Бас тақырып

Тарихи таңдау алғышарттары немесе үш дәуірдің резиденциясы

Алаштың Астанасын таңдауда ел басшылығы 32 алғышарт ұстанды. Ең не­гізгілері: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейс­микалық жағдайлар, даму перспективалары, адами ресурстар. Ол кездегі Ақмола барлық параметрлерге сай келген…

Бұл 1994 жылдың басы еді. Арнайы ко­миссия егемен мемлекеттің жаңа астанасының оңтайлы орналасар жерін айқындау мақсатында республиканың бүкіл аумағына жан-жақты зерттеу жүргізу амалдарын бастайды. Біріншіден, елорданы орталыққа көшіру Қазақстанды геосаяси тұрғыдан ны­ғайту қажеттілігіне тікелей байланысты бол­ды. Астана еуропалық және азиялық бі­регей дәстүрлерді біріктіре отырып, Еура­зия құрлығының орталығы екендігі қай жа­ғынан алсақ та ұтымды. Қала оңтүстікке, шығысқа, солтүстікке және батысқа бірдей ашық. «Төрт тарабы – құбыла».

Алайда, сайын даладан соққан аңызақ бастабында мұнда келген жергілікті және шетел өкілдерінен құрылған делегацияны онша марқайта қоймады. «Ағаш өсе қой­­майтын батпақты жерді бұлар қалай ас­тана­ға айналдырмақ?» деген рәуіштегі қи­ғаш көзқарастар ел құлағына тарап та үл­герген. Зерттеу нысанынан қайырылма­ған мамандар «Бұл арада бұрын қандай қоныс болған?» деген сауалға жауап іздейді. Жер­дің қыртысын зерттей келе, байырдан қал­ған ирригациялық құрылыс белгілерін анықтайды. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған диханшылық кәсіп аумағы табылды. Суару құрылымы негізгі арнадан, бірінші, екінші таратқыштардан және білікшелер жүйесі­нен тұрған. Мұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде иге­руімен құнды. Қоймалар көктемгі су тас­қыны кезінде суға толады. Жазда, қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған. 1999 жылдан бастап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археологиялық экспедиция­сының жетекшісі Марал Хабдулина да сөзі­мізді растайды.

– Дешті-Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егін­шілік ісінің дамығаны айқын. Өйтке­ні, – стационарлық, өндірістік және ирригация­лық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыс­тық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, моне­талар, тағы басқа жәдігерлер – соның ай­ға­ғы. Бұған байырғы Елорданың батысы «Үр­кер» шағын ауданының солтүстік ірге қап­талында Бозоқ қалашығының табаны айқын дәлел. Зерттеушілер пайымы бойынша, X ғасырда бұл жерге қыпшақ тайпалары өз қағандары үшін резиденция тұрғызған.

Өйткені, бұл мекен геостратегиялық тұр­ғыдан Сарыарқаның кіндігі – солтүстік Сі­бір бассейні: Есіл, Сілеті, Шідерті, Нұра, Сарысу өзендері тармағында орналасқан.

Кейінірек бұл алқапқа Н.Хрущев целина жоспарын жамылып, Кеңес Одағының тағы бір аграрлы астанасы – «Хрущевоград» қаласын тұрғызбақ ниетте табан тірегісі келгенін тарих ұмытпайды.

Бүгінде Елорда айналасын қоршай бой көтерген жасыл белдеу қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «өкпесіне» айналды. Бастапқыда «жасыл белдеу» құру идеясы қаланы желден қорғауды және қолайлы экологиялық орта жасауды мақсат етті. Қазір астана тұрғындары мен қонақтары «жасыл белдеу» аумағында емін-еркін серуендеп, демалыс күнін жақсы өткізетін орынға айналдырды. «Жасыл белдеуде» ­­ 9 миллион 600 мыңнан астам ағаш пен 1 миллион 800 мың бұта бар. «Жасыл белдеу» орманы сөзсіз, қаланың экологиялық жағдайына да әсер етіп, ауа сапасын жақсартуға көмектесті. Климат жұмсара түсті, қала жел мен шаңнан қорғалды. Сондай-ақ, «жасыл белдеу» жел жылдамдығын біршама төмендетуге көмектеседі және қыста ақтүтек бораннан қорғайды. Жергілікті «Жасыл аймақ» өкілдерінің айтуынша, орманды дала және дала аймақтарына төзімді ағаштар мен бұталардың түрі ұсынылған. Ал, ағаштар мен бұталардың 104 түрі сыналып, 28 тұқым өндіріске жіберілген. «Жасыл белдеуде» негізінен аймақтың климаттық жағдайларына бейімделген ағаштар өседі. Яғни, елдің солтүстігінде өсетін ағаштар басым: кәдімгі қарағай, венгр бөртегүлі, жапырақты үйеңкі, қайыңның бірнеше түрі және теректер бар. Аумақта 1973 жылдарды егілген ағаштарды көруге болады. 2010 жылы отырғызылған ағаштар биыл 6-7 метрге жетті.

– Жыл сайын бес мың гектар жерге көшет отырғызылады. Ал, қыс басталысымен қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау жұмыстары басталады. Сондай-ақ, браконьерлікке қарсы жұмыстар да жүргізіледі. Ағаш кесу жөнінде қылмыстық бап қарастырылған және адамдар заңға бағынады. Бірақ, өзінен кейін қоқыс тастайтын қонақтар да бар, – дейді «Жасыл аймақ» кәсіпорнының орман қорын қорғау және күзету секторының меңгерушісі Жанайдар Теміров.

Елорда іргесінде «екінші Бурабайдың» бой көтеруі Астана айналасындағы «жасыл белдеу» Шортанды-Бурабай аймағының орманына ұласып, біртұтас орманды алапқа айналатынына сенім кәміл.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button