Жаңалықтар

Тасқа таңбаланған ауыл тынысы

«Ауыл» партиясының Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің көрме залында «Ауыл нақыштары» атты фотокөрме өткізді. Республикалық дәстүрлі фотобайқау «Ауыл» партиясының бастамасымен 2018 жылдан бері бүгінге дейін жалғасып келеді.

Сонау 2018 жылдан бастау алған конкурсқа 300-ден астам кәсіби және әуесқой фотографтар қатысып, 1000-нан астам фотосурет ұсынылды. Көрменің көздегені – ауылдың маңызын айқындау, ауыл шаруаларының еңбегін насихаттау.

– Таза табиғи өнімнің барлығы ауылдан келетіні мәлім. Қаладағы халықты асырап отырған ауыл десем, жаңылмаспын. Күнделікті сүт, қаймақ, ірімшіктің өзіне дүкен сөресіндегіге қанағаттанбай қолдікін іздейміз. Ауыл өмірі қызық. Осы қала тұрғындарының көбі ауылда болмаған да шығар. Ондағы тыныс-тіршілікті, күнделікті тірліктен бейхабар. Қарап отырсаңыз, қаладағы еңбек уақыты таңертеңгі 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, ал, ауылда – тәулігіне 24 сағат жұмыс. Әрине, ол сондығымен ауыл. Міне, сол ауылдың тұрмысын ел ортасына шығару, оны өзгелерге таныту – басты мақсат. Сайып келгенде, шетелдіктерді тек салтымыз арқылы, байырғы қалпымыз арқылы ғана таң қалдыра аламыз. Ал, ол үшін ауыл тұрмысы туралы деректер көп болуы керек. Көрмедегі суреттер өзі-ақ сайрап береді, – дейді «Ауыл» партиясының облыс бойынша өңірлік филиалының төрағасы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серғазы Әдекенов.

Әрине, ауыл тірлігі қай қазақтың болмасын, көңіліне жылу ұялатары анық. Көрмедегі әр сурет сөйлеп тұрғандай. Көктемгі сақманның төлін өргізген шопан, егістікке қамданып жер жыртқан диқан, ат жаратып әбігерге түскен атбегі, сиыр сауып, құрт қайнатқан ауыл келіні осының барлығының түпкі негізі – ауыл екенін көрме айқындап тұр.

– Біздің еліміз – салтқа бай. Тіпті, түбіміз қазақ болсақ та, әр ауылдың ерекше салты бар. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Мына фотосуреттерге қарап, ауылдағы қарашаңырақ еске түсті. Сары самаурыны иығынан дем алып, келіні сиыр сауған ауыл тірлігі еріксіз ойға шомдырады. Бәріміздің түпкі тамырымыз – ауылда. Кейінде тіпті, қалада өскен жастардың өзін ауыл тынысы қызықтырып, онда барып тұрмаса да, тұрмыс-тіршілігіне қызығушылық танытуда. Бұл да бір ауылдың танылуына қосылған үлес деп ойлаймын, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұртілеу Сиязбаев.

Оның үстіне, қоғамдық еңбектің бел ортасында жүрген ауыл азаматтарының еңбегі кімді де болсын, бей-жай қалдырмасы хақ. Қазақстан халқының дәстүрін, тұрмысын, туған өлкенің келбеті мен ауыл тұрғындарының өмірін бейнеленіп, іріктеуден өткен 50-ден астам сурет қойылған көрме көркі келушілермен қыза түсті. Атап айтсақ, «Ауыл» партиясынан сайланған мәслихат депутаттары, мәдениет қызметкерлері мен колледж студенттері келіп жатты. Көрмедегі туындыларда сиыр сауған ауыл келіні, ат суарған бозбала, құрт пен ірімшік қайнатқан әже бейнелері көзге оттай басылады.

Жан АМАНТАЙ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button