Рухани жаңғыру

Тарихты тану, атамекенді ардақтау – “Егемен” ұйымдастырған экспедицияның басты мақсаты

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өңірлердің тарихи-мәдени және туристік әлеуетін кеңінен көрсетіп, насихаттау мақсатында «Атамекен» экспедициясын ұйымдастырды. Бұл игі іс-шара барысында «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері қызметкерлерінен құралған делегация Қарағанды облысындағы Ұлытау-Жезқазған өңірі мен Жаңаарқа ауданының тарихи жерлерін аралап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, екі мың шақырым шамасындағы жолды еңсерді.

АҚСЕЛЕУ БИІГІНЕН БАСТАЛДЫ Құрамына «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің қызметкерлері енген делегацияны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен бастап барды. Экспедиция құрамында «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, басылымның бөлім меңгерушісі Мирас Асан, «Казахстанская правда» газеті сайтының редакторы Евгений Федоров, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Зарина Москау, ардагер журналист, этнограф-жазушы Төрехан Майбас, «Saryarqa аqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахмет, Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұржан Ілияшев болды. Сонымен бірге, экспедицияға жергілікті «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаев пен оператор Олжас Ғаббасов ақпараттық қолдау көрсетті. Жаңаарқа ауданының орталығына жеткенде, «Атамекен» экспедициясын аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбек Сайлаубеков, аудандық «Жаңаарқа» газетінің редакторы Салтанат Ералина қарсы алды. Жаңаарқа кентіндегі «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесінде экспедиция мүшесі, ардагер журналист, этнограф-жазушы Төрехан Майбастың «Құрмалдық» деп аталған кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Алаштың аяулы тұлғасы Ақселеу Сейдімбектің дүние танымы турасында сыр шертетін бұл туындының құндылығы жөнінде жылы пікірлер айтылды. Жаңаарқалық азаматтар автордың иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Кітапханадағы келелі іс-шарадан кейін «Атамекен» экспедициясы Ақселеу Сейдімбектің мәңгілік тыныс тапқан мекеніне келіп, оқылған Құранның, бағышталған дұғаның ішінде болып, тау тұлғаның рухына тағзым етті. Айта кету керек, Ақселеу Сейдімбек 1976-1983 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Міне, «Егемен» ұйымдастырған экспедицияның Ақселеу биігінен бастау алғанында осындай символикалық мән жатқан еді.

ЖЕЗҚАЗҒАН ЖЕРІНДЕГІ ЖЫЛЫЛЫҚ

Ақселеу биігінен аттанған «Атамекен» экспедициясы 325 шақырымды артқа тастап, Жезқазған қаласының шетіне іңір түскен мезгілде ат тұмсығын іліктірді. Бұл жерде делегация мүшелерін қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Мереке Мырзабекова мен Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Дархан Мұқан бастаған топ қарсы алды. Ертесіне «Атамекен» экспедициясын Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров қабылдап, баспасөз өкілдерін өңірдің қазіргі тыныс-тірлігімен таныстырды. Қала басшысы әңгіме барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы құрметіне «Жезқазғанның 70 жылдығына 70 игі іс» жобасын жүзеге асыруды бастап кеткендерін мәлім етті. Жобаға кірген 70 игі істер қалада жайлы жағдай жасауға және оның сәулеттік келбетін жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, Жезқазғанды инвестициялық және басқа да жобаларды іске асыру тұрғысынан тартымды, ең жайлы қала ретінде танымал етуге, адами капиталды тиімді пайдалануға бағытталған. Кездесу бары- сында қаладағы ауыз су және экологиялық ахуалдың күрделі мәселелері, оны шешудің жолдары да сөз болды. Бұдан кейін экспедиция мүшелері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде болып, ежелгі заман сырын шерткен экспонаттармен танысты. Аталған мұражай қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған. «Атамекен» экспедициясының мүшелеріне Жезқазған жерінің жылылығын сездірген жанның бірі – «Егеменнің» елдегі жанашыры, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков болды. Алыс жолдан келген делегацияның тынығып алуына барлық жағдайды жасаған азаматқа деген алғыс мол, әрине.

«ЖОШЫ ХАНҒА» ЖОЛ КЕРЕК

Жезқазған қаласынан Жошы хан кесенесі орын тепкен жерге дейінгі қашықтық 50 шақырымдай болады. «Атамекен» экспедициясының қара жолдың шаңын шығарып межелі жерге жеткенде, құладүзде бой көтерген сәулетті ғимаратты көріп таңғалғаны рас еді. Оның ашылуы биылғы қазан айына деп жоспарланған көрінеді. Кешеннің аумағы өте ауқымды: ол 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 1,8 мың шаршы метр аумақта көрме залы, асхана, 20 орындық қонақ үй мен намазхана сияқты бөлімдер орналасқан. Үлкен дәліздің кіреберісіне монитор қойылған, оның көмегімен кесенеге келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде таныса алады. Мәдени-тарихи кешеннің ауласында «Жошы хан» ескерткіші орын тепкен. Биіктігі бес метр болатын бұл мүсінді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов сомдапты. Ескерткіш жанына хан шатыры орын теуіпті. Оның іші кілемдермен және әшекейлермен көмкерілген, сонымен қатар суретке түсушілерге арналып символикалық тақ орнатылған екен. Бұдан бөлек, кешен аумағында «Ақсақ құлан» мен пар ат жегілген күйме сынды сәулет нысандары тұр; тулар, тутұғырлар қойылған. Еске сала кетер болсақ, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша Үкімет Қаулысымен бекітілген «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар» жоспарына енген болатын. Айта кететін бір жайт, экспедиция мүшелерінің Жошы хан кесенесіне аялдаған кезде мұндағы кө ненің ескерткішін тамашалап жүрген бірқыдыру жұртты көріп, сүйсінгені рас еді. Көзге жылұшыраған бұл көрініс жаңа кешен пайдалануға берілгенде, кесенеге келетін саяхатшы қауым санының тіпті де арта түсетініне көңілді сендіреді. Тек, бір ғана әттеген-ай бар: ол – жол мәселесі. Осы жағы ойдағыдай шешім тапса, Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне туристердің толассыз ағылатын түрі бар екен.

ҰЛЫТАУ ҰЯЛМАСЫН ДЕСЕК…

Экспедиция мүшелері Жошы хан кесенесінен кейін 25 шақырым жердегі Алаша хан мазарына соққаннан кейін, Ұлытау ауданының орталығына жол тартты. Ұлт ұясы қақпасының алдынан күтіп алған аудан әкімі Советбек Медебаев журналистер делегациясын Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына бастады. Қабырғасы 1990 жылы қаланған Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының жалпы ауданы 147,246 мың гектар болады екен. Мұражай қорында мыңдаған жылдар бойы Еуразия даласында өмір сүрген және өмір сүрген мәдени қауымдастықтардың дамуын көрсететін сирек және ерекше жәдігерлер бар. Олардың жалпы саны 4902 екен. Музеймен болған таныстықтан кейін экспедиция мүшелері кенттегі жаңадан бой көтерген «Сапар орталығы» ғимаратында болды. Құрылысы 2018 жылы басталған бұл нысан биыл келушілерге айқара есік ашпақшы. Мұнда туристерге қажетті барлық жағдай қарастырылған екен: дәмхана, кәдесый дүкендері, мәжіліс залы жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, бір мезгілде 15-ке жуық туристі қабылдай алатын жайлы бөлмелер бар екен.

Әттең, уақыттың тығыздығына байланысты, Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едіге жерленген тарихи орындарды, Алтыншоқы тауындағы Ақсақ Темір жазба қалдырған тас тақтаны көрудің сәті түспеді. Уақыт болған күннің өзінде, Ұлт ұясы – Ұлытауда бел суытар қонақ үйдің, жүрек жалғар асхананың жоқтығы қонақты қондырмас та еді. Қалай болғанда да, күні ертең туристер қаптап келіп жатса, Ұлытау ұятқа қалмасын десек, мейманхана мен дәмхана және сапалы жол міндетті түрде салынуы керек-ақ екен…

Күн ұясына құлаған мезгілде «Атамекен» экспедициясы биылғы жаз дала өртінен көз ашпаған Ұлытау ауданына тілеулестік білдіріп, екі қолын бұлғап қимай қоштасқан жаңа әкімінің қызметіне сәттілік тілеп, атқа қонды.

«Егемен Қазақстанның» бұл жобасы өзінің мақсатына жетті деп сеніммен айтуға болады: жоспарланған іс-шаралар түгелдей жүзеге асып, тарихымызды тануға, атамекенді ардақтауға, туризмді насихаттауға бағытталған миссия өз межесін бағындырған еді.

Сөз соңында тағы да қайталап айтпағымыз, осы сапардың барысы тарихқа тұнған өлкемізге туристер лек-легімен келуі үшін тақтайдай тегіс жол керек екеніне көзді тағы бір мәрте жеткізді. Сонымен бірге, саяхатшыларға сапалы қызмет көрсететін қонақ үйлер саны да арта түссе деген тілек бар. Осы екі мәселе шешімін тапса – Жезқазған-Ұлытау өңірі туризм индустриясының шарапатын молынан көреді деп сеніммен айтуға болушы еді.

Қайрат ӘБІЛДА.

Суреттерді түсірген Жандос ОТЫЗБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button