Тарихтың түнгі сыбыры
Америкалықтар түсірген «Музейдегі түн» деген ғажайып оқиғаларға толы фантастика жанрындағы фильм бар. Фильмді көрген, ұнатқан адам музейде бір түн өткізуді армандайды. Музей әлемінің кереметін тұла бойымен сезінгісі келеді. Өңірімізде жыл сайын «Музей түні» атты шара ұйымдастырылады. Бұл шараны аймақ тұрғындары асыға күтеді. Күн ұясына батып, қараңғы түн орнағанда, музей дәліздерін емін-еркін шарлай аласыз. Биылғы шара 18 мамыр – халықаралық мұражайлар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған.

Музей түнінің бағдарламасы көрермен үшін қызықты етіп әзірленген. Мәселен, гүл-арт туындылары мен дефиле, түрлі шеберлік сыныптар ұйымдастырылады. Тіпті, ретро автомобильдердің көрмесі өтпек. Өткен ғасырдың аңызға айналған көліктері мұражай түнінде сап түзейді. Мамандық таңдай алмай жүрген жоғарғы сынып оқушыларына мамандықтар бойынша дәрістер оқылады. Дәрістер «Жұмысшы мамандықтары» жылына негізделген. 15 мамыр күні сағат 18:00-ден бастап «Гүлдер әлемі» деп аталатын гүлдер галлереясы қойылады. Гүлдерге көмкерілген сәнді киімдердің көрсетілімі де назарға ұсынылады.
Болашақта баспа ісімен, соның ішінде газетте қызмет еткісі келетін қонақтарға «Газетке коллаждар жасау» тақырыбында шеберлік сыныбы өтеді.
Ал, 16 мамырда қайғы мен қасіреттің иісі сіңген, қаншама жазықсыз жанның трагедиясына куә болған «ҚарЛаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы есігін айқара ашады. Мұндағы экскурсия 18:30-да басталып, түн ортасына дейін жалғасады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»