Бас тақырыпЖаңалықтар

Татулық – келісім бесігі

 Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының
VІ съезі мұны тағы бір дәлелдеді

Елорданың төрінде төрткүл дүниенің дінбасылары бас қосып, пәтуалы кеңес құруы – әлем жұртшылығын тағы бір елең еткізді. Татулық пен бейбітшілік, келісімнің бесігіне айналған Астанаға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келуі алтыншы рет. Сөйтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезі мәдениеттер мен өркениеттер диалогына айналды. Биылғы сьездің басты ұраны “Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында” деп аталды. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, қазіргі таңдағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Ал, біздің аймақтан 15 діни конфессия өкілдері арнайы барды.

Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып жүрген дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірген-ді.

– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.

VI съезд “Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін” атты жалпы тақырып аясында “Манифест “Әлем. ХХІ ғасыр” жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде”, “Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер”, “Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері”, “Экстремизм мен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері” атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізілді.

Съездің мәртебелі мейманы – Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич. Сондай-ақ, әл-Азһардың Бас имамы Шейх Ахмад атТайеб, ЕҚЫҰ бас хатшысы Томас Гремингер, Аса Қасиетті Патриарх Феофил ІІІ, Аса Мәртебелі Кардинал, Құқықтық мәтіндерді интерпретациялау жөніндегі Папалық кеңестің құрметті төрағасы Франческо Коккопальмерио, Израильдің бас сефард раввині Ицхака Иосиф және тағы басқалары – құрметті қонақтар қатарында

Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Республикасының президенті Александр Вучич әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің жұмысына жоғары баға берді.

«2003 жылы Қазақстан Президентінің әлемдік дін басшыларының басын қосу туралы бастамасы нәтижесінде барлық дін басшылары өздерінің құнды идеяларымен бөлісіп келеді. Ислам діні, православ діні, өзге де діндердің өкілдері бас қосқан осы жиында мен де өз пікірімді білдірсем деймін. Яғни, бәріміздің мүддеміз, міндетіміз – әлемдегі өркениетті қорғау. Осы форумға қызығушылық танытуымыздың себебі – мұнда тұрақты диалогтың болуы.

Қазіргі таңда дін көшбасшылары – әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалар. Сондықтан, олардың айтқан идеялары, негізгі ілімдері құндылықтарға негізделеді. Геосаясат өкілдерінің дін басшыларының сөздеріне құлақ аспайтын кездері бар. Ал, түптеп келгенде әлемдік дін басшыларының идеясы – халықаралық құқыққа негіз болып отырғанын атап өткен жөн. Әрбір адамның жеке басын құрметтемейінше, біз тұрақтылыққа қол жеткізе алмаймыз», – дейді Сербия Президенті. Александр Вучичтің пікірінше, түрлі дін өкілдерінің бір үстелде бас қосуы әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға септігін тигізеді екен.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі 3 жылда бір рет ұйымдастырылады. Ең алғаш елімізде 2003 жылы өтті. Осы жылғы 13 ақпанда мұсылман, христиан және еврей ұйымдары қатысқан, діндердің, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарған бейбітшілік пен келісімнің Халықаралық конференциясында Мемлекет басшысы сөз сөйледі және барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасын айтты. Бастама қызу қолдау тапты. Қазақстан бастамасының аса өзектілігі мен өміршеңдігін 2003 жылы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезі әйгілеп берген болатын. Осы жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев съезд өткізетін арнайы ғимарат салу жоспарын жариялап, келесі кездесуді жаңадан салынатын «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткізу туралы шешімін хабарлады. Дінаралық саммит жұмысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезіне қатысушылардың Декларациясы қабылданды. Осылайша, алғашқы күннен бастап Астана съезінің маңызы мен ауқымы айқындалған еді. Сол уақыттан бері 2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес басқосуы өткізілді. Бұл басқосуларға әлемдегі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге де дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Тұңғыш рет өткен мерейлі басқосу дүние жүзі халықтары арасында рухани қатынас үрдісін бастады. Бастаманың негізінде Қазақстан халықаралық дәрежеде алғашқылардан болып жауапкершілікті өзіне алып, іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар жетекшілерінің басын біріктіріп, келіссөздерді ұтымды түрде жүргізумен айналыса бастады.

Съездің негізгі идеясы – әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосатын, дін келіссөзін жүзеге асыратын және келісілген шешімдерді іске асыра отыра, конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен терроризм әдістеріне қарсы тұратын институт құру болып табылады.

Әзірлеген Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button