Басты тақырып

Табыстың тайқазанын қайнатқандар

    Жыл сайынғы дәстүр жалғасын тапты. Биыл да ел дәулетін еселеген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі К.Станиславский атындағы Қарағанды драма театрында аталып өтті. Ауыл шаруашылығы саласында табыстың тайқазанын қайнатып, қамбасын астыққа, өрісін малға толтырған сала еңбеккерлері бас қосқан салтанатты жиынға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ арнайы қатысып құттықтады.

Ауыл шаруашылығы саласы мамандары бұл жолы да өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Мұнда өңіріміздің байлығы бидайдан бастап, нан, ет, сүт өнімдері қойылды. Аталмыш көрме ауыл шаруашылығының – экономикамыздың еңселі саласы екендігін танытқандай. Елбасы жетекші саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп, аймағымыз тың бастамалардың жаршысы атанған. Жиын барысында облыстың экономикалық жағдайына шолу жасалып, ауыл шаруашылық саласы жөнінде бірқатар мәліметтер берілді.

Мамандардың айтуынша, облыста аграрлық сала бойынша 527 кәсіпорын бар. 7 мың 393 ірі шаруа қожалықтары болса, олардың бірқатары, бірнеше бағытта қатар жұмысты игеріп табыстарға жеткен. Айтулы саламен 791 кәсіпкер айналысып, 205 дәнді-дақылдарды өңдейтін шаруашылықтар сапалы қызметін ұсынуда. Ауыл шаруашылық саласында жеке секторды ынталандыру және шикізаттық өндірісті дамыту мақсатында мемлекеттік инвестицияны жүзеге асыруда кешенді шаралары жүргізілген. Мемлекеттің инвестициялық саясаты барлық мүмкін тетіктерді қолдануды қарастырған аймағымыз 15 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Биылғы он айдың ішінде 380 техника сатып алынған. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында жыл сайын мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. 100 мың тонна ет, 385 мың тонна сүт, 508 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Ұсақ малды айтпағанда, ірі қара 509 мыңға көбейген.

Облыстағы ауыл шаруашылығы саласына азды-көпті тоқталған облыс әкімі Ерлан Қошанов, еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүргендерді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Құрмет грамотасымен марапаттады.

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отырған ауыл шаруашылық қызметкерлері назардан тыс қалған емес. Елбасы ауыл шаруашылығына баса назар аударып отыр. Ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті өнімдерді мол өндіріп, оны экспортқа шығарып, еліміздің бюджетін тұрақты түрде толықтырып отыратын рентабельді салаға айналдыру міндетін қойды. 5 жыл бұрын облысымызға 5 млрд. теңге бөлініп келсе, биыл 12 млрд. теңгемен қаржыландырылды.  Өнім сапасын арттыру мақсатында субсидиялау жеңілдетілген несие беру 3,5 есеге ұлғайды.  Мақсатымыз – халықты азық-түлікпен және басқалай тауарлармен қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті қалыптастыру, халықты жұмыспен қамту, ауылдың әлеуметтік жағын дамыту және инвесторлардың инвестициялық белсенділігін арттыру.  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша, қалаға 1 млрд. теңге, ауылға 4 млрд. теңге бөлінді. Бұл деген ауылдағы адамдарға жасалған үлкен мүмкіндік. Біз облысқа қарасты 400-ге жуық ауылдың, 300 мыңнан аса тұрғынның жағдайын жасауға күш салуымыз қажет. Оған жолды жөндеу, су тарту, мектеп және басқа да инфроқұрылымын дамыту жұмыстары жатады. Бұл бағыттарда жұмыстар атқарылуда. Жақында келіссөздер жасап, кеңесіп, биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 1млрд. теңге қарастыруды жолға қойдық. Бұған дейін осы жылы 4 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, дәнді және майлы дақылдарға қосымша көмек ретінде облыс қаржысынан 400 млн. теңге қарастырылуда. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласына серпін берері сөзсіз.

Құрметті ауыл шаруашылығының еңбеккерлері!

Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, халқымыздың ырысын молайту жолындағы ерен еңбектеріңізге толағай табыс, өздеріңізге зор денсаулық. отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Ерлан Қошанов.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы осы салада тер төккен азаматтарды Құрмет грамотасынан бөлек, анайы номинацияларды «Шахтерское» шаруа қожалығының жетекшісі Георгий Прокопқа, «Балқантау Агро» кооперативі директоры Елдос Рысқұлбековке, «Шанс» шаруа қожалығының жетекшісі Игорь Жабякқа, «Ағатан» шаруа қожалығының жетекшісі Біржан Имановқа және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елеулі істер атқарған «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Көпбаевқа табыстады.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омархановқа, «Қайнар» ЖШС директоры Сейтжапар Нығметовке, «Ерлен» шаруа қожалығының басшысы Еркінбай Теміровке,  «Надежда НВ» ЖШС директоры Анатолий Ошковқа, «Сәулет» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Ақтаевқа, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін «Бекетай-баба» шаруа қожалығының мүшесі Бағдат Бекетаевқа, «Берік» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Талюкеновқа, «Қоғалы көл» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Жуанышбаевқа, «Сербол» шаруа қожалығының басшысы Ербол Шәкіжановқа, «Шығыс» шаруа қожалығының басшысы Шамиль Осинге тапсырды.

Салтанатты шараның соңы тоғыз ауданның өнерпаздары мен облыстың белгілі өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button