Татулықты ту еткен
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Видергебурт» неміс орталығы – өңірдегі белсенді бірлестіктердің бірі. Өткен сенбіде аталған орталық Қарағандыдағы «Достық» үйінде құрылғанына 30 жыл толу мерейтойын атап өтіп, неміс қоғамы мен оның филиалдары ұсынған қолөнер көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Облыстағы неміс ұлысы түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетіне өзара сіңісу арқылы Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының Бірлігі күні сынды мерекелермен қатар өздерінің ұлттық мейрамдарын да атап өтетінін білеміз. Этномәдени бірлестік мерекелерді атап өту арқылы неміс салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қайта жаңғыртуда. Мәселен «Фольксквелле» неміс ұлттық би ансамблі, Теміртау қаласындағы «Танцующая долина» би ұжымы, «Musikwelle» және «Volksstimme» вокалдық топтары танымалдылыққа ие. Би ұжымдары орталықтың 30 жылдығында үздік қойылымдарын ұсынды.
Аталмыш орталықтың құрылуына себепкер болған Виктория Кист Германиядан арнайы келіпті. «Бүгінгі кездесуге қуаныштымын. Мен неміс орталығының жанындағы театрда рольдер ойнағанмын. Қазір де өзім тұратын Кобленц қаласындағы жергілікті театрда жұмыс жасаймын. Қазақстандағы татулық, келісім мен бейбітшілік әрі қарай сақталуына тілектеспін» – деді Виктория Викторовна.
Мерекелік кеште бірлестіктің қол жеткізген жетістіктерін «Видергебурт» Неміс орталығы» облыстық қоғамының төрағасы Виктор Кист тілге тиек етті.
Төраға Қазақстан халқы Ассамблеясы аймақтық Қоғамдық келісім кеңесі атынан арнайы мадақтамамен марапатталды.
Виктор КИСТ, «Видергебурт» Неміс орталығы» Қарағанды облыстық қоғамының төрағасы:
- Қонақжай қазақ жеріне 1939-1941 жылдардағы сұрапыл кезеңде келіп, осы елден пана тапқан неміс ұлты өткенін ешқашан ұмытпақ емес. «Қайта жандану» деген мағынаны білдіретін атауы бар орталық 1989 жылы құрылып, қазақ жеріндегі алғашқы этномәдени бірлестіктердің бірі болды.2014 жылдың қазанында Академиялық музыкалық комедия театрында «Видергебурт» Неміс орталығы» Қарағанды облыстық қоғамының 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт ұйымдастырған болатын. Осындай достық фестивальдеріне Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерімен бірге белсенді атсалысамыз.Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Қазір облыстың әр қала, ауылында бас-аяғы 2500 ұлты неміс қария тұрады. Уақыт өте келе этномәдени бірлестік жанынан неміс білім кешені, кездесу орталығы, жастар клубы, кеңесші және аударма бөлімі, гитаристер студиясы ашылды. Қарағандылық немістер қызметінің түрлі саласында біліктілігін арттыратын ақпараттықбілім орталығы республикадағы ең үздік мекеме болып танылды.
Төрағаның айтуынша, бүгінде Бірлестік жанында неміс жастарының клубы жұмыс істейді. Клубтың Саран, Абай, Теміртау, Шахтинск қалаларында филиалдары бар. Немістер оған қоса қарттарға көмектесуге ерекше назар аударады. Қарттар мен отбасы мүшелерін мүгедек арбасымен, есту аппараттарымен, дәрі-дәрмек және дәрігер қызметімен қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталған «Фольксквелле» ансамблі қазіргі таңда Германияда, Ресейде өткен халықаралық фестивальдер мен байқауларда Қазақстанның, облыстың намысын абыройлы қорғап жүр. Сондай-ақ, Қарағандыда «Эрфольг» неміс оқыту орталығы жұмыс істейді. Онда 14 ұлттың балалары қазақ, неміс, орыс, ағылшын тілін меңгеруде.
Аяулым СОВЕТ