Талпынған жетер мұратқа
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл – жұмыспен қамту мен кәсіби білімді қолдауға бағытталған маңызды бастама. Осы орайда Қарағанды қаласындағы Тамақтандыру және сервис колледжінде шағын наубайхана ашылды. Бұл бастама жастарды еңбекке баулуға, жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңызын түсіндіруге бағытталды.

Кәсіпке жол ашқан колледж
Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Құралай Әбенованың айтуынша, студенттерге үш бағытта білім беріледі. Колледж ұзақ жылдар бойы білікті мамандар даярлап келеді. Мұнда студенттер тек теориялық біліммен шектелмейді. Заманауи технологиялармен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханаларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алған. Қазіргі уақытта аспаз, кондитер, технолог мамандықтары бойынша оқу ордасында 400-ден астам студент білім алуда.
– Мен Тамақтандыру және сервис колледжінде өндірістік оқыту шеберімін. Бұл колледжде жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдан асты. Наубайхана ашамыз дегенде қуанып қалдық. Бұл бастама негізі біраз уақыттан бері ойымызда болған, бірден осыны қолға алып, бастап кеттік. Әзірге пайдалы нан, хала, тәтті бәліштер, бауырсақ секілді жеңіл тағамдарды пісіреміз. Қазіргі уақытта цех үлкен болғандықтан колледж студенттері мен шеберлері жұмыс істейді. Біз тапсырысқа да нан өнімдерін дайындаймыз, – деп өз жобаларымен таныстырып өтті өндірістік оқыту шебері Гүлнәр Маматова.
Наубайхана берген мүмкіндік
Биылдың ақпанында ашылған наубайханада 12 студент, 6 шебер жұмыс істейді. Басқа қалалар мен елдерден шеберлер келіп, дәріс сабақтарын жүргізіп, шеберлік сағаттар өткізеді. «Жұмысшы мамандықтарының жылында» басталған жобаны колледж студенті Алексей Андрей өз қолына алған. Колледждің қолдауымен ашылған бұл наубайханаға Андрейдің сіңірген еңбегі аз емес. Жарнама, маркетинг, тапсырыс және сатылымға шығаруды дамытқан.
Колледж директорының айтуынша, жұмыс тек наубайханамен тоқтап қалмайды. Цехтің жанынан кондитерлік ұйым ашылған. Колледж студенттері тәжірибелік білім алып, тапсырыстармен жұмыс істейді.
– Қазіргі кезде адам көп білсе, жұмысқа оңай тұрып кете алады. Біз қазір цех пен кондитерліктен бөлек, бариста мектебін жоспарлап отырмыз. Бариста мектебінің бір ерекшелігі, студенттер өз кофелерін дайындайды. Бұл олардың басқа қырларын ашуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деп болашақ жоспарларымен бөлісті Диляра Апсалямова.
«Нан Time» наубайханасының ашылуы колледж үшін ғана емес, Қарағанды облысы үшін де маңызды жаңалық. Бұл жоба өз кезегінде студенттер еңбегінің нақты бағалануына және тұтынушы сұранысын түсінуге жол ашады.
Жоба арқылы жастар тек мамандық иесі атанып қана қоймай, болашақта жеке кәсібін ашуға ынталанады. Колледж басшылығының айтуынша, алдағы уақытта наубайхана аясында өнім түрлері көбейіп, өндіріс көлемі ұлғаймақ. Осылайша, «Нан Time» – білім мен кәсіпкерлікті ұштастырған табысты бастама ретінде дамып келеді.
«Еңбектің наны тәтті»
Колледж студенттерге біліммен бірге, кәсіп атты үлкен жолға түсіреді. Жаңа стартап оймен келген әрбір жанға бастапқы көмек көрсетеді.
Соның бірі – Разия. Шет ауданында туып-өскен бұл студент өз ауылында жеке наубайхана ашуда. Разияның кәсіп бастаудағы мақсаты – ауыл тұрғындарын нанмен қамтамасыз ету. Тұрғындарды жұмысқа орналастырып, ауылды көркейту.
Колледжде балаларға арналған ProfiLand Kids, ProfiSchool Education бағдарламаларында колледж студенттерге кәсіби бейімдік бойынша көмек көрсетеді. Шеберлік сағаттар мен тәжірибелік сабақтар балалардың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығын арттырады.
Колледж әртүрлі жарыстарға да қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Сондай жарыстардың бірі WorldSkills – қазір Алматы қаласында өтіп жатыр. Жарыста колледж атынан шоколад пен изомальттан жасалған мүсіндер көрсетіледі.
Арайлым ШОҚПАРОВА,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті