Басты тақырып

Таланттар – тың жобада

       Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында «Мен қазақпын» атты дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілердің телевизиялық мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Облыстың түпкір-түпкірінен жиылған Ұлы Даланың өнерпаздары бақтарын сынап, оза шапқандары мега жобаның республикалық кезеңіне жолдама алды.

Иә, қазақтың ұлттық аспаптары домбыра мен қобыз – даланың үні ғана емес, Алаш ұранды жұртымыздың жаны мен болмысының бір көрінісі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқан «Ұлттық кодымыз» бабаларымыз домбыра, қобызбен салып кеткен қазақтың ән-күй өнері мен өсиетті жырында жатса керек. Ендеше, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырып отырған бұл жоба «Ұлттық кодты» төркіндейді деуге әбден болады. Қазір республикамыздың әр аймағында жүзеге асып жатқан жобаның біздің облыстағы салтанатты ашылуының өзі соны нұсқайды.

Белгіленген ережеге сәйкес, мұнда 18 бен 40 жас аралығындағы үміткерлер үш кезең бойынша өнер додасына түсті. Термешілік, күйшілік және әншілік (дәстүрлі) өнер сайысына облысымыздың аудандары мен қалаларынан барлығы 36 өнерпаз қатысып, оның ішінен үшеуі мега жобаның республикалық кезеңіне іріктеліп алынды. Бір әттеген-айы, бүкіл облыс көлемінен байқауға бес-ақ термеші келген екен.

Мега жобаның мазмұндық өзегіне сай сахнаның безендірілуі де ерекше. Ортадағы үлкейтілген экран екі жағындағы киіз үй көріністеріне жарығын құлатып тұр. Қазыбек би бабамыздың баталы сөзінен кейін Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқасын» орындап жатқанда, «Шолпан» үлгілі би ансамблі өнер көрсетті. Сахнаға аймағымыздың аудан, қалаларынан келген үміткерлер шықты. Олардың өнеріне баға беруші қазылар алқасы құрамының да осалы жоқ. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концертмейстері Болатхан Ташимов, Қазақстанның мәдениет қайраткері, халықаIMG-20170619-WA0014ралық және республикалық ән байқауларының жеңімпазы Дәуренбек Әркенов және республикаға танымал айтыскер ақын Тілеген Әділов.

Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, қазақ ұлтының классикалық ән өнерінің құлақ күйін қайырып жүрген жезтаңдай әншілер Сержан Мұсайын, Ержан Базарбеков, Құрмаш Ыбышев, Гүлмира Тапай мен Меруеш Башай салған әндер шараны жандандыра түсті. Іле термешілер сайысы басталып кетті. «Мен қазақпын» деген Алаш ұлының терме айтпайтыны кем де кем шығар, тегі. Бірақ, біздің облыста термешілердің аздығы байқалады. Бұл кезең бойынша ІІІ орыннан көрінген – Амангелді Ахметжанов. Ырысбек Мақашев ІІ орынға шықса, бірінші орынды Нұрмұхаммет Байсүгіров қанжығалап, республикалық кезеңге жолдама алды.

Күйшілік өнер кезеңінің ІІІ орыны Арай Есімоваға, ІІ орын Қасиет Мұқатаевқа бұйырды. Жүлделі бірінші орынды Балқан Смағұлов еншілеп, ол да республикалық кезеңде Қарағандының намысын қорғайтын болды.

Ал, дәстүрлі ән кезеңінде ІІІ, ІІ орындар Жаннұр Мұсылманбек пен Балдырған Жекееваға табысталса, І орынды Әнуар Адамбаев жеңіп алды. Алдағы уақытта Әнуар аймақ намысын қорғап, республикалық додада сынға түсетін болады.

Ерлан ҚАРИН, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасы:

«Мен қазақпын» мега жобасы – «Қазақстан» ұлттық арнасы үшін өте маңызды жоба. Осы арқылы біз ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды қайта түлетеміз. Онымен қоса, шалғайдағы өнер иелеріне үлкен сахнаға жол ашылады. Облыстарда іріктеу маусым айының басынан басталды. Бүгінге дейін жобаға 428 үміткер қатысып, оның 40-ы жеңімпаз атанды. Жобаның халықаралық аталу себебі – шілде айында іріктеу Ресейде, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, Қытайдың Алтай өлкесінде өтеді деп жоспарлаудамыз. Эфирге қыркүйек айынан шыға бастайды. Ал, ақтық жарысты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, желтоқсан айына жоспарлап отырмыз.

Жобаның облыстық кезеңі бойынша байқау ұйымдастыруда бірден қолдау көрсеткен Қарағанды облысы әкімдігіне ерекше алғыс айтамын.

Жәнібек Әлиман.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button