Бас тақырып

Тарихтың жаңа парағы

Бозоқтан басталған байтақ шежіре – бүгінгі Астананың жүрегінде бүлкілдеп соғып тұр. Тарих көшінде Целиноград атанып, Ақмола болып жаңғырып, Астанаға айналған бұл қала – созылып жатқан қазақ даласының сан ғасырлық тағдыры мен тәуелсіздік дәуірінің табысты тоғысқан тұсы. Шағын қоныстан еңселі елордаға дейінгі жол – елдің асқақ арманы мен ұрпақтың үкілі үмітінен өрілген жол. Елорда – шежірелі тарихтың сабақтастығы мен жаңғырудың, болашақтың бастауы. Арманнан туған қаланың жаңғыру жолы – ХХІ ғасырдағы ең ірі әрі теңдессіз бетбұрыстың бірі. Еуразия жүрегінде орналасқан бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған Астана – байтақ өлкеміздің әкімшілік, саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығы.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

География мен даму көкжиегі

Астана – бір кездері жусан исі аңқыған дала төсінде шағын қала болса, бүгінде алып мегаполиске айналып, жаңа ғасырдың сәулеті мен рухани жаңғырудың бейнесін үйлестіріп отырған елорда. Қазір қала географиялық тұрғыдан ғана емес, саяси, экономикалық, мәдени және халықаралық тұрғыдан да маңызды орталыққа айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас қала жөнінде: «Астана – еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны. Бұл – бүкіл халқымыздың ортақ жетістігі, алдағы күнге деген сенімінің белгісі» деген еді.

Республикамыздың бас шаһары Астана қаласы – елдің солтүстігінде, созылып жатқан Сарыарқа даласының дәл төсінде орналасқан. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы – елорданы Еуразия құрлығының ірі транзит логистика және коммуникация торабына айналдырып отыр.

Ел астанасы 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға ауыстырылған кезде, бұл қала шағын ғана өңірлік орталық болған еді.

Мүмкін еместей көрінген дүние жүзеге асып, аңыз ақиқатқа айналды.
Бүгінгі таңда Астана елдегі халық саны ең қарқынды өсіп жатқан қалаға айналды. 2017 жылдың маусымында Астана миллион тұрғыны бар қала мәртебесіне ие болды.
Қала халқы жылдан-жылға еселеніп, 2024 жылдың шілде айында 1,472 миллионға жетсе, желтоқсан айында бұл көрсеткіш 1,520 миллионнан асты. Бұл – қаланың даму қарқыны мен халықтың әлеуетіне сенімінің көрінісі. Халық санының өсуі – Астананың тек геосаяси ғана емес, әлеуметтік-экономикалық тартымдылығын да аңғартады.

Экономика мен инвестициялық серпін

Бас қаланың экономикасы жылдан-жылға дамып келеді. Қаланың өнеркәсіп саласында өңдеуші сектор алдыңғы қатарда. 1998 жылы өнеркәсіптің 46,5%-ын өңдеу өндірісі құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 90%-дан асып жығылады.

Ресми дерекке сүйенсек, 1997 жылдан бері Астанаға 15,4 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл қаржының нәтижесінде, тұрғын үй құрылысы 1997 жылмен салыстырғанда 30 есеге өсіп, 4,4 миллион шаршы метрге дейін жеткен. Бұл – жаңа шағынаудандар мен зәулім ғимараттардың қатары үздіксіз көбейіп жатқанын көрсетеді.

Астана – кәсіпкерліктің орталығы. Бүгінде мұнда 227 мыңнан аса бизнес субъектісі тіркелген. Әрбір үшінші астаналық – шағын және орта бизнеспен айналысады.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 2,5 триллион теңгеден асып, өңдеу өнеркәсібі жалпы өндірістің 90%-ын құрады.

Әлеует һәм әлеумет

Астана әлеуметтік тұрғыдан да жан-жақты дамып келеді. Қалада 613 балабақша, 188 жалпы білім беретін мектеп, 32 колледж және 14 жоғары оқу орны бар. Назарбаев Университеті, ЕҰУ, ҚазАТУ, Астана медицина университеті сынды білім ошақтары ғылым мен жаңашылдықтың ордасына айналып отыр. Денсаулық сақтау саласында 31 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде, 9 аурухана мен 16 емхана бар. Дерекке сүйенсек, қаладағы орташа айлық жалақы 505 045 теңгеге жетіп, өмір сүру минимумының мөлшері 53 975 теңгені құраған. Бұл көрсеткіштер елорда тұрғындарының өмір сапасының артқанын білдіреді.

Әлемдік диалог алаңы

Астана елордалық қызметпен ғана шектелмейді. Ол – бейбітшілік пен келісімнің жаһандық алаңы. 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері осында өтеді.
Сонымен қатар, Сирия бойынша Астана процесі әлемдік қауымдастыққа үлгі боларлық келіссөз алаңына айналды.

Astana International Forum, Astana Economic Forum, Astana Club сынды алаңдарда әлемдік көшбасшылар, экономистер мен саясаткерлер бас қосады.

Одан бөлек, Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, EXPO-2017 сынды ауқымды іс-шаралар елорданың әлемдік беделін арттыра түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елорда қазір де әлемдегі соғысып жатқан елдерге қамқорлық танытып, бейбіт келіссөз жүргізуде.

Астанадай бас қаласы бар тәуелсіз еліміздің халықаралық аренадағы абыройы асқақ, беделі биік. Тәуелсіздік алған тұста түрік ағайындар алғаш мойындаған болса, бүгінде Қазақстан әлемге мәшһүр. Оған халықаралық ұйымдарға мүше болып, жаһандық саясатқа еркін араласа алатыны дәлел. Атап айтсақ, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Еуразиялық экономикалық одақтың, Ислам ынтымақтастық ұйымының және Біріккен ұлттар ұйымының түрлі бастамалары аясында халықаралық рөл атқарып отыр.

Астанада орналасқан Astana International Financial Centre (AIFC) халықаралық құқықтық жүйе негізінде жұмыс істейтін өңірлік қаржы хабының да нәтижелі жұмыс істеп тұрғанын атап өткен жөн.

Сыртқы саясатта да Астананың өзіндік үлесі зор. Қала халықаралық келіссөздер, саммиттер мен бейбітшілік миссиялар өтетін маңызды диалог алаңына айналды.

Түйін

Астана – ертеңге бет алған елдің айнасы. Ол – заманауи өркениеттің белгілері мен бабалар мұратын тоғыстырған рухани әрі материалдық символ. Бизнеске, ғылымға, мәдениет пен өнерге де кең өріс ашатын, мүмкіндіктер қаласы. Астананың әр күні – жаңа белес, әрбір ғимараты – тарихтың жаңа парағы. Демографияның, индустрияның, білім мен спорттың, дипломатияның кең қанат жайған нүктесі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button