РуханиятСпорт

Тай мініп, тақым тартысып…

Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында «Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлерінің федерациясы» Қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, облыстық «Бәйтерек» көкпар клубының жетекшісі Ерлан Оспановтың бастамасымен, қарағандылық «Көрпетай» командасының белді салымшысы Айбар Мәнидің ұйымдастыруымен жергілікті жеткіншектер арасында көкпар өтті.

Баласына ат әперіп, топ бәйгеге тұлпар жарытып, кекілін сылатқан аталар арманы орындалды. Ұлттық спорт ұлт деңгейінде ғана емес бүкіл түркі этносына ортақ құндылық болып қалыптасты. Осы бір серпіліс елге ұран салғандай. Ұлттық рухтың алға қадамдауы – қазақ күресінің, тоғызқұмалақ пен көкпардың әлем деңгейінде танылуынан да анық аңғарылады. Қызыларайда ұйымдастырылған жеткіншектер арасындағы ойын да осыған айғақ.

– Ауыл балаларының ұлттық спортқа оның ішінде ат спортына деген ынтасы өте жақсы. Кейбір құнан-тайы жоқ балалар жүгенін қолтықтап өздері келеді ат іздеп. Соларға қарап тұрып қайран қаламыз. Демалыс сайын ауыл балалары көкпар алаңында арнайы муляж тартып жаттығып тұрады. Болашақта жақсы палуандар шығады деген үміттеміз, – деп атап өтті Айбар Мәни.

Қызыларайдың жас палуандары осылайша екі топқа бөлініп тарысты ойын көрсетті. Жүген ноқтаға енді мойын ұсынған шалабас тай-құнан болса да қос-қолдап бұрып жалтаруға икемдеп бағуда. Атап айтсақ, Ақтілек Тегісбектің жерге еңкеюге талабы зор. Ол желіп келіп жердегі 30 келілік муляжды оңай іледі. Сондай-ақ, Орынбасар Шаймұраттың да тақымы таралғысымен бірге қатып қалғандай. Жерге еңкеюі де жаман емес. Ал, Нұртілеу Жеткін тақымына басқан көкпарды анау-мынау палуанға суырта қоймады. Бір сағатқа созылған ойын қорытындысы бойынша қос команда тең түсті. Атсалысып, талаптанған жас палуандарға ынталандыру сыйлықтары таратылды.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button