Жаңалықтар

Тарихтан тәбәрік

      85 белесті бағындырған басылым аймақтың тарихын жазып келеді. Сонау жиырмасыншы ғасырдың  отыз бірінде  шаңырағын көтерген басылымда талай жақсы мен жайсаңның ізі қалды. Газет бетінде кез келген қарапайым қарағандылық біле бермейтін тарих тұнып тұр, парақтасақ. Аумалы-төкпелі, қырғын мен қысылтаяң уақытты, от шарпыған зарлы жылдарды, толқымалы тоқсанды, жылымықты басынан өткерген басылым бүгінге білікті басшы, білімді редакторлардың арқасында дін аман жетті. 85 жылда «Орталықтың» маңдайына бұйырған 20 редактордың әрқайсысы, тілшілер қауымы, редакция ұжымы дәуір тынысын тасқа түсірді. Кешесіз бүгін жоқ екенін ескере отырып, 85-ке аяқ басқан тұста басылым жүріп өткен жолға тағы бір мойын бұрдық. Мерейлі мерекеде кей редакторлардың осы күнге сақталып, жеткен,  құнды жазбаларынан үзінді беруді құп көрдік. Бұл – тарихтан тәбәрік…

«…Әр жаңа іс алғаш басталған шақта кейбір қиындықтың кездесетін кезі де болады ғой. Қарағанды қалалық партия комитетінің органы – «Қарағанды пролетариаты» газетін алғаш шығару кезінде бағзы бір қиыншылықтар кездесті.
Жұртқа мәлім, 1931 жыл Қарағанды бассейнінің іргесі жаңа ғана қаланған кез болатын. Не редакциялық, не баспаханалық үй болмағандықтан, паналаған алғашқы орнымыз қызыл вагон болды. Газет шығару жұмысының барлық процесі осы вагонда атқарылды. Материалдық-техникалық базамыз кедей, журналист, полиграфист кадрларымыз бірен-саранды. Сондай жағдайда жан-жақты ұйымдастыру жұмысын жүргізуімізге тура келді. Бірнеше жастарды журналистік, полиграфистік  мамандыққа  баулыдық. Ол кездегі әріп терушілеріміз Ибатуллин мен Рахматуллин жолдастар газет шығаруда елеулі еңбек сіңірді, өздерінің ізбасарларын даярлап шығарды. Бүгінгідей мүшелді мереке күні сол бір абзал жандар есімі ойымызға жиі-жиі оралады…»

Хамит  Садықов,
1931 жылғы күзден‑желтоқсанға дейінгі алғаш
ұйымдастырушы  редактор.

      «…Айтайын  дегенімді біраз  әріректен   бастасам  деген ой  орала  береді. Осыдан  отыз бес жыл бұрын (1931  жылдың 4 октябрінде) Қарағанды  қалалық  партия  комитетінің органы болып «Қарағанды пролетариаты» газеті  шыға  бастады. Оны  ұйымдастырып  шығарудың, оған редактор болудың  міндеті  алғашқы   үш айда журналист Хамит Садықов  жолдастың, одан кейін   менің  үлесіме  тиген  еді.
Сондай  жағдайда  жан-жақты   ұйымдастыру   жұмысының жүгін  алғаш арқалаған жігіттер,   бүгінде  баспасөз ветерандары   аталатын   Мұқаш Мәжікеев,  Зияш Алдабергенов сияқты  іскер   журналистер  болғанын атап  айтқым  келеді. Ақын Өтебай Тұрманжанов   бізге  арнайы  келіп  көмек көрсетті. Жас  газетіміздің  аяғын нық басып,  оқушы  талабынан шығуына септігін  тигізді. Бүгінде Совет Одағының  Батыры, әрі  ғылым  докторы  атанған  Мәлік  Ғабдуллин 1932  жылы студент   кезінде редакциямызда болып,  газеттің  тартымды шығуына  жәрдемдесті…»

Бәри  Мәзитов,
1931 жылдың желтоқсанынан – 1932 жылдың желтоқсанына дейін
«Қарағанды пролетариаты» газетінің  редакторы.

        «…Мен сол жылы (1936 жылы – ред.) Ленинградтан оқу бітіріп  келгем. Қарағандыда жаңадан  ашылған облыстық  газетке редактор болдым. Көмірлі  Қарағандының жаңа құрылып жатқан кезі, алайда әлемге әйгі аты бар. Студент  орындығынан кеше  түскен  адамның  әдеті  менде  де бар: екпінім ел  көшірерлік. «Үйдегі көңілді базардағы нарық  бұзар»  дегендей,  газет қамының  күнделігі ол қызуды тез  баяусытты. Қазақ және орыс тілінде  шығатын облыстық газеттер («Қарағанды пролетариаты», «Социалистическая Караганда») Ескі қалада, №1 шахтының маңында, облыстық  мекемелер Жаңа қалада – бірнеше километр жерде.
Екі редакцияға ортақ жалғыз «газик» ескі,  жүргенінен тұрғаны көп;  ортақ арба мен  пар атты кезек мінеміз. Обкоммен,  аудандармен байланыс тығыз, үздіксіз болу керек. Қарсақбай ауданы 50 километр,  Қу ауданы 250 километр  қашықтықта. Бұл күнгідей  самолет жоқ, машинаның жайы әлгі, атпен  қайсы біріне жетесің.
Редакцияның өзіне лайық  шаруашылық  қамы болады. Жазушылар тарту,  бланктер басу, ол кезде баланстар жариялау  гулеп тұрған табыс  болатын.  Шаруашылық іс олақ жүргізіліпті: редакцияның мойнында таудай борыш.
Баспахана жүдеңкі. Әріп қолмен теріледі, ротаторлық машина жоқ, газет жалпақ машинада  басылады, клише құя алмаймыз, ТАСС-қа немесе Алматыға заказ беру керек.
Мекенді  жақсарту ниетімен қоныс  аудардық. Сонда тозыңқы каркас үйдің орнына балшықтан  баттастыра соққан  саман үйге қолымыз жетті. Редакция қызметкерлері ыдыраған қалалық және Қарқаралыдағы округтік газеттің адамдарынан құралды. Жоғары білімдісі некен-саяқ, орта білімдісі санамалы, көбі оқи-жаза білетіндер, шала сауаттылары да бар.

Темірғали НҰРТАЗИН,
1936-1937 мамырға дейінгі
 «Қарағанды пролетариатының» жауапты редакторы.

        «…Қазіргі «Орталық Қазақстан»  бұрын «Советтік  Қарағанды»  деп аталатын. Сол кезде осы газеттің редакторы болғандықтан әлі есімде: редакция қызметкерлері  Ұлы Отан соғысы майдандарынан  түнде алынған қуанышты хабарлар басылған  газеттің жаңа  номерінің бірнеше данасын  қойындарына  тығып алып, аязды қыста  таң  сәріден  шахталарға  кететін. Барған  жерлерінде  кеншілерге жаңалықты айтып беретін,  әрі газеттің  кезекті  номеріне  беру үшін көміршілерден  материал да ұйымдастырып, ала келетін.
Адам сында шынығады  дегендей-ақ, сол бір қиын-қыстау жылдарда өмірдің өзі туғызған бұл әдіс редакция қызметкерлерінің  қаламын ұштап,  журналистік шеберлік арқауын ширата  түскенін енді ғана байқаймыз. Мұны  газет  тілінің барған сайын өткірлене түсуінен, оқушылар қауымы арасында беделінің арта  беруінен де аңғаруға  болады.

Әбдуәли ҚАРАҒҰЛОВ,
1941-1944 жылға дейін
«Советтік Қарағандының»
жауапты редакторы.

     «…Донбасс қапылыста жау қолына түсіп қалғаннан кейін, Қарағанды көмір бассейні ағасының ауыр жүгін арқалады. Еліміздің Шығысында  түсті металлургия мен көмір өнеркәсібінің қуатты алыптарының орнатылуы сын сағаттарда халқымыз бен армиямызға үлкен сүйеніш, мықты тірек болғанын көрдік. Қарағанды көмір кені, оның батыр шахтерлері неміс-фашистерге өлтіре соққы берген қаһарлы күш болып табылды. Ол өнеркәсіптерге тек энергетикалық көмір беріп қоймай, ең ірі Магнитогор металлургия комбинаты жұмысының табысты болуын шешкен қуатты базаға айналғанын білеміз.
Мұның өзі Отанын жанындай сүйетін халықтың құдіретті күшімен оңғарылғаны аян. Оны газет беті, газет шежіресі ақтарып айтады. «Советтік Қарағанды» мен «Социалистическая Караганда» газеттерінің  сол дүрбелең кездегі мақала-хабарларының әрбір жолы жауға атылған оқпен бірдей. Газеттің өзі де қиын жағдайда шығып, халықтың қиындықты жеңуіне де көмектескені ақиқат.
Кәрі-жастың кекті даусы, ашулы үні кімде-кімнің тұла бойын шымырлатпай қойған жоқ.

Бейсенғали ТӘЙКІМАНОВ,
«Советтік Қарағанды» газетінің 1944-1961
жылдардағы редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button