«Тарлан» тобы Бас жүлдені иеленді

Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Күй-MIX» республикалық байқауы финалистерінің гала-концерті Достық үйінде өтті. 18-28 жас аралығындағы жастар арасында өткізілген байқауға қатысу үшін музыка шеберлері тиісті өтінім беріп, іріктеу кезеңінен өткен. Ақтық сайыста Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларынан 8 қатысушы бақ сынады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жоба ауқымды болған. Байқау аясында № 102, №103 мектеп-гимназияларында, Қарағанды қаласының жоғары политехникалық колледжінде және Қарағанды атындағы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де қатысушылардың көрсетілім қойылымдары өтіпті. 
– «Күй-MIX» республикалық байқауын Жастар жылына орайластыруды жөн көрдік. Оны Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырдық. Байқау халық музыкасын танымал етуге, өскелең ұрпақты салт-дәстүрге, мәдениетке және халық шығармашылығына баулуға бағытталған, – дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені қарағандылық «Тарлан» тобы иеленді. I орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Темірлан Олжабай және Ернат Наурыз дуэне берілді. II орынды Бақытжан Желдербаев пен Мақсат Хасанов жеңіп алды. III орын Жаңаарқа ауданы намысын қорғаған Уәлихан Шекимовке бұйырды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар, ақшалай сертификаттар және сыйлықтар табыс етілді.
Жастар саясаты жөніндегі басқармада атап өткендей, байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлттық бірегейлікті, мәдениетті және жеке ұлттық кодты сақтау бағытындағы міндеттеріне толық сәйкес келеді. Осы себепті ол Қарағанды облысының жобалар тізіліміне енгізілді.
Сонымен қатар, Гала-концертпен бірге домбырада ойнау үшін автоматтандырылған робототехникалық жүйенің тұсаукесері ұйымдастырылды. Оны «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқушылары жасап шығарған. Робот әзірге тек «Еркемай» шығармасын ғана орындай алады. Алайда болашақта өнертапқыштар оны басқа да композицияларға үйретуді жоспарлап отыр.
Бұған қоса көрермендер шара барысында саксофонда орындалған Ирина Борзыхтың күйлерін тыңдап, Тәттімбет атындағы колледж студенттері күй флешмобын тамашалады. Сондай-ақ, сахнада Балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы бойынша оқушылар өнер көрсетті. Кеш қонақтары мен қатысушыларға Қарағанды облысының дарынды жас музыканты Мағжан Файзрахман домбырада ойнау шеберлігін көрсетті.