжаттардың болмауы – мал ұрлау қылмысының үдеуіне әкелуде. Ол үшін елі­міздің әрбір азаматы жергілікті атқарушы органдардың ветерина­рия саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құр­ған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветери­нариялық-санитарлық бақы­лау және қадағалау органдарына:

– жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені;

– жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға міндетті. Осы міндеттерді орындамаған жағдайда 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің» 406-бабында қарастырылған әкімшілік жазаға тартылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға ескерту жасалып, немесе 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Қазіргі уақытта, көпшіліктің бұл хабарламаларды жасамайтыны белгілі, осы іс-әрекетсіздік бүгінгі күнгі эпизоотиялық ахуалға әкеліп соққан себептердің бірі.

Егер, ветеринар дәрігерлердің тарапынан заңмен көзделген іс-әрекет жасалмаған жағдайға, халықтың (ауыл шаруашылығы жануарларының иелері) құзыретті органдарға жүгінуге болатынын жеткіземіз.

Қарағанды облысының ветеринария басқармасы мемлекеттік мекемесінде 8-7212-503608 сенім телефоны қызмет атқаратындығын және қоғамда болып жатқан сіздің эпизоотиялық ахуалға немқұрайды қарамай, көкейіңізде жүрген сауалдар, шағымдар болған жағдайда, хабарласуыңызға, сонымен қатар, басқарманың www.uprvetgovkrg.kz сайтына хат жаза алатындарыңызды назарларыңызға саламыз.

Б.АСАНОВ,

Қарағанды облысының

ветеринария басқармасының

басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button