Тасқа түскен тарих
25 мамыр – Алаштың алыбы Әлімхан Ермековтің туған күні. Осыған орай Арқаның ардақты азаматтары, зиялы қауымы ұлт азаттығы үшін шешуші рөл атқарған асыл ердің зиратына барып, аруағына Құран бағыштады. Сонымен қатар, Арқаның қадірлі ақсақалы, белгілі өлкетанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Тұңғышбай Мұқан оқырманына «Үш арыстың ауылынанбыз» атты жаңа кітабын таныстырды.

Бұл кітаптың жарық көруіне Ақтоғайдың азаматтары қолдау көрсетіпті. Тұңғышбай Мұқан – Ақтоғай ауданындағы мәдениет пен өнер саласының дамуына зор үлес қосқан қайраткер тұлға. Зейнетке шыққаннан кейін өңір тарихын түгендеген бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Ақтоғайдың энциклопедиясын да жасаған. Ақсақалдың елге сіңірген еңбегі турасында «Арқаның ардақтысы» атты мақаламыз жазылған еді.
Бұл кітаптың да жөні бөлек. Қаншама жыл жасаған зерттеулер мен ізденістердің қорытындысы. Кітаптың тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен әскери қайраткер, запастағы полковник Амангелді Жантасов арнайы келіп, лебіздерін білдірді. Құдайберген Бексұлтанов Тұңғышбай Мұқанға күміспен күптелген қамшы сыйлады.
– Біз Тұңғышбай ақсақалды ерекше құрметтейміз. Ол әлі күнге дейін елі үшін аянбай еңбектеніп жүр. Әсіресе, жас ұрпаққа қажетті қастерлі топырағының тарихын лайықты төріне шығара білді. Қаламыңыз қаңтарылмасын! Шығармашылық табыс тілеймін! Сізді облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезден танимын. Әр істе ұлттың игілігін ойлап тұрасыз. Соныңыз тізгін ұстаған азаматтарға үлгі болса екен, – деді Құдайберген Бексұлтанов.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлының құттықтау хаты оқылды. Басқарма басшысы Тұңғышбай Мұқан шығармашылығы ұрпақ үшін құнды мұра болатынына сенім білдіріпті.
Кеште Тұңғышбай Мұқанның Сүйіндік Жанысбай, Оралбек Жүнісұлы секілді белгілі қаламдастары да төбе көрсетті. Сонымен қатар, әйгілі «Тоқырауын толқындарының» өнерпаздары қадірлі меймандардың қатарында. Кеш модераторы Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Күлшікенов болды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»