Жаңалықтар

«Тау баласы тауға қарап өседі»

Қыдыр дарып, құт қонған атамекенім Тағылы-Бұғылымды бойлап келемін. Бұл менің ата-бабаларымның кіндік қаны тамған, елім деп еңіреп өткен рухы биік ұлыларым басқан жер. Ұрпағыма аманат етсем деген киелі мекені.

Қадам басқан сайын туған жердің топырағы жаныма қуат, салқын самалы бойыма нәр бергендей. Бар құпиясын ішіне бүккен туған жер табиғаты: «Мені ұмыттың ба, маған терең үңілсең, бар сырымды ашар едім»,–деп тұрғандай.

Менің қазіргі атқарып жүрген қызметім де табиғатқа етене жақын. Бұл жұмысқа келуіме себеп болған бойымдағы туған жерге деген сүйіспеншілік, әсем табиғатқа деген ынтызарлық.

Адамның өзімен-өзі сырласуға, өзіне-өзі есеп беруге ең лайықты орын – табиғат аясы. Есіме өткенім оралып кетті. Даланы сүйіп, жасымнан табиғат сырына қануыма себепші әкем еді. Атты ерттеп мінуге үйренгеннен бастап, балалық шағым тылсым табиғат аясында өтті. Қазақты талай қуғын-сүргіннен құтқарған жылқы малының қыр-сырын ұғымуыма да әкемнің тәрбиесі себеп болып еді. Сөйте жүріп, табиғатты таныдым. Атқа мініп, сұлу табиғатпен тілдескенде, менен бақытты жан болмайтын.Осы жандарға деген құмарлық мені кейін ат спортының республикалық дәрежедегі төрешісі деңгейіне көтерілуіме себеп болды.

Тағылы ауылдық кеңесі төрағасы, ауыл әкімі қызметін атқарып жүрген кездерімде мемлекеттік тапсырмадан тыс табиғатты қорғау басты борышымдай сезілетін.

Оның әр сыйы, әр тасы мен үшін қымбат. Туған жер тарихы жайлы кейінгілерге білгенімді ұғындыру, таныстыру, ел туралы материалдар жинақтап, келер ұрпаққа тапсыру болашақ ұрпаққа берер сыйым деп түсінемін.

Бар білгенім мен еңбегімді еліме арнаған ниетіме кереғар пікірлерге де кездестім. Өмірде әркімнің алдына қойған мақсат-мүддесі әр түрлі болғандықтан, ондайларға түсіністік танытуға тырыстым.

Бүгінде орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылық-коммуналдық мекемесінде қызмет етіп келемін.

Орманды күтіп-баптау, санитарлық жұмысын орындау, орманда өрт қауіпсіздігін сақтау, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту, жануарлар дүйнесін қорғау, аң-құс, орман ағаштары өсімін көбейту, орман шаруашылығы белгілерін сақталуын қадағалау – осы мекеме қызметкерлерінің міндеті.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, біздің мекеменің мақсатты жұмыстарының бірі – бұлақ көздерін ашу, оған белгі қою, бұлақ басын мал жайылымынан сақтау. Осы орайда Ақтоғай орман шаруашылығына қарасты Шет өңірінде бірталай бұлақ көздері ашылды. Нақтырақ айтсақ, «Тұрбек – Әбесі», Алшын бұлағы, Қадірқұлдың төс бұлағы, Азаттың қасқа бұлағы, Әбжәлдің бұш Баспалдаққа құятын бұлақтар. Бұлардың әрқайсысының жанына демалуға ыңғайлы жағдайлар жасалған. Бұл өрт қауіпсіздігін жасауға да зор мүмкіндік.

Мемлекетімізде табиғатты қорғау мәселесі ерте қолға алынып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты көптеген іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Солай дей тұра, орман шаруашылығы қызметкерлеріне байланысты кейбір жайттарды ортаға салып, өзіндік ұсыныс-пікірімді білдірсем деймін.

Біріншіден, шаруа қожалықтарының көпшілігінің қолданыстағы техникалық жабдықтары ескірген, оның бәрі орман бойында өрттің тууына әкелер себептің бірі. Мал жаю, шөп шабу кезінде ескірген техника, санитарлық ережелерді сақтамау да келеңсіздіктер тудырады. Мүмкіндігінше ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып жатса құба-құп болар еді. Екіншіден, бүгінде Елбасы Н.Назарбаев басшылығымен жерглікті халықтың әл-ауқатын арттыру жолында көп мүмкіндіктер жасалған.

Ауылдық жерлерде мемлекеттік мекемелерде жұмыс атқаратындарға 25% үстеме ақы төленеді. Неге екені белгісіз, осы мүмкіндік орманшыларға қарастырылмған. Орман шаруашылығын қорғау саласы қызметкерлеріне осындай көмек жасалмай отыр.

Үшіншіден, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын азаматтарға жылына бір рет сауықтыру, денсаулығын сақтау мақсатында қосымша қаржы бөлінеді. Қысқы аяз, жазғы аптап ыстықта жұмыс далада өтетіндіктен, жылына бір рет берілетін кезекті айлық демалысымызда емдеу орталықтарында, демалыс орындарында өткізуді қажетсінетініміз – шындық. Сондай орындарға жолдамалар берілсе деген еңбектес азаматтардың өтініш-тілегін де айта өткім келеді.

Қорыта айтқанда, «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дегенді есімізден шығармайық. Табиғаттың ұлылығын қадірлей білмесек, қаталдығына кезігерімізді ұмытпайық.

Дана халқымыз ежелден риза болған баласына «Таудай бол!» деп тілек білдіреді екен. Осы сөздің астарына үңілсек, бұл тілекте тек биіктік қана емес, һас батырға тән қайсарлық, төзімділік, мықтылық та қамтылған.

Ендеше, мен де мені тыңдап, қолдай білетін ұрпаққа «Таудай бол!» демекпін.

Елім үшін тер төктім, еңбектендім, әр ісімді мақтан үшін атқармадым.

Өмірімде азаматтықтың үлгісін көрсете алсам, еңбегімнің өтелгені деп білемін.

Тау баласы тауға қарап өседі.

Тек биіктерден ғана биіктерді көре аласың.

Балтабай БОҚАЙТЕГІ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button