Руханият

Танкіші қыздар дерегі

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлермен иық тіресе жүріп, ерлік көрсеткен қазақстандық нәзік жанды батырларымыз жайында әлі де толық ашылмай, зерттелмей келе жатқан тұстары бар. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада запастағы полиция полковнигі Қанат Кареновтің «Қарлығаштар оралар ма? Когда вернутся ласточки?» кітабының таныстырылымы өтті.

Сұрапыл шайқастарда ерлермен қатар соғысқан қыз-келіншектер тағдыры және олар игерген әскери мамандықтар оқырман қауымның қызығушылығын оятты.

Кітап Қарағандыдағы «Гласир» баспасынан жарық көрген. Кітаптың басты кейіпкерлері – соғыста ерлік көрсеткен қарағандылық танкіші қыздар Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжамила Талқанбаева мен Жәмила Бейсенбаева.

Кездесу барысында автор Қ.Каренов ержүрек танкіші арулар жайлы әлі күнге дейін танымды ақпарат жоқтығын, олардың майданға аттануы, келуі жайлы дерек аз екенін айта отырып, осы туындыны жазуға не түрткі болғанын ортаға салды.

Дегенмен, 1944 жылғы 22 тамызда жарық көрген «Советтік Қазақстан» (қазіргі «Ortalyq Qazaqstan») газетінің 106 (2356) санында әскери тілші Т.Жүнісовтің майдан даласынан жазған «Танкіші қазақ қыздары» атты мақаласы жарияланыпты.

Ал, жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1975 жылғы сандарының бірінде қаһарман қыздар туралы деректерді іздеп, «Қайда екен, қайда сол батыр қыздар» атты мақала жазған екен.

Автормен кездесуге қаладағы мектептердің тарих пәні мұғалімдері мен кітапханашылары және екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің курсанттары қатысты. Кездесуді әлеуметтік желідегі кітапхана парақшаларының тікелей эфирі арқылы оқырман көріп, өз пікірін ортаға салды.

– Ұрыс даласында жауынгерлік іс-қимылдарға тікелей қатысып, қайсарлық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен батырларымыздың ерлігін жаңаша зерттеу келер ұрпақтың еншісінде. Жас ұрпақ еліміздің батыр қыздарын, өз кейіпкерлерін ұмытпауы керек, – дейді өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы Сандуғаш Орынбайқызы.

Бұдан бөлек, шарада жұртшылық назарына екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі арулардың ерлігі мен еңбегін паш ететін кітап көрмесі ұсынылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button