Тұлға

Талапты ерге нұр жауар

Отан деген қасиетті ұғымның негізгі басталуы әр отаудан құралғандай, елжандылық пен ауылға деген сүйіспеншіліктен нәр алып, қуаттанып шығар деп білемін.

Азға қанағат, барға тәуба, жоққа сабырдың шынайы қадіріне жеткен, текті атаның ұрпағы құрған бұл шаңырақтың бар бақуаты – адал еңбек.

Менің кейіпкерім Әділ Бәкіров 1948 жылы 13 тамызда дүниеге келген, Айтбайдың Қарасуы аталатын 10-шы ауылында Қадыр-Күлғайшадай жас отаудың тұңғыштары.

Әкесі Қадыр Бәкірұлы – кешегі ел басына күн туғанда қалмақтарға қарсы шыққан Көк бөрі Керней батырдың «Жолқұттыдан» тарайтын ұрпағы.

Ол кісі жастайынан пысық, сезімтал, елгезек, үлкеннің де, кішінің де көңілін табатын аққөңіл адам болған.

Орта мектепті бітірген соң, бойындағы қасиетін байқаған басшылар 16-17 жастағы балаң (алғыр) жігітті үлкен колхозға «счетчик» етіп тағайындайды. Қанында бар адалдық, тазалығының арқасында жас та болса ел ортасында үлкен абыройға ие болады.

Жастайынан атқұмарлық, аңға шығу, серуендеуді жақсы көрген. Күрең сәйгүлігін ерекше баптап, мәпелеп күтуінің арқасында, сан жарыста жүлдегер атанған, қазір көнекөз қариялар әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

 Керегетас, Тайатқан-Шұнақ, «Қыз емшек», «Алтын емел» атты Сарыарқаның келбетті сұлу жерінде, ауасы бойға дәру, қымызы балдай, жусаны мен жуасының иісі естен кетпес аймағында Қадыр ағаның тұлпарының ізі, сойылының сызығы қалғандай сезіледі.

Көп ұзамай ол кісіні атқарушы органға жоғарылатады, ауыл советінің төрағасы болып сайланады.

Қызметті атқара жүре Қарқаралыдағы зоовет техникумына сырттай оқуға түсіп бітіреді. Ауыл шаруашылығында қызмет істеген соң мұндай білім сол кезде ауадай қажет болатын. Жаңа қызметте де абыройлы болды.

Қарағанды облысының атынан Москвада ВДНХ-да делегат болып сайланып, алтын медальдің иегері атанды. 1961 жылы.

Ауылдастары бақытын еңбектен тапқан жан деп мақтан тұтады. Сол қызметте 30 жылдай істеп, зейнетке шығып (1926- 1988), қайтыс болады.

Әділ де әкесінің жанында жүріп осындай ғажайып қызықтарды көріп өсті. Өзі де әкесінен аумай туған азамат қой. Егер, сипаттай қалсақ, әлгінде ғана әкейіне арналған теңеулерді айтар едік. Әкесінің асыл болғаны балаға мирас. Әділ де орта мектепті бітірісімен сол Қарқаралыдағы зоотехникалық техникумынан мал дәрігері мамандығын қызыл дипломмен тәмамдап, өзі туған ауылына жолдама алады. Алғыр да өжет, адал жас маманды совхоз басшылары бөлімшеге зоотехник етіп тағайындады. Бұл жұмысты ол өте таза, сол уақыттың талабы бойынша мал шығынын жібермеуге тырысып істейді. Әділ де әкесі сияқты елгезек, елге жақсылық жасасам деп, ауыржеңіліне қарамай, қандай жұмыс болса да құлшына кіріседі.

 Бір жылы қыс қатты болып совхоз басшылары жас маманды жылқышыларға басшы қылып қосқа жібереді, еңбегі жанып, қыстай барлық жылқыларды аман-есен қыстан шығарып, үлкен абыройға ие болады.

 Әділ де өзінің оқуын, білімін жетілдіру үшін Алматыдағы мал дәрігерлік институтына сырттай оқуға түсіп, жақсы бітіріп, жоғары дәрежелі маман иесі атанды. Облыс, аудан басшылары алғыр да, адал коммунисті небары 27 жасында «Кеншоқы» совхозына директор етіп тағайындады. Өзінің ұстазы, жанашыр ағасы Қасымбек Медиев сол кезде жастарға үлкен көмек жасап, өзі өткен жолдарын үйретуден жалықпаған адам.

Облысты, Жезқазғанды басқарған, қазір сексеннің сеңгіріне шығып отырған ұлағатты жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жамбыл ата жасынан ассын дейміз.

 Енді, директорлық жұмыста да Әділдің ісі оңға басты, бес жылдықтың қорытындысы бойынша 62 совхоз ішінен 1-ші орын алып, Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбегі жанды, облыс басшылары Әділді Ақтоғай ауданының Агропромын басқаруға жіберіп, кешікпей Ақтоғай ауданының екінші хатшылығына көтерілді. Қарап тұрсақ, Әділдің өмірде ақылшы ағалары көп болған. Ақтоғай ауданының бірінші хатшысы Рымбек Жүнісов ағасынан үйренгенін өзі де әлі күнге дейін мақтана айтып отырады. Рымбек Жүнісов текті жерден шыққан азамат. Кешегі Әлтекеде батырлығымен, көріпкелдігімен халқына қызмет жасаған данышпан Жидебай батырдың тікелей ұрпағы, өзі де егемен Қазақстанның Жоғарғы Советіне депутат болып, елге адал қызмет атқарған аяулы азамат. Әділдің көп жылғы еңбегін бағалап, «Ерен еңбегі үшін» медалін Елбасы табыс етті. Әділ зейнеткерлікке Шет ауданындағы «Үңірек» ауылында әкімдіктен шықты, қазір Қарағандыда, адал жары Шекер екеуі немерелерімен бақытты өмір сүруде.

Әділдің әкесі Қадыр аға (1926-1988) асыл азамат болса, анасы Күлғайша Нұрбекқызы (1930-2003) текті жерден шыққан, тәрбиелі тәлімгер кісі. Ол кісі де Көк бөрі Кернейдің «Бодық Батыр» Қабылынан тарайды. Ағайынды Нұрбек-Рахымбектей әкелерінің аяулы алақанында гүлдей жайнап өсті. Ағасы Шонан Рахымбекұлының қолында тәрбиеленіп, ұлы шешесінен бата алды. Қадыр ағаға салтанатпен ұзатылады. Бір ата, бір анадан тараған жеті баланың тұңғышы Әділ іні-қарындастарына қамқоршы болып өсті. Соңына ерген Баян, Көппай, Борангүл, Сайлаубай, Қонақбай, Айжандар қазір бір-бір отаудың бақытты жан иелері.

 Әділдің өзінің өмірлік серігі Шекер Халыққызымен 1968 жылы отау құрып, 50 жыл қол ұстасып, бала-шаға, немере сүйіп отырған бақытты жандар.

Шекер Халыққызы жоғары білімді орыс тілінің маманы, ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері. КазССР-дің үздік ұстазы деген атағы бар. Шекерден тәлім-тәрбие алған оқушыларының алды академик, доктор, профессорлар, егемен Қазақстанға белгілі азамат-азаматшалар.

Бүгінгі егемен Отанымызды көркейтуге сіңірген еңбектеріңіз, 50 жыл бірге шаңырақты шайқалтпай өмір сүргендеріңіз арттағы жас ұрпаққа үлгі болсын дегеннен басқа айтарым жоқ.

 Өздеріңізге жүректен шыққан мына өлең шумағын арнаймын:

Алтын тойың құтты болсын, ағайын,

 Ән мен күйдің отын бүгін жағайын.

100-ге келген мәртебелі тойыңда,

Гүл ұсынып, мен де шапан жабайын.

Жанат ЖАУБАСОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Бибіғайша ШОНАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button