Ресми

Тасқынға тосқын шаралары пысықталды

Облыс аумағында су тасқынының алдын алуға бағытталған негізгі ауқымды іс-шаралар мамыр-қараша айларында Жол картасы мен облыстық инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес атқарылған еді. Нақтыласақ, өткен жылы 12 іс-шара жоспарланып, оның 7-еуі аяқталған. Нұра өзені учаскелерін санациялау бойынша жұмыс жалғасуда. Бірақ, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарындағы 4 көпірді реконструкциялау бойынша жұмыстар кезегін күтуде. Жоспардағы істерді уақытылы тиянақтамаса, іс насырға шабуы да ықтимал. Облыс әкімдігінде өткен кезекті жиында Ермағанбет Бөлекпаев қарамағындағыларға су тасқынының алдын алу мәселесін жеке бақылауда ұстайтындығын қадап айтты.

Жиынды ашып, сөз алған Ермағанбет Қабдулаұлы ә деген бетте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысы Мұрат Қатпановтан су тасқыны қаупі бар негізгі өзендердің арнасы бойынша мәлімет алды. Бірқатар аяқталмаған іс-шараларға қарамастан, облыста Солонка өзенінің 7 шақырымынан астам учаскесін және Ақбастау өзенінің үш жарым шақырым бөлігін санациялау, сондай-ақ, Ғабиден Мұстафин кентіндегі бар бөгетті нығайту сияқты елеулі жобалар іске асырылған. Бұдан бөлек, Табиғи ресурстар басқармасы Нұра өзенінің учаскелерін, Самарқан су қоймасының кіреберісіне дейін жалпы ұзындығы 4,7 шақырымын санациялау жұмыстарын аяқтап, «Қызылорда-Павлодар» автожолындағы көпір мен Қ.Сәтбаев атындағы канал арасындағы Нұра өзенінің учаскесін тазалау басталған. Барлығы 14 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды. 21 учаскеде су өткізу қабілеті ұлғайтылып, 20 су шаруашылығы объектісіне жөндеу жүргізіліпті. Төрт елді мекенде жергілікті хабарлау жүйесі орнатылды.

– Бұл күнгі негізгі міндетіміз – көлемі артық қарды азайта отырып, қар траншеяларын кесу. Облыс бойынша барлығы 319 мың текше метр қар шығарылды. Алдағы аптада Қазгидромет мекемесі өкілдерімен бірлесіп, Шерубай-Нұра өзендері арналарының жоғарғы ағысы бойынша алғашқы қар өлшеуіш айналма жол жүргізуді көздеп отырмыз. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін барлық тасқын қаупі бар өңірлерді айналма жолдармен қамтуды жоспарладық, – деп баяндады Мұрат Қасенұлы.

Атап өту қажет, тасқын қаупі жоғары Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Абай, Ақтоғай, Нұра, Осакаров аудандарының аумақтары ерекше бақылауға алынды. Автомобиль және теміржолдардың 140-қа тарта қауіпті учаскелері де нысанада. Бүгінгі күні облыс аумағындағы өзендерде қар жамылғысының космомониторингі және жарылыс жұмыстарын жүргізу қызметтеріне шарттар жасасу бойынша конкурстық рәсімдер басталған. Ағымдағы жылға өңір аумақтары мен шаруашылық жүргізуші субъектілерін тасқыннан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Ақпан айының соңына таман «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқулар шеңберінде облыстың басқару органдарының су тасқыны кезеңіне дайындығын кешенді тексеру күтіледі.

– Табиғаттың тосын қылығын болжау қиын. Көріп отырсыздар. Біздегі су тасқынына қатысты өкінішті оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген енжарлықтан, дәлірегі су жүретін арық-атыздарды аршу, бөгеттердің сапасын тексеру, су бөгеттеріндегі ылғал мөлшеріндер кезінде реттемеу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау сынды шараларға баса назар аудармаудан туындап жатады. Қайталап айтайын, мезгілінде қаржыландырылмай, аяқсыз қалған шараларды осы бастан реттеп тастамасаңыздар, көктемде жайылып аққан су шырғалаңға түсірмесіне кім кепіл?! Қазірдің өзінде сіздердің келтірген дәйектеріңіз көңіл тоғайтпай тұр. Сондықтан, келер айдың бас кезінде жағдайды тағы бір тексеріп алған абзал, – деп қорытты сөзін Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыс әкімі қала, аудан әкімдерінің тарапына да «топан су қай жерімнен тап келеді» деп көп болжамай, нақты сақтану шараларымен айналысуды нықтап тапсырды.

Еске сала кетейік, 2008-2018 жылдар аралығында елімізде 20-дан астам су басудың ірі оқиғалары орын алған…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button