Бас тақырыпРуханият

Тасқа басылған тарих

«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп жазған екен М.Әуезов 1923 жылы «Ақ жол» газетінде. Дәл осы анықтаманы ел басына күн туған сол бір алмағайып кезеңде қазақтың ат төбеліндей қайраткерлері ашқан әрбір газет-журналға қатысты айтуға болады. Соның бірі – ең алғаш «Ұшқын» деген атпен жарық көрген қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті еді. Бүгінде еліміздің көшбасшы басылымына айналған «Егемен» ғасырлық белеске жетті.

ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Бірлік туы», «Қазақ газеті», «Дала», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік» сияқты газет-журналдарда сол тұстағы қазақ оқығандары бұқараның көзін ашып, көңілін ояту ісіне аянбай үлес қосты. Сонымен бірге, ұлт тіліндегі газет стилі мен жазба əдеби тілінің дамуына жол салды.

Осы алмағайып кезеңде ат төбеліндей елшіл азаматтар «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген ұстанымның төңірегіне топтасып, қалың қазаққа бағдаршам болды. «Алаш» деп атқа қонған ардақтыларымыз ұлы күресті ұлт ағарту ісімен ұштастырды. Газет шығарып, оқулықтар жазды. Отарлық қамытынан қорғалап қалған қазақтың рухын оятып, тілі мен сөзін түзеуге, сол арқылы ұлттың өзін түзеуге талпынды. Арыстардың сөзімен айтсақ, олар «өзіне артылған жүкті жетер жеріне дейін апарды».

Алаш қайраткерлері ілгерілеткен ұлттық баспасөз көші Кеңес дәуірі тұсында цензураның қатаң қадағалауына өтсе де, замананың дүмпуімен одан әрі қадам басты. Бұл тұста «Еңбекші қазақ», «Қазақ мұңы», «Мұғалім», «Кедей сөзі» тәрізді газет-журналдар қазақ қауымының рухани азығына айналды. Кирревкомның органы ретінде 1919 жылы «Ұшқын» жəне 1920 жылы «Известия Киргизского края» газеттері жарық көрді. Бұл басылымдардың мұрагері – бүгінгі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері.

Биыл жүз жылдық белеске шыққан «Егемен Қазақстан» өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Аға басылымда әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, газетті дамыту ісіне зор үлес қосты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері «Егеменді» Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Әбдірахманов, Еркін Қыдыр сияқты қаламгерлер басқарды. Осы жылдар ішінде халыққа ақпарат жеткізіп қана қоймай, мемлекет саясатын насихаттай отырып, рухани бағдар беруге, елдікке шақыруға қызмет еткен басылым бүгінгі күні де сол биіктен табылып отыр. Осының барлығы – қазіргі таңда іс басында жүрген және бұған дейін «Егеменнің» басы-қасында болған азаматтардың, барша ұжымның еңбегі екені даусыз.

2016 жылдан бері газетке белгілі қаламгер, публицист, түркітанушы ғалым Дархан Қыдырәлі басшылық жасап отыр. Бүгінгі «Егемен» – цифрландыру кезеңінің жаңашылдықтарын, баспасөзді дамытудың тың тәсілдерін игерген, осының арқасында Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда таралымы жөнінен көш бастап тұрған басылым.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап «Егемен Қазақстан» газеті оқырманға жаңа еуроформатта тарала бастады. Жаңа форматқа сай мазмұн сапасы күшейтіліп, сараптамалық материалдарға басымдық берілді. Халықаралық сарапшылар автор ретінде тартыла бастады. Оқырмандармен тығыз байланыс жолға қойылды. Бұған қоса, осы тұста egemen.kz сайтын құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жетілдіру, оның интернет кеңістіктегі ақпараттық бәсекеге қабілетін арттыру жұмыстары да қолға алынды. Бүгінде газеттің интернет ресурсы еліміздің газет жетпейтін аймақтарын ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қазақтарды да қамтиды.

Ғасырлық белестегі айтулы шараның бірі – газеттің «Ұшқын» деген атаумен алғаш 1919 жылғы 17 желтоқсанда шыққан кезінен бастап «Егемен Қазақстанға» дейінгі нөмірлерін цифрлы мұрағатқа жинақтау жұмысы қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, жақында ғасырлық шежіреден сыр шертетін «100 жылдық жылнама» жинағының 1919-1976 жылдар аралығын қамтитын алғашқы бес томы жарыққа шықты.

 «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану…» деген екен Алаш көсемі әрі қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Әлихан Бөкейхан жүз жыл бұрын. Ендеше, бүгінгі ғасырлық той тек ел газетінің ғана емес, жалпы ұлт руханиятының қуанышы.

Осы мерейлі мерекемен «егемендік» әріптестерді, қазақ баспасөзінің барша оқырмандарын шын жүректен құттықтаймыз!

Қамбар АХМЕТ

Басқа материалдар

Back to top button