Талқыға түскен тағдыр
«Өткен күнде белгі бар» дейді қазақ. Жылыстаған күн, ай, жылдар легі жиылып, ондағы оқиғалар реті тарихты құрайтыны белгілі. Бұрын болған дүниелердің көбісі – тарихтың тақтасында тасқа басылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатады. Осындағы толқын-толқын ағыстың барлығы да әмірші уақытқа бағынышты. ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы репрессия толқыны соғыс кезінде де жалғасты.

…Соның көрнекті бір мысалы, 1942 жылы Қарқаралы, Қу өңірлерінен жаппай қазақ азаматтарын соғысқа жіберді. Сол соғысқа шақырылған азаматтардың ішінде ел басқарған көзі ашық, көкірегі ояу, зерек жандарды майданға жібермей, Қарағанды қаласында алып қалып, НКВД әскери трибуналы негізінде атақты №58 статьямен «халық жауы» деген жала жауып соттаған.
Адамзат тарихындағы 1941-1945 жылдардағы ең үлкен қантөгісте Кеңес Одағы миллиондаған адамды құрбандыққа шалып, жеңіске жеткені тарихымыздан белгілі. Биыл соған 80 жыл толып отыр. Сол сұрапыл соғыстың зардабы, жанға салған жарасы толық жазылып кетті деп ешкім де айта алмайды. Бүгінгі біз әңгіме қылып отырған азамат Қарағанды облысы бұрынғы Қу (кейіннен Егіндібұлақ) ауданына қарасты 7-ші ауылдың тумасы. Есім-сойы – Тақыр Нұрғалиев. Тақыр атамыз 1901 жылы дүниеге келген.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдардағы зобалаң-зұлматтардың тұсында және Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезінде Қу ауданындағы Көлшілік колхозының төрағасы қызметін атқарғаны туралы құжаттар әлі күнге дейін мұрағатта сақтаулы. Бұл арада бір айта кететін жайт, Тақыр атамызбен тағдырлас тағы да бес адам бар. Атап айтқанда, Көшкінбаев Жақия 1904 жылы туған. Қу ауданының Балықтыкөл ауылдық кеңесінде, аудандық атқару комитетінде төраға орынбасары қызметтерін атқарған. Партия қатарында бар. Садуақас Хасенов 1901 жылы туған. Қу ауданында Шарықты ауылдық кеңестің төрағасы болған. Партия қатарына өткен. Бәжен Әлжанов (Бәтен болуы мүмкін) 1904 жылы туған. Қу ауданындағы №9 ауылда колхоз төрағасы болған. Айтбек (Ақтабай) Момынбаев (Мамынбаев) 1902 жылы туған. Қу ауданында колхоз төрағасы болған. Партия мүшелігінде бар. Соңғысы Темірғали Алдаоңғаров 1904 жылы туған. Қу ауданы Арқалық ауылдық кеңесінде колхоз есепшісі болып еңбек еткен. Осы азаматтар 1942 жылы тамыз айында Қарқаралы әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алыныпты.
Рас, соғыстың заңы қатал. Жер мен елді, Отанды қорғау үшін ер- азаматтың бәрін әскерге алып, майданға жіберіп жатты… Дегенмен де, ел ішінде де ұйымдастырушылық қабілеті мықты, іскер жандарды соғысқа жібермей, халық игілігіне қызмет етсін дейтін де заң бар болатын. Бір заманда қатар ғұмыр кешіп, бір ауданда бірге басшылық қызмет атқарған осы алты азаматты да соғыс басталғанда сол заң аясындағы броньмен қалдырған еді. Арада бір жылдай өткенде, Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағында, әскер қатарына шақырады. Сол кездегі әпербақан әміршіл жүйенің солақай саясаты, небір қитұрқы жауыздық, зұлымдық әрекеттері көп болды ғой… Солардың бірі ме екен, кім білсін?! Бұл азаматтар 1942 жылдың 27 қыркүйегінде Қарағанды қаласындағы №3 атқыштар бригадасының әскери трибунал шешімімен қамауға алынған. Қамауға алу туралы ордердің нөмері – 118. 1943 жылдың 3 наурызында әскери трибуналдың қорытынды шешімі шығады. Тағылған айып: 58 статья, 58 п. 1 б., 58 п. 10 б., 58 п. 11 б. (УК. РСФСР). Нақтылап айтқанда, Тақыр Нұрғалиев – 10 жыл, Жақия Көшкінбаев – «ұйымдастырушы болды» деген жалған жала жабылып, ату жазасына кесілген. Садуақас Хасенов – 10 жыл, Темірғали Алдаоңғаров – 10 жыл, Бәжен Әлжанов – 10 жыл, Айтбек Момынбаев – 10 жыл еңбекпен түзеу колониясына (ИТЛ) жіберілген.
«Ештен кеш жақсы» дегендей, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Бас Прокуратурасы шешімімен 1999 жылы 22 қарашада сталиндік репрессиядан жазықсыз жапа шегуші ретінде осы алты азамат ақталған.
1937-38 жылдарда болған репрессия соғыс кезінде де жалғасқан деп айттық. «Не үшін? Кім үшін?» дейтін сауалдарға жауап та іздеп көрдік. Жіптің бір ұшы мынаған келетін сияқты. Қарағанды облысының Қу ауданы Алаш қайраткерлерінің жайлы қонысы болған Қарқаралы мен Ақтоғай жерлерімен шекаралас, ежелден жаны да, малы да аралас-құралас көршілес жатқан аймақтар ғой. Сонан болуы да мүмкін шығар дейді ішкі бір түйсігіміз. Алаш зиялылары демекші, біз енді өз атамызға оралайық.
Тақыр атамыз – әріден алғанда Қаздауысты Қазбек бимен, бері де Мәди Бәпиұлымен бірге туысатын ағайындар. Мәди атамыздың бәйбішесі Қази анамыз Тақыр әкеміздің апасы болып келеді. Ал, Алаш ардақтысы болған, сол өңірдің оқыған азаматы, алғашқы мектеп ашқан Мұстақым Малдыбаевты оқытқан Оралбек байдың қызы Жәкім шешеміз Тақыр әкеміздің құдай қосқан қосағы. Өз заманының зерек те зейінді перзенті болған Тақыр Нұрғалиұлы – Мұстақым Малдыбаев, Мәди Бәпиұлы секілді Алаш арыстарымен тек туысқандық байланыста ғана емес, идеялас – рухани жақын болғандығы да рас. Оны ел ішіндегі ауызекі әңгімелердің өзі айғақтайды.
Онан кейін сол Егіндібұлақ аймағына белгілі шежіреші қарт Қожахмет Нұрғалиевтің естелігінде айтылғандай, 1930 жылдары ашаршылық басталған кезде Тақыр Нұрғалиев сол өңірдегі көптеген адамдарды бастап, Ресейдің Новосібір облысына барып, артель құрып, колхоз ашып, Қазақстаннан барған қаншама адамды аштықтан құтқарып қалған екен… (Болашақ ұрпақтары сол жердің архивтерін ақтарып, осынау тарихты жазса екен дейміз).
1934-1935 жылдары ашаршылықтан кейін елге оралып, Едірей өңірінде егін салып, аштықтан қалған халықтың әл- ауқатын көтергенін, есін жинатқызғанын да бұрынғы ауыл қариялары айтып отыратын еді, – деп еске алады бүгінгі ұрпақтары.
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі