Қаражал

Татуластыру – тағылымды іс

     Күні кеше қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодекстің негізгі іргетасы судьялардың VI съезінде қаланған болатын. Аза­маттық процестік кодекс толығымен «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі за­манғы мемлекет» – Ұлт жоспарында қарастырылған шараларды іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, сот жүйесінің үш деңгейлі жүйесін қалыптастыру тұрғысынан азаматтық істерді қараудың процестік тәртібін реттейді, сонымен қатар, барлық сот процестеріне аудио-дыбыс бейнежазба құрылғысы арқылы өткізу енгізуді қарастырған. Жо­ғарғы Сот жаңа кодексті барлық талаптарға сай дайындау барысында сот саласында еңбек ететін судьялардың да тәжірибелері, пікірлері, ұсыныстары шетте қалмады.

Сонымен қатар, сот тәртібінде қарауға жататын даулар санын қысқарту, оларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, отандық сот төрелігін қалпына келтіру мүмкіндігін беретін татуласу рә­сімдерін және медиацияны дамыту маңыздылығын атап көрсеткен болатын.

Дауды сотқа дейін реттеу тараптарға дауды қысқа мер­зімде, материалдық және мо­ральдық аз шығындармен шешуге мүмкіндік береді. Тараптар шарттарда дауды медиатормен, нотариуспен немесе адвокатпен сотқа дейінгі реттеу міндеттілігін қарастыра алады.

Татуластыру рәсімдері жеке регламенттелген. Тараптар ара­сындағы дауды реттеуді медиация тәртібінде медиатор немесе тараптардың өтініш хаты бойынша судья жүзеге асырады. Бір іс шегінде тараптар бір­қатар мәселелерді шеше ала­ды, өйткені, талап қоюдың мәні мен негізінің бір мезгілде өз­гертілуі шешіледі. Әсіресе, бұл балаларға қатысты, мұра туралы туыстар арасындағы, көршілер арасындағы, еңбек ұжымындағы дауларды қарау және шешу ке­зінде оң ықпал етеді.

Жаңа Азаматтық процестік кодексіне жаңа ұғым – «парти­сипативтік рәсім» кезінде дау­ды реттеу ұғымы енгізілген. Пар­тисипативтік рәсім кезінде дауды реттеу тараптар мен олардың адвокаттарының қатысуымен жү­зеге асырылады.

Партисипативтік рәсімдер – татуластыру рәсімдерінің жаңа түрі, бұл рәсім екі тарап ад­во­каттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар ара­сында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі. Партисипативтік рәсім тараптардың татуласуы бойынша олардың мүдделерін ескере отырып, салмақты шешім қабылдауға жәрдем береді. Кодекстің 181-бабына сәйкес, тараптар осы заңның 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін партисипативтік өтініш хатты мәлімдеуге құқылы. Алайда, партисипативтік рәсімді өткізудің татуласу рәсімдерінің басқа түрлеріне қарағанда нақты процестік сатысы көрсетілмеген.

2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енген жаңа Аза­мат­тық процестік кодекс сот­тар­дың қарауындағы істерді оң­тайландырып, оның тиімділігін арттыратынын, қазақстандық сот жүйесіндегі жаңа бағытты, ашық­тық пен қолжетімділікке бастайтын бірден-бір заңнама болатынына сенім мол.

В.МАХАБАЕВА,

Қаражал қалалық сотының судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button