Тасаралдың әкімі – үздік
Осымен екінші рет «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды. Жүзден жүйрік шыққан Ақтоғай ауданы Тасарал ауылының әкімі Нұржан СЕЙІТОВ байқаудың «Үздік шаруашыл әкім» аталымын жеңіп алды. Арнайы дипломды облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ табыстады.
Комиссия ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, тұрғындардың пікірлері мен ауыл басшыларының жобаларын бағалады. Әкімдердің жұмысы туралы Әдеп жөніндегі уәкілдер де өз пікірлерін білдірді. «Үздік шаруашыл әкім» кім? Соған тоқталайық.
– Мен Ақтоғай ауылында туып-өстім. Жасым – 32-де. Ауылдағы мәселелерді жақсы білемін. 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметтемін. Тасарал ауылдық округіне 2017 жылдан әкіммін. Жұбайым Тасарал мектебінде мұғалім, төрт бала тәрбиелеп отырмыз, – деп өзін таныстырған Нұржан ауылы туралы сөз қозғады.
– Тасарал ауылы 1929 жылы құрылған. Қазіргі уақытта онда 423 адам тұрады. Ауылда 13 шаруа қожалығы және үш ЖШС жұмыс істейді. Олардың екеуі балық шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, Тасаралда наубайхана мен асхана, шаштараз жұмыс істейді. Клуб пен медициналық пункт бар. Айта кетейін, бұрын ауылдық клуб жекеменшікте болды, қазір мемлекетке қайтарылды. Екі жыл бұрын Тасаралға 90 жыл толды. Осы тойға ауыл азаматтары үлкен тарту жасады. Ұлттық ойындардан жарыс өтті. Сонымен қатар, ауыл ортасында жаңадан саябақ ашылды. Абаттандыру жұмыстары да, ауылға кіреберісте орнатылған, түнде жарқырап тұратын арка да осы ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен әр салада жүрген азаматтардың қаражаты мен қолдауының арқасында жүзеге асты, – дейді ол.
Ауыл ішінде бұрыннан 13 шақырым грейдер бар. Биыл соның 7,5 шақырымы асфалтталған. Қалғаны келесі жылдың еншісінде.
– Тасаралдағы орта мектепте 25 ұстаз 89 баланы оқытады. Оқу орнына қосалқы сыныптарға арналған үй-жайлар салу жоспарланып отыр. Себебі, жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Келесі жылы Тасаралда балабақша ашылуы тиіс, – дейді әкім. Ауыл өсіп келеді, оған жаңа тұрғындар қоныстануда. Ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін қазандықты қайта жаңарту және бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың үйін жылуға қосу да жоспарланған. Байқау жөнінде ауыл әкімі былай дейді:
– Байқау жөніндегі ақпаратты алғаннан кейін, қатысуға бел будым. Алғаш аудандық іріктеуде топ жардым. Облыстық байқаудан да оза шаптым. Республикалық тартысқа 14 адам қатыстық. Талап бойынша атқарылған жұмыстарымызды бейнебаян түрінде көрсеттік. Арнайы жасаған жобамызды қорғадық. Мен ауылда туризмді дамыту бағытын жоспарға алдым. Өйткені, бізге Балқаш, Алматы жақын. Сонымен бірге күнде пойыз өтіп жататын Сарышаған кенті де алыс емес. Осы жобам арқылы «Үздік шаруашыл әкім» атандым. Байқау ауылға жастарды тартуға сеп болса екен. Өйткені, ауылда штат бар, бірақ маман қат. Айта кетейік, 2020 жылы «Ашық әкім» аталымында Бұқар жырау ауданы Центральное ауылдық округінің басшысы Самат Мейірманов жеңіске жеткен болатын.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.