Руханият

Тарих тамыршысына тағзым

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылы және жазушы, Ұлы Отан соғысына қатысушы Ілияс Есенберлиннің туғанына – 110 жыл. Осы мақсатта Қарағандыдағы Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Халық жүрегіндегі қаламгер» әдеби кеші өтті. Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе өткен шараға Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Қонақтарға кітапхана қорында сақталған құнды жәдігерлер таныстырылды. Әрі жазушы туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында әзірленген қор мұрағатынан алынған бейнематериал көрсетілді. Қарағанды медицина университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ассис­тент-профессоры Кәмшат Абдрахманова өз сөзінде жазушының ерлігін баса айтты.

– Ілияс Есенберлин – халық жазушысы. Ұлттың тарихын жазған алғашқы жанның бірі. Біз тәуелсіздігімізді қалпына келтіргенімізге 30 жылдан астам уақыт болды. Тәуелсіздікті оңайлықпен алған жоқпыз. Ол заманда Тәуелсіздікті қалпына келтіру жолында қазақ халқы қаншама қиындық көрді. Сол заманда Ілияс Есенберлин қатаң цензураға, авторитарлық, тоталитарлық жүйеге қарамастан ел тарихын жазып кетті. Сол заманда ұлттың тарихын жазған алғашқы жазушы Ілияс Есенберлин еді. Енді Тәуелсіздік үшін қазақ халқына отансүйгіш, ұлтжанды, тарихын білетін ұрпақ қажет. Осы іс-шара да арнайы жастар үшін ұйымдастырылып отыр, – деді ол.

Тарихқа көз жүгіртсек, жазушы Жайық Бектұров Ілияс Есенберлинмен шығармашылық байланыста болған. Оған бір дәлел, жазушының Ілияс Есенберлин жайында жазған «Парасат кемелі», «Өткенге саяхат», «Книга о высоком долге» мақалалары. Осындай құнды жазбалар бүгінде облыстық кітапханада сақтаулы. Құнды жазбаларды кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей жәдігерлері» бөлімінің кітапханашысы Жанат Шпанова таныстырып өтті.

– Қазақ халқының аса көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары Қазақстанның қазір өз алдына дербес мемлекет болуының рухани тірегі десек, артық айтқанымыз емес. Тарихымызды үзіп-жұлып, көбіне шет аймақтың саяхатшылары жазып жүрді. Ал, шын мәнінде, қазақ халқының ғасырлар бойғы өмірін саралап, бейнелеп берген – Ілияс Есенберлин еді. Біздің бөлімде Ілияс Есенберлин жайлы жазылған деректер сақтаулы. Сонау жылдары жазылған дүние болған соң ескірген. Бірақ, біз бұл жазбаларды қайта қалпына келтірдік. Одан бөлек, жазушы жайында жазылған түрлі газет-журналдар да бар. Бұл – біз үшін, ел үшін құнды жәдігер, – деді ол.

Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Өзібек Бимендин жазушы шығармаларының күні бүгінге дейін өзектілігін жоймағандығын баса айтты.

– Ілияс Есенберлин – ел тарихындағы тарихи роман жазған алғашқы жазушы. Осы тарихи романның келешек жастар үшін тәрбиелік маңызы зор. Жастарымызға елге деген сүйіспеншілік сезімін, Отанға деген махаббатты, тарихын бойына сіңіріп өсуі үшін осындай құнды дүние керек. Мұндай кездесулерді жастарға үнемі өткізіп тұру жоспарда бар, – деді ардагер.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button