Тарихқа танымдық саяхат
Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасында көрсетілгендей, ұлт болашағы үшін жасалатын міндетті жұмыстардың бірі – өскелең ұрпаққа, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Туған елге деген сүйіспеншілікті болашақ ұрпақ бойына дарыту, тарихи өлкелеріміз мен құнды жәдігерлерімізді таныстыру мақсатында қазан айының басында Көкпекті жалпы білім ьеретін орта мектебінің бір топ оқушылары Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайына саяхаттап барды. Бізді жылы жүзбен қарсы алған мұражай қызметкерлері оның қалыптасу тарихы, экспонаттары жөнінде қызықты экскурсия жасады. 1972 жылдың 10 ақпанында құрылған мұражайдың бірінші бөлімі көшпенді кезеңнен бастап, Ресей губерниясынан алғашқы қоныс аударушылардың келуімен, Самарқанд елді мекенінің қалыптасуының тарихын әңгімелесе, Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы халқымыздың тарихынан сыр шертететін келесі бөлімдер, Ұлы Отан соғысына арналған залдар қатты әсер етті. Ел Тәуелсіздігі жылдарындағы Теміртау қаласы, туған өлкенің табиғаты, Қазақстан халықтарының бірлігі, палеонтология мен археология, нумизматика, діни ұйымдарға арналған залдар да айрықша есте қалды. Оқушыларымыз тарихымыз туралы толымды мәлімет алды, арнайы тапсырмаларды орыдап, экскурсия жүргізушінің сұрақтарына жауап берді. Тарихи жәдігерлер өзіңді де сол кезеңге алып баратындай, сол оқиғалардың ортасында жүргендей сезінеді екенсіз.
Жан дүниеңді байытып, тарихымызды танып білуге, өткенімізді бағдарлап, болашағымызға даңғыл жол салатын осындай танымдық орындарға бару – сыныпта сабақ өткізгеннен қызықты әрі есте қаларлық деп ойлаймын.
М.ЖҰМАҒҰЛ,
мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.
БҰҚАР жырау ауданы.