Басты тақырыпТарих

Талдының бойында – тұма тарих

Көне дәуір, қадым замандарға даланың өзі ескерткіш. Тас, қола, темір дәуірлерінен бері адамзат баласының алтын бесігіне айналған қазақ жері – құты үзілмеген Ұлы Дала. Алтын орда заманында «Ұлы Ұлыс Елі» аталған даламыздан темір дәуірінің мәдениеті – «Алтын адамдар» жерленген сақ қорғандарынан да ертеде салынған дала пирамидасы табылды. Кереметі сол – кеше сонда барып, таңғажайып жаңалықтың куәгері болып қайттық.

 

 

Біз Шет ауданы, Нұраталды, одан арғы Талды ауылынан ары 7-8 шақырымдағы «Қаражартас» қорғанына түс ауа іліктік. Жалпы шараға ұйытқы – облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бастап апарушы – аталған басқарманың бөлім басшысы Қадыр Аскеев. Нұраталды ауылы тұсынан бұрылған бізді Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин қарсылап, әрі тарттық. Бір топ журналист мінгескен «Газель» автокөлігі ауыл үстінің ой-шұңқырлы жолымен безеді-ай дейсің. «Біздің ауылдың жолы бұдан да жаман» дейді біреуі. Түрі бұзылғандарды жұбатқандағы лепесі. Жалғыз бұл ма, жол дегенде бүкіл ауылдың жағдайы осы.

Көргелі барған қорғанымыз Талды өзенінің бойындағы елеусіз ғана жатаған қырат-төбенің басында екен. Жазиралы жазықтан орын тепкен қырат жазыққа пара-пар. Бажайлап қарамасаңыз байқамай қалуыңыз ғажап емес. Бірақ, басына шықсаңыз, айналадағы атырап көп-көрім көрініп қалады. Батыс жақ бауырын Талды өзені етектеп барып, тұйықтап өтеді. Онысы – Еуропа құрлығындағы Чехия, Словакия мемлекеттерінің астаналарына тән көне қала – «Градтарды» еске салады. Кәрі құрлықтағы көне құрылыстар – Градтардың (ХІІІ ғасыр) айырмашылығы – олар Дунай сияқты ұлы дарияларды жағалай орын тепкен. Есесіне, біздің Ұлы Далада одан 25-30 ғасыр бұрын сол Градтарыңа бергісіз сәулет өнері болғанын осы қорған дәлелдеп отыр. Оның үстіне, қазіргі Талдының арнасы ежелде кеңдігі жағынан ұлы өзендердің арнасынан бір де кем болмағанына бәс тігуге болады. Жағасында жайқалып өскен тал-ағаштардың орнын бұрын су алып ағып жатқанын ғалымдар дәлелдеп үлгерген. Сонда Еуропа жерінде пайда болған озық мәдениет әуелі біздің даламыздан сол жаққа көшкен болып шығады. Мәңгілік Елдің мәдени өмірі осылай тым әріден басталса керек.

Көліктен түсе салысымен, екі көзіміз төрт болды. Қазақ даласынан алғаш табылған дала пирамидасы – «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ерекше бөлшегі. Яғни, кейінгі қола дәуіріне жататын қорғандардың ішіндегі шоқтығы биігі. Біздің заманымызға дейінгі 14-13-ші ғасырларға тән қорым пирамидалық үлгіде салынған. Қабырғасы – қатар-қатар алты қабат. Ерекшелігі де сонда. Бұған дейін табылған қорымдардың көбінің қабырғасы екі, үш қатардан аспаса, мұныкі – алты, тіпті, жеті қабат болуы мүмкін. Ғалымдардың дала пирамидасы деуінің бір себебі ғана бұл. Ұзындығы мен ені – бірдей, 15 метрден асып жығылады. Қазіргі биіктігінің өзі кісі бойынан жоғары. Үш метрге жуық. Алғашқы биіктігі аспан тіремесе де, алты метрден кем болмаған шығар. Қола дәуіріне жататын басқа қорымдардан тағы бір ерекшелігі – қабырғасы пирамидалық үлгіде ұсақ тастардан қиюластырылып қаланған. Ғалымдардың айтуынша, мұнда сол заманның даңқты көсемі немесе хан-патшасы жерленген болуы мүмкін. Әйтеуір, тегін адам емес. Атағы шыққан аруақты адам. Әйтпесе, үш, үш жарым ғасыр өткенде, қорымы қайта табылып жер бетіне шыға ма? Маңында басқа да ұсақ молалар жетіп артылады екен. Үлкен қорымның жанына жерленген олар қатардағы адамдар дейді. Біз осында табан тірегенімізде, археологтар сондай бір кіші моладан адамның бас сүйегі мен қыш ыдыстар шығарды. Қыш ыдыстар қойылған бас жағы батысқа қарата жерленіпті. Тарихшылар «бұл – өлген адамның күні батты, ол дүниеде де өмір бар деген түсінікпен мәйіттің басына ас-су қоятын сол заманның наным-сенімі» дейді. IMG_6807

Негізі, Қазақстандағы қола дәуіріне тән Беғазы-Дәндібай мәдениетін алғаш ашып, зерттеуші – атақты ғалым Әлкей Марғұлан. Ол кісі кезінде бұл жерлердің бәрін еңбектерінде көрсетіп, белгілеп кеткен екен. Мәселен, осы дала пирамидасы ол кісі ашқан Беғазы жерінен небары 30 шақырым қашықтықтан табылып отыр. Әлекең алғаш қазған «Бұғылы-3» қорғаны да бұл жерден шалғай емес, тиіп тұр. Бірақ, аталған қорымдардан ерекше мына дала пирамидасын осыдан екі жыл бұрын алғаш көріп, бүгінге дейін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Сарыарқа» археологиялық институтының археологы, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин Әлкей Марғұлан еңбегінде көрсетілмегенін айтады. Мәселе – онда емес, мәселе – осы територияда қай дәуір мәдениеті жатқанын алғаш айтып, орындарын белгілеп кетуде деген ойда қалдық біз.

Жаз шыға қазба жұмыстарына кіріскен Игорь Кукушкин маусым айының басынан бері осында. Тынымсыз еңбек етуде. Теңдессіз кесене тауып, ұлттық тарихымызға орасан олжа салғанының өзі ерлікке пара-пар іс. «Мұндай үлгідегі қорған қазақ жерінен алғаш табылып отыр. Сыртқы көрінісі жоғарыдан қарағанда, пирамидаға ұқсас. Тастарының қалану реті де солай. Кесене баяғыда тоналып кеткен болу керек» дейді ол.

Облыстық мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқармасы мен ҚарМУ-дың «Сарыарқа» археологиялық институты бірігіп жұмыс істеуінің арқасында ғалымдар осындай нәтижеге жетіп отыр. Қорым ішінен қыш ыдыстармен қатар, қола пышақ, ине, біз, тағы басқа заттар табылыпты. Бұлар қазба, зерттеу жұмыстары аяқталған соң, жақында облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қойылып, дала пирамидасы мемлекет қорғауына алынады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ішіндегі ескерткіштерді қорғау, сақтау орталығының бас маманы Жанболат Мәжитовтың айтуынша, мұнда мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасап, ескерткіш қойылады. Оданда ауқымды шаралар жасау жөнінде жоғарыға ұсыныс жасалатынын да бүгіп қалмады. Бәрі қаржы мәселесіне тірелетін бүгінгі заманда ол жағы шешіліп жатса – керемет, әрине.

«Бұл қорғанды дала пирамидасы деуге әбден болады. Тіпті, Алтын адам табылған Сақ қорғандарын осыған қарап жасауы мүмкін. Тарихи тұрғыдан келгенде, олар мұның жалғасы. Әлекең (Әлкей Марғұлан) тауып, ашып кеткен бұған дейінгі қорғандардан бір ерекшелігі – қабырғаларының қатары көп және тақта тастардан емес (плита), одан кішірек тастардан қаланған екен. Бұған дейін табылған қорғандардың бәрі үлкенірек тақта тастардан салынған болатын. Мынау ондай емес. Кәдімгідей қаланған.

Мәселен, біз бүгінге дейін жапон оқымыстысы Муракамимен бірігіп Кент тауларын қаздық. Ол жерден темір балқытатын пештер табылды. Әлгі пештер қола дәуірінің мәдениетіне жатады. Сонда ең алғаш темір біздің жерімізде қорытылған, оны еуропалықтардан 300-400 жыл бұрын қорытқан боламыз. Осы тұрғыдан алғанда, таң қалатын түк те жоқ. Даламыздан мұндай қорғандар табылуы заңды. Кезіндегі отарлық езгінің кесірінен біз әбден жалтақ болып кеткенбіз ғой, тегі», – дейді Әлкей Марғұланның соңғы шәкірті, ҚарМУ-дың археология, этнология және отандық тарих кафедрасының профессоры Сағындық Жауынбаев.

Иә, қола дәуірінен мынадай кереметтер қалған Ұлы Даламыз мәңгілік мекен екені шындық. «Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін, Жағалай ел жайлауға барды-ау деймін» (Мәди) деген халқымыз осы Ұлы Даласында жүздеген, мыңдаған жылдардан бері жасап келеді. Талдының бойынан табылған мына қорған соның бір белгісі, соның бір елесін еске түсіреді. Қайтар жолда өзеннің арғы бетіне өтсек, жолда Биата – Сеңкібай батыр кесенесі тұр. Өзеннің арғы бетінде қола дәуірінің даңқты тұлғасы жатса, бергі бетінде хандық дәуірдің аруақты тұлғасы жатыр. Арасында – аруақты ерлердің, даңқты халықтың ұрпағы – Алаш жұрты. Қолында – мәңгіліктің шырағы. Соны қолдан түсіріп алмауға жазсын Алла!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button