Тараптар құқығы тапталмас үшін
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте есеп айырысу кезінде бақылау-касса машинасын қолдау тәртібі туралы айтылды. Ел аумағында кез келген есеп айырысулар бақылау-касса машинасы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сала мамандарының айтуынша, ол жай ғана касса аппараты емес, арнайы, яғни, модельдері мемлекеттік тізілімде тіркелген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналары болуы міндетті.
Жалпы, ақшалай есеп айырысулар дегеніміз – тауар сатып алу, жұмыс орындау, қызметтерді көрсету үшін қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар. Сатушылар үшін бұл ақшалай түсімді жүргізу үшін қажет болса, түбіртек тұтынушы үшін бірден-бір кепілдік құжаты болып саналады.
Спикер – Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Алданыш Адамбековтің айтуынша, бақылау-касса машинасын қызмет көрсету немесе тауарларды қолма-қол ақшамен сатумен айналысатын кәсіпкерлердің барлығы қолдануы міндетті.
– Бақылау-касса машинасын жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен медиаторлар, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен екінші деңгейлі банктерде, діни бірлестіктерде, сондай-ақ, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсетуде қолданбауға рұқсат етілген, – деді спикер.
Оның айтуынша, сауда операциялары немесе қолма-қол ақша арқылы қызметтер көрсету кезінде сауда автоматтары мен ақы төлеу терминалдары деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарымен жарақтандыруға жатады. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары және ашық базарлар аумағында қызметін Патент бойынша жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер алдында босатылғанымен, қазіргі уақытта бақылау-касса машинасын қолдануға міндеттеледі.
– Бақылау-касса машиналарын қолданар алдында оны салық органында есепке қою керек. Тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының түбіртегін немесе тауар түбіртегін беру талабы бар. 2021 жылдан бастап, Салық кодексінің 169-бабының 1 тармағынын 2 тармақшасы алынып тасталды. Сол себептен, бақылау-касса машиналарын қолдану орнын өзгертуді оны есептен шығармай жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, енді Салық кодексінің 168-бабының 3 тармағына сәйкес, БКМ тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуге өтініш электронды түрде емес, салық органына барып, жазбаша ұсыну қажет, – деп түсіндірді Алданыш Мейірханұлы.
Бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімінде 250 моделі бар. Оның ішінде, 96 онлайн модель тіркелген. Оның оны мобильді қосымша ретінде ұялы телефонда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.
Уәкiлеттi орган бақылау-касса машиналарының үлгiлерiн мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзу (алып тастау) жолымен мемлекеттiк тiзiлiмдi жүргiзедi. Оның тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Брифингте айтылғандай, онлайн бақылау-касса машинасын пайдаланатын салық төлеушілер үшін бірқатар жеңілдік бар.
– Кассалық операциялар кітабын толтырудың, онлайн бақылау-касса машинасы бұзылған жағдайда пломбаны ашуға салық органынан рұқсат алу үшін салық органына жүгінудің қажеті жоқ. Фискалдық деректер операторының сайтындағы жеке кабинет арқылы бақылау-касса машиналарын қашықтан басқару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, «Бақылау-кассалық машиналарды тіркеу және есептен шығару» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғанын да айтуға болады, – деді маман.
Бұл ретте, бақылау-касса машинасын қолданбайтын салық төлеушілер үшін жауапкершілік бар екенін де білген абзал.
Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабына сәйкес, бақылау-касса машиналарды қолданбау, сондай-ақ ақаулы болып табылатын немесе пайдалану орны бойынша мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған бақылау-касса машиналарды қолдану ескерту жасауға әкеп соғады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 15, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға негіз. Бұдан басқа, бақылау-касса машинаның түбіртегін немесе тауар түбіртегін бермеу не түбіртегін көрсетілетін қызметке төленген сомадан артық немесе кем сомаға берген жағдайда ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталанса, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30 және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz