Жаңалықтар

Тарихи басылымның тағылымды ісі

Қарағандымен егіз ұғымға айналған «Индустриальная Караганда» газетінің тарихы талайға аян. Десек те, осынау ордалы басылымның бұқара біле бермейтін тағы бір қыры бар.

Ол жеңіл атлетикадан жыл сайынғы өтетін эстафетасы. Дода бір басылым төңірегінен түлесе де бүгінгі таңда қатысушылар мен қызығушылар қатары анағұрлым артты. 

Кеншілер астанасы тұрғындарының бірнеше буыны «Индустриальная Караганда» газеті ұйымдастырған жеңілатлетикалық жарысқа қатысқанына және жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болғанына тарих куә. Жылдан жыл асып, онжылдықтан онжылдыққа ұласқан межелерде спорт әуесқойлары мамыражай мамыр айында бір-біріне эстафета таяқшасын беру арқылы жеңімпаз құрметіне лайық болуды көздейтін еді.

Көктемнің соңғы айы «Индустриальная Караганда»-ның өмір күнтізбесінде неліктен ерекше орын алады деген заңды сауал туындары кәдік? Алғашқы жарыс кенді қалада 1946 жылы мамырда жеңістің желбіреген туындай болып өткен еді. Осынау іргелі іс-шараның бастамашылары һәм алғашқы қалыптастырушылары редактор Михаил Романико және ол кездегі «Социалистическая Караганда» басылымының тілшілері болған-ды. Әр жылдары эстафеталық жарысқа екі дүркін Олимпиада чемпионы және еңбек сіңірген спорт шебері Владимир Муравьев, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері Дмитрий Карпов, Олимпиада ойындарының қатысушысы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Вячеслав Муравьев, Ольга Сафронова, Александра Романова, Сергей Засимович және тағы өзгелері қатысты. Жыл сайын қатысушылар саны арта түсті.

Мысалы, 1963 жылы басылым қазіргі атауын алған кезде дәстүрлі жеңіл атлетика жарыстарына 800 спортшыдан тұратын 97 команда қатысты.

Алайда, бұл ауқымды шараның да тежелер кезеңі болғаны жасырын емес. Ол 2020-2021 жылдары коронавирус пандемиясына байланысты жарыстың уақытша тоқтауы.

Десек те, бұл үзіліс эстафета өкілдері мен ұйымдастырушыларын түбегейлі тоқтата алмады. Керісінше тыңнан жиналған идеялар легі жаңа жарысқа өзгеше қыр бергендей. Осыған орай «Индустриальная Караганда» ұйымдастырған биылғы жарыс та әсерлі болады деп күтілуде.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button