Тарихтан тағылым
Тарихи соғыс көрінісі қайта жаңғырды. Бұлай деуге себеп – Саранда орналасқан 44803 әскери бөлімінде майор Рамазан Бақтияровтың сарбаздарымен бірге құрған диорамалары. Онда атақты «Бородино шайқасы» мен «Курск шайқасы» көрсетілген. Тарихи оқиғаларды сарбаздар модельдеу арқылы кел
Рамазан Бақтияров сонау Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков атындағы Әуе-ғарыштық қорғаныс академиясында оқып жүргенде модельдеу өнеріне қызығушылық танытқан. Содан бері бейнелеу өнері мен диорамаларға бір бүйрегі бұрып тұрады. Кейін негізгі мамандығымен қатар, нақты тарихи әскери эпизодтардың сюжеттері бойынша әскери шайқастардың диорамаларын құра бастады.
– Әр адамның өзіне тән сүйіп айналысатын ісі болады. Модельдеу – менің хоббиім десем де рас. Бұдан бұрын Ресейден оқуымды тәмамдап келген соң, командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналастым. Осы сәтте жаныма бейнелеуге бейімі бар жас сарбаздарды серік етіп, бірге әртүрлі модельдер жасадық. Олар ежелгі шайқастар. Ал, 2021 жылы алғаш рет «Курск шайқасының» диорамасын жасадық. «Ауғанстандағы соғыс», «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне – 30 жыл» сынды тақырыптарға да аянғанымыз жоқ. Біршама уақыттан соң, бұл өнерді егжей-тегжейлі меңгеріп, күрделі құралдармен жұмыс бастадық. Мысалы «Вьетнам соғысы» диорамасы – өте күрделі. Оған күш-жігер, сабыр қажет. Міне, бұл жұмыстардың барлығы сарбаз сабырлылығын талап ететіні анық, – деді Рамазан Бақтияров.
Бүгінде тәмамдалған соңғы жұмыстардың бірі – «Бородино шайқасы» диорамасы. Модельдеуші сарбаздардың сөзінше, ең қиыны, әрі күрделі жұмыстың бірі де осы болған. Себебі, бұл көріністің ұсақ бөлшектері көп көрінеді. Олар – 300-ге жуық сарбаз және аттар. Олар белгілі бір колоннаға жіктеліп, алға ұмтылып келеді. Суретші шабуыл мен қорғанышқа қатты мән берген.
– Менің бұл өнерге келгеніме көп болмады. Осы бір үш ай ішінде мен әскери міндетіммен қоса, ерекше өшпес бір өнерді жаныма серік еттім. Ол – модельдеу. Әскерге келген кезде жаңа хоббим туралы өзім де білмедім. Кейін әуестеніп, бейімделдім, – дейді мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Артем Чураев.
Сарбаздардың сөзінше, модельдеу өнерінде жазықтықтағы ашық соғыс көрініс табады. Оған бар-жоғы кішкене қиқым тастар, ағаш бұтақтары, құм, саз, шөпті пайдаланатын көрінеді. Ал, оның бәрін әскери бөлімшенің аумағынан табуға болады. Әдетте артқы фонға басып шығарылған түрлі-түсті тарихи фотосуреттер пайдаланылады.
Рамазан Бақтияров құрама модельдерге арналған бөлшектерді, сондай-ақ қажетті импровизацияланған материалдарды өз қаражатына сатып алған. Ал, ол арзанға түспейді. Әсіресе, сирек кездесетін модельдерге шетелден тапсырыс беру керек екен.
– Бір диораманы жасау үшін шамамен екі ай уақыт қажет. Қанша қиын әрі күрделі болса, соншалық, қызық жұмыс. Бұдан ең әуелгі талап мүсінші мен суретшілер біздің тарихымызды жетік меңгеруі керек. Сонда ғана жасаған диорамалар әсерлі әрі шынайы болып шықпақ, – дейді дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Рамазан Бақтияров.
Мұндағы сарбаздар тарих пен тағылымға ерекше ден қойған. Оны диорамдағы шайқастар көрінісінен аңғаруға болады.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz