Жаңалықтар

Талапты жас

Бүгінде кәсібімді бастаймын, халыққа қызмет етемін деген жандарға мемлекет тарапынан жасалатын көмектің көп екені белгілі. Әсіресе, тың ойларын ортаға салатын талапты жастарға қолдау көп. Көпшілікке пайдасы тиетін, жергілікті жерден бастап, елді мекендердің дамуына үлес қосатын, бара-бара өңір экономикасын өркендетуге атсалысатын жоба иелерін демеп жіберетін бағдарламалардың бірнеше түрі бар. Оңтайлысын таңдай білу де оңай емес.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жаңа жоспар болмаса да іргетасы әлдеқашан нық қаланған кәсіпті өз нәсібіне айналдырған Осакаров ауданының жиырма жасар тұрғыны – Данила Маркисов. Ол бұл кәсібін кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясындағы мемлекеттік грант арқасында ашқан.

Данила осы ауылдың тумасы. Анасы ерте кезден осындағы қоғамдық тамақтану орнында еңбек еткен. Баласын жас кезінен өзімен бірге ертіп жүріп осынау қарапайым жұмыстың қыр-сырына үйреткен. Басында жай көмекші ретінде жұмсаса, кейінде ас-судың оңай түрлерін әзірлеуді сеніп тапсырады. Дәмхана қызметінің тереңіне бойлаған Дани­ла осы кәсіпке біржолата ауысады. Дәлірек айтқанда, 9-сыныпты бітірісімен Қарағандыдағы «Тамақтану және сервис» колледжіне оқуға түседі. Онда «Аспаз, кондитер және мейрамхана ісі» мамандығын алып шығып туған жеріне оралады. Сөйтіп шағын бизнес-жоспар жасап, онысымен байқауға қатысты. Оқумен қатар көмекші қызметі кезінде тапқан ақшасын жинай береді. Сол кезде-ақ жастар қызыға жейтін пицца, суши сияқты жеңіл тамақтарды дайындап сатады.

Бүгінде Даниланың аудан орталығында өз дәмханасы бар. Ол оған бірінші кезекте кондитер қауымына өте қажет конвекциондық пеш сатып алған. Соның көмегімен мұнда торт пен тәтті тоқаштардың сан түрі әзірленеді екен. Сонымен қатар, ыстық тағамдар даярланып, тамақтанушылардың сұранысын қанағаттандырады. Шағын тойлар мен туған күндерге тапсырыс алуға да дәмхананың мүмкіндігі бар.

– Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыра отырып, қызмет көлемін кеңейту ойда бар. Қызмет көлемі дегенде, осы іске икемі мен ынтасы бар жастарды жұмысқа тарту. Мұндағы басты талап – тазалық. Дәмхананың іші-сырты болсын, ас мәзірлеріне де сондай талап қоямыз. Кәсіпті кеңейту мен халықтың қызығушылығын арттырудың бірден-бір жолы осы. Ойда талай игі жоспарлар бар, соларды іске асыру мақсатында жұмыс істейтін боламыз, әрі баршаңызды қонаққа шақырамыз, – дейді Данила.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Осакаров ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button