ҚарағандыТарих

Тарих бетін парақтағанда…

1930 жылы жолдамамен ерлі-зайыпты хирург Герман Никанорович және терапевт Ядвига Фридриховна Алалыкиндер келеді. Денсаулық сақтау саласын дамытуға бел буған олар іске кіріседі. Г.Алалыкин өзі ашқан алғашқы аурухананың бас дәрігері болады. Қызыл кірпіштен жасалғандықтан, аурухана халық арасында «Қызыл аурухана» деп аталған. Алғашқы қабылдауға төрт адам келген екен. Ал, жыл соңында олардың саны 15 мыңға жетті.

1934 жылға қарай қалада 8 аурухана, бір емхана, 12 амбулатория, жер үстінде сегіз және жер асты алты денсаулық пункттері жұмыс жасап тұрды.

1935 жылы Қарағанды қаласында екі жылдық медбикелік және акушерлер мектебі ашылады. Кейіннен ол фельдшерлік-акушерлік болып өзгерген. Бүгінгі күнгі Қарағанды медициналық колледжінің тарихы осы мектептен бастау алады.

1936 жылы 17-19 кен орындарының аумағында хирургиялық аурухана ашылады. Алғашқыда 30 орынды болып ашылған мекеме төрт айдан кейін 55 орынға қайта жарақталады.

1937 жылы Үлкен Михайловкада хирургиялық кешен бой көтереді.

1940 жылы облыстағы (Жезқазған аймағын қоспағанда) 49 емдеу мекемесінде 232 дәрігер және 1146 орта медицина маманы жұмыс істеді. Ауруханалар 2224 орындық еді.

1947-1949 жылдары Рудник, Кеңгір поселкелерінде жаңа ауруханалар салына бастады. 1950 жылдың аяғында мұнда 230 орынды 2 аурухана корпусы пайдалануға берілді.

1948 жылы терапевтік, жүйке жүйесі және гинекологиялық бөлімдер біріктіріліп, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Қарағанды облыстық ауруханасы пайда болды.

1950 жылы Қарағанды медицина институтының ашылуы аймақтың денсаулық сақтау саласына жаңа серпін әкелді. Оқу орнының алғашқы оқытушылары Қазан стоматологиялық институтының, сондай-ақ, әр жылдары Мәскеу, Ленинград және басқа ғылыми орталықтардан жолдамамен келген білікті мамандар болды.

1952 жылы қаладағы ескі емханалардың бірі – №1 емхана құрылған. Алпыс жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2012 жылы емхана жаңа ғимаратқа көшті.

1955-1975 жылдар аралығында бұрынғы Жезқазған облысы бойынша 2940 орынды 50 денсаулық сақтау нысаны мен 8200 емхана жұмыс істеп тұрды. Оның ішінде, Балқаш қаласындағы 120 орындық перзентхана мен Сәтбаев қаласында ашылған 300 орынды туберкулезге қарсы диспансері бар.

1955 жылы облыс орталығында қалалық инфекциялық аурухана ашылды. 50 орынға шақталған мекеме қалалық клиникалық аурухананың бірінші қабатында орналасты. Келесі жылдан бастап Михайловкадағы аурухана корпустары салынып, қолданысқа беріле бастады.

1958 жылы Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулардың Қазақ ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Жезқазған және Қарағанды облыстары қосылғанға дейін Қарағанды өңірінде облыстық клиникалық аурухана, 16 қалалық, 9 аудандық орталық, 33 ауылдық учаскелік аурухана, 53 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 8 стоматологиялық емхана, 3 қан құю стансасы, 15 жедел жәрдем стансасы, 181 фельдшерлік-акушерлік пункт, 98 дәрігерлік пункт, 20 санитарлық-эпидемиялық стан­сасы көмек көрсетті.

1998 жылы Қарағанды және Жезқазған қалаларында республика бойынша алғашқы диагностикалық орталықтар құрыла бастады.

2003 жылы облыс көлемінде 405 емхана, оның ішінде 67 жеке меншіктегі емхана, 19 санитарлық-эпидемиологиялық станса, 11 ауылдық және аудандық аурухана, 9 учаскелік, 113 ауылдық отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 178 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеді. Үшінші мыңжылдықта облыс орталығында жаңа емханалар бой көтере бастады.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button