АймақҚарағанды

Қарағанды өңірі биыл 29 жоба арқылы 1,5 трлн теңге инвестиция жұмылдыруды көздейді

2026 жыл ел экономикасы үшін тұрақты өсім кезеңі болмақ. Олай деп айтуымызға негіз жеткілікті. Басқы назар әртараптандыруға, инфрақұрылымдық жобаларға және кәсіпкерлікті қолдауға аударылады. Болжамдарға сәйкес, елдің жалпы ішкі өнімі 5,4-5,5% деңгейінде өсіп, түрлі салалардағы бизнес үшін мүлтіксіз мүмкіндіктер ашады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1 қаңтардан бастап, Қазақстанда жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі №214-VIII ҚР Заңы) күшіне енді. Кодекс шын мәніндегі салық жүйесін оңтайландыру, түсімді арттыру әрі бизнесті көлеңкеден шығару мақсатындағы ауқымды реформа рәмізі. Бірден ескертелік, кәсіпкер үшін өзгеріс айқын сезіледі. Негізгі салықтар легі бойынша жүктеме артып, әкімшілендіру амалдары жеңілдеп, шағын бизнеске қолдау күшейеді. Қосымша құн салығы 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Міндетті тіркеу шегі екі есеге төмендеп, жылына шамамен 40 млн теңгеге (10 000 АЕК) дейін қысқарады. Арнаулы салықтық 8 режимнің орнына тек 3-еуі қалады. Жалпы режимдегі компаниялар корпоративті табыс салығы кемімейді. КТС 20% деңгейінде қалғанымен, жеңілдік қарастырылған. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін – 3%, әлеуметтік сала үшін – 5-10%. Тексеру амалдары ықшамдалып, мерзім қысқарып, жазалаудан гөрі сүйемелдеу мен түсіндіруге басымдық беріледі. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы, жеке тұлғаларға арналған шегерімдер, зейнетақы төлемдерін салықтан босату енгізіледі. Иә, кәнігі кәсіпкер үшін 2026 жыл – бейімделу кезеңі. Салық жүктемесін қазірден есептеп, режимді дұрыс таңдаңыз, келісімшарттарды қайта қараңыз. Реформа қатаң, бірақ ашық: алдын ала қамданғандар өседі-­өнеді. Ештеңені елемеуге болмайды. Тәуекел жоғары. Әрекет етіңіз!

Әсіресе, инновацияға, экспортқа және жергілікті нарықтарға бағытталған кәсіпкерлер тақырыпты күнбе-күн зерттей түсетіндей. Үкімет тарабы Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар мен 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы сияқты ұлттық сипаттағы жосынды жоспарлар арқылы инвестиция игілігін ынталандырып, бизнесті жүргізуді жеңілдетуге басымдық беруде. Тақырыпты тамыршыдай тап басуға беркініп, әр деңгейдегі әрі дәстүрлі тау-кен өнеркәсібі жаңа өңдеу мен өндіріс жобаларымен ұштасатын орталық облыстағы негізгі үрдістерге зер саламыз.

Бір қызықтысы, дәл осы жылы республика көлемінде экономикалық өсім жеделдейді. Негізгі үлес дәстүрінен еш жаңылмаған мұнай секторына тиесілі. Мұнай өндіру 3,3%-ға артады деп күтілуде. Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету салалары қаз-қатар дамиды. Номиналды ЖІӨ 183,8 трлн теңге деңгейіне шамаланып, 2028 жылға қарай 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Негізгі қисаптық драйверлер – металлургия (3% өсім), құрылыс, көлік, сауда және қойма шаруашылығы.

Өз кезегінде мұндай көрсеткіш көкжиегі кәсіпкер үшін бірнеше маңызды бағытта «қозғалуға» дем-күш береді. Өңдеуші өнеркәсіп: 6,2% өсім. Жаңа зауыттар іске қосылып, қолданыстағылары толық қуатын еншілейді. Үкімет өңдеу саласын дамытуға арналған жол картасын әзірлеуде. Ескере кетсек, былтыр өнеркәсіп өндірісінің индексі 105,9%-ға жеткен. Кәсіпкерлер экспортқа бағытталған өндірістер легіне, бәрінен бұрын металлургия мен химия салаларына инвестиция құя алады.

Инфрақұрылым және құрылысқа келелік. Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар межелі жобаларды едәуір жандандырып, түрлі қызметтер мен материалдарға сұранысты арттырмаса, кемітпесі аян. Бұл логистика мен жеткізу саласындағы шағын және орта бизнес үшін тиімді. Ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларының албарына үңілгенімізде ауылдық жерлерде, әсіресе, әйелдер мен жас кәсіпкерлер үшін жұмыс орындарын құруға басымдық берілетіні қуантады. Үрдіс үзіліссіз жалғаса бермек.

Инвестициялар мен инновациялар. Осыған дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы капитал тартуды жеңілдетіп, экономиканы әртараптандыруды көздейді. Еуразиялық даму банкі мемлекеттік бағдарламалармен қолдау тапқан 5,5% тұрақты өсімге жол сілтейді. Не дегенмен, тәуекелдер де жоқ емес. Кәнігі сарапшылар мұнай бағасының төмендеуі мен шикізаттық емес секторлардағы құрылымдық әлсіздіктерге байланысты өсімнің 4,5%-ға дейін баяулау ықтималдығын да әсте жоққа шығармайды. Сондықтан болар, кәсіпкерлер қауымы жаһандық тауар нарықтарындағы бағаларға тәуелділікті мейлінше ескеріп, тұрақты бизнес-модельдерге басымдық бергені абзал.

Дәстүрлі өндірістік орталық саналатын облыс 2026 жылы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарынан көрінбек ниетте. Өңір 29 жоба арқылы 1,5 трлн теңге инвестиция жұмылдыруды көздеді. Мұның жарымы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Есесіне мыңдаған жұмыс орны ашылып, жергілікті кәсіпкерлік түлей түспек. Көмір мен металл тау-кен нарығы өспесе, кемімесі әмбеге аян. Биыл да ERG компаниясы 20 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен галлий өндірісін іске қосады. Демек, Орталық Қазақстан осы металдың жаһандық нарығына шығады. Өз кезегінде кәсіпкерлер болса, жабдық жеткізу, қалдықтарды өңдеу сияқты қосалқы бизнестерді дамыта алады.

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға арналған ұлттық жол картасы аясында да өңір өмірінде жедел өсім аңдалады. Химия және тамақ өнеркәсібіндегі жаңғырту мен әртараптандыруға бағытталған инвестициялық жобалар стартаптар үшін мүлтіксіз мүмкіндіктер жаратады. Сауданың өсуімен (2026 жылы ұлттық деңгейде 92,4 трлн теңге болжанады) Қарағанды көлік хабы ретінде инфрақұрылымның жақсаруынан ұтады. Нәтижесінде логистика мен e-commerce саласы қанатын кеңірек серпиді.

Биылға батпандай үміт артамыз. 2026 жыл – кәсіпкер үшін тек үр жаңа күнтізбе емес, таңдау жолы болмақ. Бұрнағы сүрлеу-соқпақпен жүру ме, әлде белгісіз белес бедеріне батыл қадам басу ма. Экономика өсіп келеді, цифр сенім ұялатады, жоспар нақты. Бірақ, татымды табыстың мінәйі себебі де, шынайы өлшемі де саңқылдаған статистикада емес, нар шөгерлік тәуекелге бел буған санада жасырынып жатыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button