ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙІК: «ТАҢАЙ» емес, «ТАҒАЙ»
Менің арғы ата-бабамның бірі Тағай деген кісі екен. Жаугершілік заман ғой, ол бабамыз да жұртшылықты жігері мен білегіне қаратқан батыр адам болса керек жарықтық. Осыны бірде айтулы ақын АЙТОВҚА айтып бергенім бар. Бөгенбай, Қабанбай сияқты ерен ерлерді талай жырлаған Несіпбек:
– Сондай абыз аталарымыз бен белді батырларымыз болмаса мына далиған далаға қалай ие болар едік, – дей келіп, – бірақ батырларыңның аты қызықтау екен. Таң-Ай деген батыр түгілі, тіпті, ер адамға қоятын есім емес қой, – деп салғаны. Елу жыл бірге жүрген есті досымның осы сөзі осы ізденісіме қамшы болды.
Тарихтың бастау көзінің бірі ру шежіресі ғой. Менің қолымда да бергі Сазанбайдан тараған тумалас туыстарымыздың шежіресі бар еді. Ол:
– Қаракесек Бес Бошанның Сырт Бошан атанған Машай баласы – Бәйімбет балалары Қояншы, Тағай, Дәулет алдыңғы екі атаның атымен Қояншытағай атанған, – деп басталады да, іле-шала Тағай деп айтатындарға ептеп реніш білдіре келіп: Жазба шежірелердің бәрінде Таңай түрінде кездеседі, – деп шегелеп қояды. Неге сүйеніп айтылғаны белгісіз.
Бірден айтайын, менің зерттеуімде бұл пікір мүлдем керісінше шықты.
Қазақта Мәшһүр Жүсіпті білмейтін жан жоқ шығар. «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресі тарихымыз үшін құнды негізгі деректер көзі болып табылады» деп өзі де ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан дәріптеп кеткен, «Өмірдің жолдарында жар бола гөр, Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп» деп Ғафу Қайырбеков тәңірдей табынған Мәшекең емес пе.
Қолыма ғұламаның «Қазақ шежіресінің» 8-ші нұсқасы түсті. Онда: «Тағайдың Тағайынан (ол кісінің мақамы осылай) – Тастемір, Жетес. Жетестен Сазанбай: Есбай, Жарбай. Есбайдан: Бөде. Қояншы-Тағай Бұғылы-Тағылының Тағылысында болады». Тайға емес, осы тасқа таңба басқандай емес пе?!
Керекуліктер үлкен азаматтық жасап, ол кісінің бүкіл еңбектерін жинақтап, 20 том қылып шығарған. Тиражы аз. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың Қазымбетінен тарайтын тікелей ұрпағы Марат Әлихан дейтін генерал бауырымды салып жүріп қолыма әрең түсіріп едім. Соны түгелдей ақтарып шықтым.
Осы жинақтың 6-шы томында Мәшекең Жанақ пен Сақау ақынның айтысын келтіріпті. Ондағы «Ашулансам Қарсұн, Керней, Қояншы-Тағай, Шықпайды уысымнан» деген жолдар көзімізге оттай басылды. 10-томның 205-бетінде өзі жасаған «Қазақ батырлары» тізімінде «Қарсұн-Керней-Қояншы-Тағай-Әлтеке-Сарым, – деп біздің бес ата баласын түгел атай келіп, Жидебай батырды ауызға алыпты.
16-томының 224-бетінде «Қаракесек балалары: Қояншы, Тағай, Алтеке, Қарсын, Керней еді» деп, тіпті, анық жазады. Бұл ғұламаның жазған «Қазақ шежіресінің» 12-нұсқасы. Мәшһүр Жүсіптен артық білем деген адам болса шықсын енді!
Бұл жерде қадап айта кететін бір жайт: Мәшекеңнің біздің Қарқаралы-Қазылықпен қойы – қоралас, адамы – аралас. Баянауылда отырып-ақ бүкіл жер шарын шалып сөйлейтін ғұлама-ғалымның іргесіндегі елді жете білмеуі мүмкін емес.
Қазақтың тағы бір ірі шежірешісі Шорманның Мұсасы ғой. Ол кісінің еңбектерін Потанин алған, Шоқан алған деген деректер бар. Індетіп іздей алмадым. Алайда, Мәшекең екеуі бір жерден ғой, Сүйіндіктің, атамыздың қос сүлейінің таным, білімі бірдей екендігіне сенімім кәміл.
Қош, бұлар бізбен жапсарлас елдердің өкілдері дейік. Ал, алыстағы ағайындар не дер екен?!
Жетісудың тумасы, қазақтың аса білімдар азаматының бірі – Мұхамеджан Тынышбаев Петербордағы Жол қатынастарының императорлық институтын бітірген. Ресей думасының депутаты, кейіннен Түркістан автономиясының премьер-министрі болған үлкен тұлға.
Менің жеке архивымда М.Тынышбаевтың «Родословные таблицы к генеологии киргиз-кайсацких родов» деген еңбегі көптен бері жатушы еді. Соның «Аргын» деген бөлімінде Қаракесекке жататын аталардың кестесін жеке беріпті. Онда да атамыздың аты «Тагай» деп бадырайып тұр. Ал, өзім ес біліп, етек жиған кезімде шыққан шежіре – Марат Мұқановтың «Этнический состав и расселение казахов среднего жуза» деген кітабы. 1974 жылы осы кітап шыққанда иісі қазақ қоғамында бомба жарылғандай дүрлігіс болғаны есімде. Өйткені, ол кезде ру туралы мүлдем айтқызбайтын. Орыстың мәңгүрттендіру саясаты ғой. Үш мыңдай ғана таралыммен шықты. Бұл ол кез үшін өте аз. Пышақ үстінен үлесіп алдық. «Әкесі Сәбиттің архиві ғой» десіп жатты үлкен ағаларымыз.
Ал, негізгі тақырыбымызға көшсек, мұнда да тек қана «Коянчи-Тогаевская волость» деген атауларды кездестіресіз. Марат Сәбитұлы мысал ретінде 1841 жылы Қарқаралы округі аумағында тұрғындар бойынша мәліметтерді келтірген. Ол кезде де Қояншытағайлар Шапан аңғарында (менің Жәмкен әкемнің туған жері Шопа болуы керек) қыстап, Сарысу, Нұра және Қызылқойсу өзендері бойларында көшіп жүріппіз (105-бет). Не деген дәлдік десеңізші?!
Жалпы бір айта кететін нәрсе, Қаракесек тайпасының 25 ірі руларының бәрін түстеп, түгендеп айтып берген орыстың аса ірі этнограф-ғалымы Н.Аристовтың (1847-1910 жж.) еңбектерінен бастап мен көрген орысша құжаттардың бәрінде «Тагай», яки, әлгіндей сәл бұрмаланып «Тогай» деп жазылған. Ал, Г.Потанин болса, Тағайды Қамбардан таратып қойыпты.
Тімтініп жүргенімде архивтен Қояншытағайлардың Қызылтау болысының 1893 жылғы бір құжаты түсті. Онда былай деп жазылыпты: «Кызылтавская волость – до 1 января 1878 года Аюлинская волость, еще раньше Коянчи Тагаевская», ал, соңғы бетінде «Род Тогай» деген атау тағы кездеседі.
Осы құжаттан тікелей өзіме қатысты біраз деректер таптым. Сол кездерде болған болыстар мен билердің аттары аталыпты. Осы Қызылтау болысын 1872 жылдың 13 қаңтарынан бастап Серік Будин басқарды деген ақпарат көзіме оттай басылғанын несіне жасырайын. Бұл атақты Бөденің Серігі. Жаяу Мұсаның Арап батырға шығарып берген әні «Сұршақыз» – Күнбөпенің туған ағасы. Менің үшінші атам Жарбайдың ағасы атақты Есбайдың баласы. Аржағында алты атадан кейін Тағай батыр тұр. Осы жерде:
Қаракесек-Кәрсеннен шықты
Көппай,
Шықты да сөне қалды жанған оттай.
Қос тарлан Қояншытағай
Бөде-Серік,
Дабысы мұзға салған пароходтай, – деп жырлаған Шөже ақынның өлеңі еріксіз еске түседі.
Ал, Таңай батырдың тікелей ұрпағы Қақпан ақын не дейді екен:
Бұл жақтың келіп көрдім қаласында,
Көз жетпес құба жонды даласына.
Маясар, аман-есен елге барсаң,
Сәлем айт Қоныштағай
баласына.
Батырдың шежіре сөздің білгірі екі ақын ұрпағы да аталарының атын жаңылмай «Тағай» деп дәл айтып тұр. Сонда жарық күнде жаңылған біз болып тұрмыз.
Шежіреге «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханов та атсалысқан. Бөкейханов нұсқасында «Қызылтау болысын қарапайым халық Қояныш-Тағай деп атайды. Ол Қояныш және Тағай деген екі рудың бірлестігінен тұрады» деп ап-анық көрсетілген. («Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда» 30-бет)
Ілгеріде жазылған шежірелердің ішінде «Таңай» дегенді бірақ жерде кездестірдім. Ол Қарағандыда тұратын Емберген Омаров ақсақалдың жазбасы. Ол кісі құдайға қараған зиялы адам болуы керек. Кеткен қателер болса, әсіресе, ру аттарынан, білетін жұрт түзетер, толықтырар, – деп алдын ала ескертіп қойыпты.
Ал, 2008 жылы шыққан өз шежіремізде, Павлодарда шыққан «Қаракесек шежіресінде» кітаптың кіріспесінен бастап «Таңай» дегенге күрт көшіп кеткен.
Сонда үш ғасыр бойы Тағай ұрпақтары болып, ғайыптан тайып ХХІ ғасырдың басынан бастап атамыздың атын өзгертіп шыға келіппіз. Қазір реформа деген мода ғой, жұрт экономиксын реформалап жатқанда, біздің атамыздың атын реформалап жібергеніміз қалай болғаны сонда?!
Жақын бауырластарымыз Бораншыдан тарайтын Жәутік атаның 2014 жылы шыққан шежіресінде «Тағай» деп жазыпты да, қазіргі дүрлігісімізді ескерген болуы керек, жақшаның ішіне «Таңай» деп қойыпты.
Менің пікірімнің тұздығы ретінде артқа «көзір» қылып сақтап отырған бір дүнием бар. Енді, соны айтайын. Тәуелсіздігімізден кейін көп ұзамай «Қазақ ру-тайпаларының тарихын» ғылыми тұрғыдан қалыптайтын «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы құрылды. Бұл орталықтың басшысы және ұйымдастырушысы белгілі ғалым Х.Ғабжалелов деген азамат. Оның жұмысына қазіргі тарих тізгінін ұстап отырған Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев сияқты көрнекті ғалымдар тартылды.
Осы жобаның 9-шы томы (оның өзі үш кітап) Арғын руларына арналған. Бұл кітаптар қолыма тигенше тағат таппадым. Егер онда «Таңай» деп тұрғанда барлық зерттеулерімді тоқтататын едім. Өйткені кәсіби тарихшы ғалымдардың қолынан шыққан пайым, қорытындыларға күмән келтірудің өзі ендігі жерде әбестік болар еді.
Осы 9-томның 3-ші кітабының 290-бетіндегі ғалымдардың ғылыми қорытындысын көріп менің де ізденістерімнің босқа кетпегеніне толық көзім жетті.
«Ойымызды қорытындылай келе, – деп жазылыпты онда, – Бәйімбет ұрпақтары ауызекі шежіреде Қояныштағай аталып кеткенін /анықтадық/, ал шындығында Қояншытағай есімімен аталған. Бәйімбет ұрпақтары Дәулет, Қояншы, Тағай деген үш аталықтан тұратындығы анықталды».
Осы кітаптың Машай руы бөлімшесінде «Дәулеткерей емес – Дәулет, Таңай емес – Тағай болуы керек» деп тағы да қадап айтылған. Бұл – осы уақытқа дейінгі барлық шежірелер ғылыми тұрғыдан қорытылып, әбден зерделеніп жасалған академиялық басылым. Ендігі жерде жалғыз біз емес, барлық қазақ жұртшылығы осы басылымды басшылыққа алғаны жөн дер едім.
Ал, «Тағай» сөзінің мағынасын Ғабит Мүсіреповтің мұражайында тұрған қойын кітапшасынан таптық. Бұланның еркегін солай атайды екен. Мұны ғалым ініміз Айтуған Мұқашев те білетін болып шықты. Ендеше, Бұғылы-Тағылы деп жүргеніміз осы бұлан болуы керек. Ал, бабамыз да сол жерде дүниеге келген.
Жақында жерлес этнограф-жазушымыз Төрехан Майбастың жазбаларынан осы сөздің тағы бір мағынасын кездестірдім. Нағашының баласын – таға, ал одан туған баланы тағай дейтін көрінеді. Батыр бабамыздың шын есімін жиендері ұмыттырып, Тағай атандырып жіберуі бек мүмкін ғой.
Ардақты ағайын! Бәріміз де бұдан былай мән-мағынасы күмәнді «Таңайды» қойып, «Тағай» дегенге тоқтасақ қайтеді. Баяғыдан етене, құлағымызға жағымды есім. Дәл қазір бұрынғы шежіре толықтырылу үстінде. Дер кезі. Ойласайықшы. Ең бастысы – жас ұрпақты адастырмайық.
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,
Халықаралық Ақпарат
академиясының академигі,
«Қазақ журналистикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері.